Бидай нарығы: тығырықтан шығар жол қайсы?
Бидай нарығы: тығырықтан шығар жол қайсы?
© коллаж: Елдар Қаба
894
оқылды
Биыл астықтың шығымы да, сапасы да жақсы. Соңғы дерекке сүйенсек, республика бойынша 15,4 млн гектардан дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл – барлық егістік алқабының 96,3 пайызы. Оның орташа шығымдылығы 13ц/га-дан айналып, жалпы көлемі 20,1 млн тонна астық бастырылған. Енді осы мол өнімді ел игілігіне жарата аламыз ба, әлде әдеттегідей оны сақтауға, өңдеуге және экспорттауға қатысты шалағайлықтарға тағы ұрынамыз ба – бар гәп сонда. Экспорттық әлеуетіміз бірқалыпты Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған бидайдың жалпы көлемінің 85,8 пайызы 1-3 сынып­тарға жатқызылды. Ақтөбе, Қара­ғанды облыстарында және Шым­кентте дәнді дақылдарды жинау толығымен аяқталды.
«Жыл сайын астықты ішкі тұ­тыну көлемі – 6,5-7 млн тонна. Бол­жам бойынша, биыл одан бөлек 7-8 млн тонна бидай артық қалады. Өнімнің осы бөлігін сыртқы на­рыққа жөнелтеміз. Егер кейінгі 5 жылда алатын болсақ, біздің орташа жылдық экспортымыз шамамен 6,9 млн тонна бидай немесе астық эквивалентіндегі ұнды құрайды. Бізде егін жақсы, сондықтан біз орташа жылдық көлемге төтеп бе­реміз және барлық сыртқы нарық­тарымызды сақтаймыз», – деді Қа­рашөкеев ОКҚ брифингінде.
Одан бөлек, Азық-түлік корпо­ра­циясында 362,8 мың тонна көле­мінде резервтік астық қоры қалған. Ол қажет жағдайда ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қа­уіпсіздігін қамтамасыз ету мақса­тында ішкі нарыққа жіберілетін болады. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы биыл бидайды сатып алу бағасын сапасына қарай 121-125 мың теңге мөлшерінде белгіледі. Айта кетейік, 2021 жылы Қазақ­стан экспортқа 7 млн 90 мың тонна астық шығарды. Бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 184 мың тоннаға көп. Дегенмен өсім ресейлік би­дайдың есебінен болуы мүмкін, өйткені ол жақтан келетін импорт екі есеге жуық артқан (961 мың т). Қазақстан бидайы экспортының көшбасында әдеттегідей Өзбекстан тұр – 2 млн 969 мың тонна. Екінші орындағы Тәжікстан 1 млн 5 мың тонна астық сатып алды. Егер ал­дыңғы екі мемлекет алатын астығын айтарлықтай азайтса, үшінші көш­басшы Иран, керісінше, екі еседей ұлғайтып, 867 мың тоннаға жеткіз­г­ен. Ауғанстан 583 мың тонна им­порттады. Кестенің төртінші саты­сынан төмен сырғыған Қытай ка­рантиндік шектеулерге байланысты сатып алу көлемін күрт азайтып, тек 444 мың тоннаға тапсырыс берді (2020 жылы – 758 мың тонна). Пан­демия басталғанға дейін ҚХР біздің елден бидай, арпа, күнбағыс тұқы­мын, зығыр, кебек сатып алатын. Енді Қытай бағытындағы экспорт 90 пайыз құлдырап, бұл нарықтан мән кетті. Жұңғо елі қазір аталған өнімдерді Ресей мен Аустралиядан импорттайтын болды. Сондай-ақ Түркіменстан – 277 мың тонна, Әзербайжан – 89 мың тонна алады. Экспорттың қалған 15 пайызы Түркияға, Еуропалық одақ елдеріне, Грузияға жөнелтілген. Бір қуанарлығы, 2021 жылы алғаш рет 24 мың тонна қазақстандық астық сатып алған Ұлыбритания нарығы ашылды. Жылжымалы құрамдар жетпей жатыр Қазақстан бұған дейін азық-тү­лік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында бидай пен ұн экспор­тына квота енгізген еді. Бірақ ­әлем­дік нарықтағы жағдай тұрақ­тануы­на және өнімнің молдығына бай­ла­нысты Үкімет 14 қыркүйектен бас­тап экспорттық тыйымды алып тас­тады. Енді диқандар өз өнім­дерін шетелге шектеусіз сата бе­ретін болды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бұл –әри­не, қуа­нарлық жағдай. Алайда қазақстан­дық трейдерлер вагон тап­шылығына тап болды. Бұл ас­тықты уақытылы экспорттауға ке­дергі келтіреді және ішкі нарықта азық-түлік бағасының қымбат­та­уына әкеліп соқтырады. Одан бі­рінші кезекте қарапайым фер­мер­лер зардап шегеді. KazGrain ұлттық экспорттау­шылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлібек Атайдың ай­туынша, «ҚТЖ» ҰК» АҚ 27-30 қыр­күйек аралығында тіркеу станция­сына қайтып келетін вагондардан басқа, барлық меншіктегі және жал­ға алынған бос вагондарды жө­нелтуге конвенциялық тыйым сал­ды. Соның салдарынан трейдер­лер­дің тауар тасымалдауға қажет жыл­жымалы құрамға қолы жетпей отыр. Яғни, бидай мен ұнды шетке шы­ғаруға шектеу алынып тасталғаны­мен, оны экспорттайтын вагон же­тіс­пейді. Қазақстандағы астық та­сымалдаушы негізгі оператор ­«Ас­тық Транс» АҚ астық жөнел­тілімі қарқынының төмендігінен бір­қа­тар станцияда тиеуді мүлдем тоқтатқан.
«Биыл бидай бітік шықты, оны енді қайда сақтаймыз? Астық қыр­манда ұзақ жатып қалса, құны және сапасы төмендейді. Далада жатса, оны қырманға, элеваторға жеткізу керек. Бір сөзбен айтқанда, бізде тауар бар, тұтынушыларымыз бар, бірақ жөнелтуге мүмкіндігіміз жоқ», – дейді Әлібек Атай.
ҚТЖ бұл шешімін РФ-мен шекаралас станцияларда вагон­дардың көптеп жиналып қалуымен түсіндіреді. Бірақ Ресей мен Қазақ­станның астық экспорты нарығы бөлек. РФ бидай мен ұнды Қара теңіз маңайындағы нарықтар мен шалғай нарық алаңдарына өткізсе, Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға, Қытайға сатады. Бізге басқа емес, нақ осы ба­ғыт­тарда ас­тық тасығыштар жетіс­пейді. Демек, Ресей бізге бұл тұста бәсеке емес. Трейдерлер бұдан басқа да қиын­дықтарға тап болғанын айта­ды: «ҚТЖ-ЖТ» АҚ Қытайға астық тиеу жоспарын жария етпеген, ал басқа бағыттарға жөнелту кезінде фитосанитариялық сертификатқа және кедендік декларацияға қо­сымша СТ-1 тауардың шығу серти­фикатын талап етеді. KazGrain экс­порттаушылар қауымдастығы бұл талапты заңсыз деп санайды, осыған байланысты Қазақстанның Бас көлік прокуратурасына жүк жөнелтушілерден СТ-1 сертифи­катын талап етуге тыйым салу тура­лы арыз жолдаған. Сондай-ақ Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабановтың айтуынша, биыл соғыс кесірінен және батыстық санкцияларға бай­ланысты Қара теңіздегі порттары арқылы өтетін астық тасымалы да дағдарған.
«Қазақстан Қара теңіздегі күр­делі жағдайға байланысты экспорт­ты Ресейді айналып өтетін Транс­каспий бағдары бойынша Грузия порттары арқылы өткізбек болды. Дегенмен одан да бәлендей ештеңе шыға қоймады. Біріншіден, Қазақ­стан, Грузия порттарының өткізу қабілетті төмен, екіншіден, жол шы­ғыны қымбат. Мәселен, жүкті Гру­зия теңіз порттарына дейін жет­кізу құнының әр тоннасы 100 дол­лардан айналады. Ал дәстүрлі мар­шруттарда бұл 70 долларға тең. Яғни, өнімнің әр тоннасының өзін­дік құны бірден 30 долларға қым­баттап шыға келеді. Әрі ол дә­ліздің өткізгіштік қуатының тө­мен­дігінен тауар ұзақ тұрып қалады. Сондай-ақ порт инфрақұрылымы экспорт көлемін арттыруға мүм­кіндік бермейді. Бұл қазақстан­дық астықтың әлемдік жаңа на­рықтар­ға шығуына тосқауыл болып отыр», – деді ол.
Ресей импортының әлегі көп Россельхознадзордың мәлімде­уінше, былтыр ЕАЭО елдеріне 1,5 млн тонна заңсыз астық тасымал­да­ған. Бұл өнімнің негізгі бөлігі біз­ге келген. Жалпы, 2019-2021 мар­ке­тингтік жылдар аралығында Қазақ­стан Ресейден 145 миллиард теңгеге 2,7 млн тонна бидай сатып алыпты. Мемлекеттік кірістер комите­тінің дерегінше, ресейлік астықтың көлеңкелі импорты кесірінен қа­зақстандық кәсіпкерлер жылына 400 млн доллар шығын шегеді екен. Ал бюджет қаншама салықтық тү­сімнен қағылады. Контрабанда­шылар ҚҚС төлемей шекарадан өткізген астықты Қазақстанда тіркеп, әрі қарай Өзбекстанға, Тә­жікстанға экспорттайды.
«Ресейден импортталатын би­дай көбіне әртүрлі күмәнді тәсілдер арқылы өтеді. Өйткені терістіктегі көршіде бидай бағасы әлдеқайда арзан. Сол себепті біздің экспорт­таушылар астықты іргелес елден сатып алуға әуестенген. Мұның жолын кесу үшін мемкірістер ор­ганы «Атамекен» палатасымен бір­лесіп, қосылған құн салығын оңай­латылған түрде қайтарудың пи­лоттық жобасын іске қосты. Осы жобаға қатысу туралы меморандум бекітетін экспорттаушыларға ҚҚС тексерусіз және айыппұл санкция­ларынсыз қайтарылатын болады», – дейді Мемлекеттік кірістер ко­митеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов.
Ресей биыл да мол өнім күтіп отыр. Онда бидай бағасы – тонна­сы­на 10 мың рубль. Бұл біздің ақша­ға шаққанда – 76 мың теңге. Қазақ­станда 3-сұрыпты бидайдың бағасы бұдан екі есе жоғары, тоннасы –125 мың теңге. Себебі ресейлік астыққа экспорт кезінде тоннасына 38 мың теңге мөлшерінде баж салынады. Бұл олардың ішкі нарығын қор­ғай­ды. Ал қазақстандық бидай экс­портқа баж салығынсыз кетеді. Алай­­д­а экспорттаушы кәсіпорын азық-түлік корпорациясына шет­елге жөнелтілетін астықтың 10 па­йызын 116 мың теңгеден сатуы тиіс. Ресейдің астық экспортын шек­теу туралы мәселе қаралған Еура­зиялық комиссия отырысында ЕАЭО-ның барлық аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспор­тын реттеудің бірыңғай тетігі – экс­порттық баж салығы немесе квота­ны енгізу мәселесі көтерілген-ді. Өйткені баж салығын отандық ас­тық өсірушілерді қолдау үшін қол­данатын кез келді. Мұндай шараны трейдерлер де қолдайды. Қазақстан астығын экспорттау үшін өткен жыл оңай болған жоқ. Биылғы тәуекелде жо­ғары. Ал алдағы уақытта оның жағ­да­йы қандай болатыны Үкімет қа­былдаған шешімдерге тікелей бай­ланысты.