Талғамды ақшаға сатып алмайсыз – Бұлбұл Қалқанбаева
Талғамды ақшаға сатып алмайсыз – Бұлбұл Қалқанбаева
1,034
оқылды
Ол сән әлеміне ішкі қалауымен келген. Содан ба, ерекшелікке, актуал дүниеге құмар. Әрі жанындағыларды әдемілікке үйір еткісі келеді. Мұны Бұлбұл Қалқанбаеваның энергиясынан бірден байқайсыз. Өйткені оған отыздан асқасын да мамандық ауыстыру қиынға соққан жоқ. Қазір қыз-келіншектерге талғам қалыптастыруға көмектесіп, стилист маман дайындап жүр. – Бұлбұл ханым, сән әлеміне қалай келдіңіз? Қателеспесем, мамандығыңыз – филолог. Әлде қосымша білім алдыңыз ба? – Балалық шағым экономи­калық тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келді. Тәуелсіздік алған кезде небір күндер бастан өтті. Сондықтан бір­неше көйлек кию, ерекше дүние жасау деген болмады. Әдетте сти­листердің өмір тарихын оқысаңыз, «бала кезінде көйлекті түрлендіре алғанын» көресіз. Десе де, әдемі­лікке құмар болып өстім. Өйткені анамыз сұлулыққа құмар еді. Ау­ланы гүлге көмкеріп, дүниені үйлес­тіруге көз үйренді. Қашанда таза, әдемі киінуге бейімдеді. Қара­жа­тымыз аз болса да, қолда бармен жинақы жүруге тырысатынбыз. Иә, қазақ тілі мен әдебиеті ма­мандығын бітіргенім рас. Бірақ бұрыннан сән әлеміне әуес едім. Содан декреттік демалыста жүр­генімде бір ой маза бермеді. Құдды өмір көшінен қалғандай, бір нәр­сенің орны толмай тұрғандай күй кештім. Осылайша, ішкі қалауым есіме түсіп, зерттей бастадым. Ар­тынша украин стилисі Маргарита Мурадованың «персонал стилист» курсын сатып алдым. Жалпы, сти­листер персонал және фэшн сти­лист болып екіге бөлінеді. Ал Мар­гарита Мурадова екі саланы да қатар алып жүрген білікті стилист. Аталған сабақты оқи келе, бала күнгі ар­маным еске түсіп, өмірді шексіз сүйетінімді түсіндім. Осыдан кейін білім алуды тоқтатпадым. Петер­бордағы стилист Ольга Словодан, мәскеулік стилист Александр Клей­меновтан, қазақ қызы Дана Қаражігітовадан тәлім алдым. Әлі де үйренерім көп. Дегенмен осы білімімді ықшамдап, біздің мен­талитетке бейімдеп ұсынып жүрмін. Өйткені қазақы аудиторияға әлем­дік сәнді тура сол күйінде ұсына алмайтынымыз бар. – «Әкімдіктен Алматыға» дейін­гі жолды қалай жүріп өткеніңіз қы­зық. Мұндай ойдың тууына не түрткі болды? – Өскемен қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде бірнеше жыл жұмыс істедім. Лауазымым бірнеше рет көтерілді. Бірақ ішімнен өзімнің кеңсе жұмысына емес, шығар­ма­шылық ортаға бейім екенімді сез­дім. Әкімдіктегі жұмысыма келсек, бұл тәжірибемдегі үлкен мектеп іс­петті. Ережеге, адамдармен қа­рым-қатынас құруға, өзің байқай бермейтін қабілетті шыңдауға үй­ретті. Күш-жігерімді шыңдау мен жылдамдыққа жұмыс істеуді де сонда үйрендім. Дегенмен арнайы кесте мен кеңсе жұмысы қыса бас­тады. Сән әлеміне, киім үйлестіруге құштарлығым арта түсті. Содан дек­реттік демалыс кезінде курс оқы­дым, артынша Қазцинк компа­ниясына жұмысқа тұрдым. Ақы­рындап Өскеменде сән туралы ақпарат таратып, әйелдерге талғам­мен киінуді үйрете бастадым. Алай­да білесіз, Өскемен – кішкентай қала. Дүкен де, сән жайында білгісі келетін адам да аз. Алматыға қоныс аударуға шешім қабылдап, жақын­дарыма айтқанымда қатты таңыр­қады. Өйткені жоғарыдағы компа­нияда жұмыс істеу кез келгенге бұ­йыра бермейтін. Ал маған сән қа­заны қайнап жатқан Алматыға бару керек-ті. Жолдасым екеуміз бұ­рыннан үлкен қалаға көшуді ойлап жүрдік. Таңдауымыз Астанаға түсіп, үй сатып алғанбыз. Алайда таңдауды сән индустриясы дамыған Алматыға ауыстырдық. Себебі мықты сти­листермен қоян-қолтық араласып, республикалық жобаларға қатыс­қым келді. Әрі қалаған киімді оңай іздеп таба алатының тағы бар. Иә, арман қалаға қоныс аударуым ка­рантинмен тұспа-тұс келді. Мен­ің­ше, карантин көп адамның көзін ашқан сияқты. Байқағанымдай, біразы бизнес бағытын өзгертіп, өзін іштей тани түсті. Сондай-ақ карантин маған да ішкі дауысымды тыңдап, барынша жұмыс істеуіме көмек берді. Айтарым, «жұмысыңды тастап, Алматыға көш» деген пафос ұран емес. Біріншіден, «соқыр тә­уекелді» ешқашан құптамаймын. Ал алды-артын ойлап, тәуекелге бару – батылдың ісі. Сондықтан сүйікті ісіңізге тәуліктен 25 сағат уақыт таба алсаңыз, сізге табыс әкелетініне сенемін. Сүйіп істейтін жұмыс қа­нат­тантырады, көзіңіз жанып, шар­шауды ұмытып кетесіз. – Өзіңіз айтпақшы, қазақтілді аудитория сән туралы контентке шөліркеп отыр. Осының орнын қалай толтырып жүрсіз? – Сенесіз бе, декреттік демалыс кезінде Google-дан «Как быть стильной?» деп іздегенімде ақпарат өте аз еді. Сол үшін бірнеше мил­лион салып жүріп, ресейлік сти­листерден оқып-үйрендім. Оқы­ғанымды қазақ аудиториясына бе­йімдедім. Расымен де, қазақтілді аудитория ақпаратқа шөліркеп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Instagram-да блог жүргізе бастадым. Оның үстіне, біз өте тәрбиелі ха­лықпыз. Мәселен, үлкеннің алдын­да қымсынбай жүру, баланың ал­дында беделімізге нұқсан келмеу керегі бар. Осының бәрін ескере отыра, әдемілікке ұмтылу керек. Мы­салы, әлемдік сән ұсынатын ашық-шашық, жырық киімдер біз­дегі менталитетке келмейді. Осыны біртіндеп ұсынғанымда, аудитория бірден лап қойды. Менталитеттің көлеңке тұсы, «сен кімсің, бізге көй­лек киюді, өмір сүруді үйретесің бе?», «күйеуге тидік, бала таптық, бізге сән не керек?» дейтіндер де табылды. Сондықтан бастапқыда өте қиынға соқты. Бертін келе аудиторияның 80-90%-ына сән әлемі туралы сіңірдік. Бір жағынан бұл менің ғана емес, әлеуметтік же­лінің құдіреті. Қазіргі қазақ әйелі жан-жақты ақпарат алуға құмар. Осыған орай, жеткізгім келген дү­ниені теледидардағы бағдарлама, желідегі блог түрінде айтып жүрмін. Одан бөлек, «Қалай, қайтіп, немен кию жайлы» дейтін марафоным бар. Қосымша қазақтілді стилист да­йын­дауды қолға алдым. Кейінгі же­ті-сегіз ай ішінде бес қызды үй­реттім. Қуантарлығы, қазақтілді стилистер қатары күн сайын толы­ғып жатыр. – Гардероб мәселесіне ойыссақ, қазақтың қыз-келіншектері жібере­тін қателік пен артықшылықты тіз­сеңіз. «Гардеробта осы бес зат болса, ұтылмайсыз» деп нені атар едіңіз? – Қыз-келіншектердің кем­ші­лігі, жыл он екі ай киюге ыңғайлы қара шалбар іздейді. Мұндай шалбар денедегі артық-кем тұсты жасырады деп ойлайды. Оған қоса, неғұрлым шалбар тыртысып тұрса, жинақтап тұрады дейтін түсінік бар. Керісінше, мұндай түстегі шал­бар­мен артық массаны көрсетіп алып жатамыз. Ал кейде пошымы дұрыс таңдалған ақ шалбармен дене біті­мін коррекциялауға болады. Сон­дай-ақ қыз-келіншектер персонал стилистпен жұмыс істеуге әлі дайын емес. Олар «стилистке ақша төле­генше, өзім киінбеймін бе?» деп ойлайды. Мысалы, маманмен қате­леспей, талғаммен алынған киім бес-алты жыл актуалды болатынын, басқа киімдермен үйлестіру құн­дылығын түсінбейді. Дегенмен ара­сында бір оқпен бірнеше қоян ататын қыздар бар. Оған қоса, киім пошымының актуал, актуал емес екеніне көз жеткізбейді. Себебі по­шымы дұрыс таңдалған киім бә­рімен үйлесетінін білмейді. Одан кейін қазақ аудиториясында «қым­бат киім алсам, әдемі киінемін» дейтін қате түсінік бар. Жоқ, қара­саңыз, Dior, Prada сияқты брендке малынғанымен, талғамы жоғы кө­рі­нетін қаншама қыз-келіншек бар. Есіңізде болсын, талғамды ақшаға сатып алмайсыз. Базардан да тал­ғаммен киінуге болады. Артықшы­лық, қыз-келіншектер өздерін жақ­сы көреді. Актуал болсын-бол­масын киім сатып алуға қаражаты жетеді. Кей тұста қателескенімен, өзіне ақша жұмсай алады. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана бала мен күйеуді алға қойып, өзін кейінге қалдыратындар көп еді. Қазір ке­рісінше, өзін күтетін қыз-келін­шек­тер көп. Бұлбұл Ал «базалық гардероб» түсінігі әркімде әртүрлі құрылады. Мысалы, мұғалімнің базалық гардеробында сапалы костюм-шалбар, белдемше ілініп тұрса игі. Формула бойынша осы екеуіне төрт-бес үстіңгі киімді үйлестіресіз. Мысалы, жакет, кар­диган, жейде мен блузканы айтуға болады. Ал декретте отырған ана­ның базалық гардеробы спорт киімі, белдемше, жеңіл жейдеден тұруы мүмкін. Сондықтан белгілі бір ере­же жоқ. Десе де, әр әйелдің сөресінен ақ жейде, тренч, дене типіне сай шалбар, аяқкиім мен қымбат сөмке табылғаны дұрыс. – Көбіне, ақкиім мен сырт киім таңдауда қателесіп жатамыз. Осын­дайда түртіп алып, есте сақ­тайтын дүние бар ма? – Иә, аяқкиім мен сырт киімге қатысты ереже бар. Бірақ стилистер адамдарды ережемен байламау керек деп жатады. Айталық, көбі ұзындыққа мән беруді білмейді. Мысалы, спорт стиліндегі күртеше сатып алады да, соны көйлектің сыр­тынан іледі. Оған қоса сырт киім­нің ұзақ қызмет еткенін қа­лайды. Осындайда тобыққа дейінгі және бөксені жартылай жабатын ұзындыққа тоқталу керек. Мұны сіз шалбармен де, белдемшемен де киесіз. Аталған екінші ұзындықты спорт киіммен де, классикалық шал­бармен де үйлестіресіз. Ал аяқ­киімге келсек, үлгісі актуал аяқкиім­дерді жаттап алу керек. Мәселен, қонышы жиырылатын ұзын етік, лофер, челси, баулы бәтеңке бір­неше жылға дейін актуал. Ал біздің қыздар артық темір, жапсырмасы бар ақкиім сатып алуға құмар. Не­ғұрлым деталсіз, қарапайым ақкиім қымбат көрінеді әрі ұзақ жыл қыз­мет етеді. – Жақында жоғары сән мен стиль үйлесім тапқан киім-кешектер шығаруды қолға алдыңыз. Сонда жоғары сән дегеніміз не? – Жалпы, қазақ аудиториясы сән ұғымымен кеш танысқасын, жоғары сән – таңсық ұғым. Бізде сәнді және сәнді емес деген түсінік бар. Мысалы, елдің бәрі белгілі бір киімді сатып алады, содан көпші­лікте «осы сәнді» деген түсінік пай­да болады. Бір қызығы, сәнді деп алған дүниеңізді келер жылы кигіңіз келмейді. Шын мәнінде, бізге кел­ген сәнді көйлек пен шалбардың тарихы арыда жатыр. Бұл қалай? Сән мен тренд қайдан шығады? Мә­селен, люкс брендтерге қарап бой түзейтініміз рас. Негізі, трендтің тарихы бұдан да терең. Яғни, ар­найы трендбук, трендсеттер дайын­далады. Осының бәрін біз жоғары сәннен көреміз. Ол дегеніңіз – Dior, Prada, Balenciaga, Jacquemus Chanel, Verou және тағы басқалары. Бірақ мұның мәні де тереңде жатыр. Олар арнайы трендсеттер арқылы халық арасында киім моделін сынақтан өткізеді. Мысалы, жыл түстері Pantone институты арқылы ұсынылады. Осылайша, жоғарыдағы процеске бір-екі жыл уақыт кетеді. Кейін жоғары сән мұны бізге көрсетеді. Мысалы, Милан, Парижде өтетін сән көрсетілімінде тренд жарты жыл бұрын таныстырылады. Ай­талық осы күздегі таныстырылымда көктемде не киетініміз көрсетіліп жатыр. Соған қарап-ақ түсінік пайда болады. Мәселен, 2022 жыл­дың көктемінде күзде эко-былғары тренч, бомбер және тағы басқасы сәнде болатынын білдік. Яғни, жо­ғары сәнде киінуді ұйымдастыруға жарты жыл уақытымыз бар. Әдетте жоғары сән шығарған киімді сти­листер киіп жүреді де, бұл халыққа тұрпайы көрінеді. Алғашында қа­былдамағанымен, кейіннен Қытай люкс брендтерді көшіріп шығара бастайды. Содан кейін ғана бой үй­реніседі. Айналаңызға қа­раңызшы, қазір басы төртбұрыш аяқкиім екінің бірінде бар. Мұны жоғары сән бірнеше жыл бұрын ұсынған. Басында жұрт қабылдамағанымен, Қытай нарығы мен масс маркет көп­теп шығарғасын сатып ала бас­тады. Ал өзім пошымы актуал киім шығаруды қолға алдым. Жоғары сәнде көрсетілген детальдарды не­гізге алып, көйлек эскизіне қостым. Байқасаңыз, қыз-келіншектер ак­туал емес, бірақ сапасы жақсы киім­дерді шетелден алдырады. Сол үшін қолжетімді бағада сапалы әрі актуал киім брендін шығаруға ден қойдым. Екінші артықшылығы, тігін жұмы­сына тек табиғи материалды қол­данамыз. Жұмысқа, балаға, басқа­сына уақыт тауып жүрген келін­шек­ке таптырмайтын нұсқа. Құрамы таза мата ешқашан терлетпейді. Сондықтан матаның түріне емес, құрамына мән беру керек. Үшін­шіден, Bul_Bulbul брендінің киімі денедегі артық-кем тұсты жасырып тұрады. – Байқасаңыз, сән жылдар өте айналып келіп жатыр. Жалпы, сән жүз жыл бұрын қалыптасып, орнық­қан ба? – Жалпы, сән 1910-1920 жылдар­дан басталады. Еске түсіріп көре­лікші, 20-жылдардағы гэтсби стилі; 30-жылдардағы ақ жағалы көйлек, жүн жаға мен қалпақ; 40- жылдардағы төртбұрыш иық пен тікпішімді белдемше; 50- жылдардағы нью лук стилі; 60- жылдары А силуэтті көй­лек, қысқа белдемше мен түрлі түсті колготка; 70-жылдары кантри стилі; 80- жылдары смокинг шыға бастады; 90-жылдары спорт киімі мен джинса шалбар, 2000 жылдары ішті көрсетіп тұратын топ пен мықыны төмен шал­бар. Қарап отырсақ, қоғамдағы жаңалық сәнмен тікелей байла­ныс­ты. Байқасаңыз, карантин кезінде халық спорт киімін киіп кетті. Өйт­кені қажеті осы еді. Сондықтан үйге киюге ыңғайлы спорт киімі көбейді. Яғни, сән бейімделеді. Қазір агрес­сияны, ішкі қарсылықты көрсететін образ сәнде. Талдап айтсақ, ішкі ойы мен еркіндігі үйлесім тапқан киім трендке шықты. Сол үшін бел­гілі бір жылмен шектелмей, 70- жылдың да, 90-жылдың да образын үйлестіруге тырысамыз. Айналып келе беретіндей көрінетіні содан. Десе де, оған белгілі бір элементтер қосылатыны бар. Мысалы, Yves Saint Laurent бренді 80-жылдардағы кең иықты негізге алып, сондай тренч шығарды. Көрсеткендей, бұ­рынғы трендті өз заманымызға қарай бейімдеу бар. Айта кетерлігі, стиль жылдар бойы қалыптасады. Ал тренд келімді-кетімді дүние. Сон­дықтан адам өз қалағанын үй­лестіріп кигені жөн. Дегенмен ак­туал дүниені шетке ысырмай, ди­зайнерді бақылаған да дұрыс. Үнемі талғам «бұлшықетін» жаттықтырған абзал. Сонда ештеңеден шет қал­мауды үйренесіз. Жаңалықты үзбей қарағандай, «алда сәнде не болады?» дейтін ақпаратқа үңілуді әдетке айналдырыңыз. – Жазбаларыңызда «сән бізді ахромат түстерге әкеле жатыр» деген екенсіз. Бұл қандай сән? – Бұл да жоғары сән айнала­сындағы әңгіме. Ахромат түстер – ақ, сұр, қара. Мұндай тұжырымға келуге жоғары сән нұсқаған ақпарат себеп. Күнделікті люкс брендтер жайында жаңалық оқу әдетіме айналып кеткен. Байқауымша, олар жарқын түске емес, ақшыл, ахромат түске акцент қойған. Қазір сән көрсетілімдерінде де осы түстерге басымдық берген. Демек, жарты жыл мен екі жыл көлемінде біз де осыған келеміз. Сәйкесінше, сіз де гардеробқа аталған түстерді енгіз­сеңіз, өкінбейсіз. Жоғары сән ұсын­ған түстер алдағы бес-алты жылда сәннен түспейді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ