Сумен жабдықтау желілері жаңалануда
Сумен жабдықтау желілері жаңалануда
328
оқылды
Елорда іргесіндегі елді мекендердің ажары ай сайын айшық­талып, келбеті күннен-күнге көркейіп келеді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтқан шаһар басшысы Алтай Көлгінов электр, су, кәріз, нөсер, жылыту, әлеуметтік нысандардың құрылысы секілді жүйелі мәселелер алдыңғы кезекте атқарылып жатқанын алға тартты. Бүгінде қаланың 16 елді мекенінде шамамен 345 мың адам тұрады. Яғни, бұл Астананың әрбір 4-ші тұрғыны. Сондықтан әкімдік бірінші кезекте тұр­ғындарға қолайлы жағдай қалып­тастыратын абаттандыру мәселелерін алдыңғы кезекте шешуді көздеп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді қарқынды түр­де дамыту көзделеді. Мысалы, бүгіннің өзінде тұрғын алаптарды 42 км сумен, 17 км нөсер, 11 км кәріз, 3,2 км астам электр және 680 км газбен жабдықтау желілері салынған. Нақтырақ айтсақ, елді мекендерде 4 білім беру нысаны, 2 спорт кешені, 300 аула мен қоғамдық кеңістік және ұзындығы 117 км-ден асатын 250 көше жөндеуден өтсе, 3,7 мың жарықтандыру тірегі орнатылыпты.
«Бұл жай ғана сандар емес, бұл елді мекендерде тыныс-тіршілікті жақсар­туға мүмкіндік берген үлкен жүйелі жұ­мыстардың нәтижесі. Бірақ, әрине, бұл да жеткіліксіз. Елді мекендерді да­мы­ту бойынша жұмыстарды әлі де жал­­ғас­тырудамыз. Кездесулердің бі­рін­де «Үркер» елді мекенінің тұр­ғын­дары «сол жағалаудың жарығына там­санамыз» деген болатын. Біздің мақ­сатымыз – шет аймақтарды өмір сүруге қолайлы ету. Бұл бағыттағы жұмыста­ры­мызды да жүр­гізудеміз», – дейді елорда әкімі.
Сондай-ақ «Ағаш отырғызу учас­кесі» елді мекенінде 400-ден астам адам тұрады. Қала әкімімен кездесуде осы жердің тұрғындары су мәселесін қозғаған екен. Өйткені бұл елді мекен қолданысқа берілгелі тұрғындарға орталықтандырылған су құбыры тар­тылмаған. Соның салдарынан тұр­ғын­дар суды тасып ішуге мәжбүр болып келді. Бұл көптеген қолайсыздықтарды тудыратыны айтпаса да түсінікті. Тұр­ғындардың уәжінен кейін мәселені шешу үшін жоба жасалып, бүгінде ор­талық су құбыры мен кәріз желіле­рінің құрылысы басталыпты. Ал келер жыл­дан бастап бұл елді мекенді газ­дандыру бойынша жоба дайындалмақ. Сондай-ақ шаһар басшысы Алтай Көл­гіновтің сөзінше, демографиялық өсімге сәйкес әлеуметтік нысандардың бірі – бала­бақша салу алдағы күннің жоспарына енгізіледі. Бұл ғана емес, кездесу ба­рысында жұрттың айтары тыңдалып, өзекті мәселелерді қарас­тыру қолға алынатыны да айтылмай қалмады.