Ақмола облысында 100-ге жуық көлік қар құрсауында қалып қойды
Ақмола облысында 100-ге жуық көлік қар құрсауында қалып қойды
© 24.kz
216
оқылды
Ақмола облысында 14 бағытта жол жабық. Құтқарушыларда күні-түні тыным жоқ, - деп хабарлайды «Хабар 24». Аймақта қазір тек «Көкшетау-Зеренді», «Көкшетау-Щучинск», «Көкшетау-Петропавл» және «Көкшетау-Омбы» секілді қысқа қашықтықтағы жолдар ғана ашық. Дәл осындай құтқару жұмыстары түні бойы облыстың барлық аудандарында жүргізілген. Мәселен, кеше түнгі 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейін аймақта қар құрсауында қалған 36 көлік құтқарылып, 40 шақты адам қауіпсіз жерге көшірілген. Абырой болғанда, барлығы дін аман.Ал, бүгін кешке дейін жолда қалып қойған 100-ден астам жолаушыға құтқарушылар тиісті көмек көрсеткен. Аман-есен құтқарылғандардың құзырлы органдарға алғысы шексіз. Бірақ өңірде көптеген республикалық және облыстық маңыздағы трассалар жабық болғандықтан, бүгін жолдарда осындай кептелістер пайда болған. Құзырлы органдар берген мәліметке сүйенсек, облыс жолдарында қазір осындай 100-ге жуық көлік тұр. Ал, 60 шақты автокөлікті қар құрсауынан шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. - Облыс бойынша 68 жерден блок бекет қойылған. Олар ауа райына байланысты көлік қозғалысын қадағалайды. Дабылды ескерту жарияланса, жолды жабады. Күн ашылып, жағдай дұрысталса, көліктерді жібереді. Қазір ашық тұрған 5-6 жолға да сенім жоқ. Себебі, кез келген уақытта күн райы құбылып, олар да қайта жабылып қалуы мүмкін. Сондықтан облыс тұрғындары мен қонақтарынан жолға шықпауларын сұраймыз. Боранға байланысты облыс орталығында кешелі бері жедел штаб та күндіз-түні жұмыс істеп тұр. Мұнда аудан, ауылдардан келген ақпараттар өңделіп, халықтың сұранысына сай әрекет ету үшін шұғыл шешімдер қабылданады. Осы тұста мамандар, жолда қалып қойғандар бар болса, 112 қызметіне емес, 1403 нөміріне немесе «Дәрмен» арнайы қосымшасы арқылы хабарласуды сұрап отыр. Себебі, 112-дегі операторлар барлық қоңырауларға жауап беріп үлгермей жатқан көрінеді, - дейді облыстық ТЖД басқарма басшысы Денис Шелкоплясов. - Жалпы облыста осындай боран болатыны жайлы «Қазгидромет» мамандары тұрғындарға 17 ақпан күні хабарлаған болатын. Ол кезде 18-і және 19-ы күндері қатты жел болатыны, тіпті желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жететіні айтылған еді. Ал, бүгін ауа райын болжаушылар бұл боранның ертең де жалғасатынын жеткізді. Сондықтан мамандар осы күндері аса сақ болуға шақырады, - деді тілші Дамир Берікұлы.