Қалауын тапсаң, кәсіп көп
Қалауын тапсаң, кәсіп көп
487
оқылды
Жергілікті атқарушы мем­лекеттік органдар жұ­мыс­­сыз­дықты азайту және тұр­ғын­дар­ды жұмыс­пен қамту мақса­тын­да бар­лық мүмкін­дікті қарас­ты­рып жатыр. Соның бірі елор­­да халқы үшін тұрақты түр­де ұйымдас­ты­рылатын жәр­мең­ке. Апта ба­сында қала әкімдігі «Жастар» са­райында жұмыс­сыздарға арналған жалпы қалалық бос орындар жәр­меңкесін өткізді. Шараға қа­тысуға ниет білдір­ген­дердің қа­расы көп болды. Осы жолы да жәрмеңкеге 50-ден ас­там жұмыс беруші қатысты. Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыс беруші мен іздеуші арасында тіке­лей байланыс орнатып, жұмыс­сыздар санын азайтуға бағытталып отыр. Өйткені Мемлекет басшы­сының өзі де халықты жұмыспен қамту мен тұрақты табысын сақтау абсолютті басымдық болуы керегін тұрақты айтып келеді. Жұмыс іздеп келушілер өздері қалаған саладағы бос жұмыс орын­дарын зерделеуге мүмкіндік алға­нын айтады. Қаланың әр бұрышына аяқтан сандалмай бірнеше жұмыс берушімен бір жерде тікелей сөй­лесуге мүмкіндік алғандарына дән риза. Мысалы, елорда тұрғыны Азат (аты өзгертіп берілді) жәрмеңке туралы әлеуметтік желіден естіп-білген. Жұмыс іздеп жүрген ол үшін мұндай шара «іздегенге сұраған» болғанын айтады. «Жарнамасын Instagram-нан көріп қалдым. Көп­тен бері өзіме ыңғайлы, айлығы жақсы, тұрақты жұмыс іздеп жүрген едім. Бүгін өзімнің көңілімнен шығатын бірқатар бос жұмыс ор­нына анкета толтырып қалдырдым. Жұмыс үйіме жақын болса, тіпті жақсы болады. Ондай мүмкіндіктер де бар екен. Сондай 3-4 жұмыс орын­дарының байланыс нөмірлерін алдым. Ертең хабарласып, сынақ мерзімінен өтсем, ары қарай жұмыс берушілерге де, өзіме де ұнап жатса, тұрақты жұмысқа кіремін деген ойдамын. Сынақ мерзімі де ұзақ емес. Үш күн істеген соң қабілетіңе қарай қабылдайды екен. Жалақысы да көңілімнен шықты. Айтпақшы, қалада Жұмыспен қамту орталығы барын білмеппін. Бүгін ол туралы да ақпарат алдым. Жұмыссыз жүр­ген өзім секілді адамдарға айта жү­ретін болдым», – деп ағынан жа­рылды Азат. Сондай-ақ белгілі бір маманды­ғы бола тұра екі қолға бір күрек таппай жүрген Әлия Әскербек­қы­зының мамандығы мұғалім. Жәр­меңкеге сіңлісімен бірге келген ол қаладағы білім беру орталығы ұсынған жұмыстарды қарастыра­тынын айтты. Ал сіңлісі колледжде білім алатын болғандықтан, оқуына кедергісін келтірмейтін бос жұмыс орнын қарастырып жүрген көрінеді. Оның айтуынша, осыған дейін өткізілген жәрмеңке арқылы жұ­мысқа да тұрыпты. Бірақ қонысын ауыстырған соң жаяу барып келетін жаңа жұмыс орнын қарастырып жүр екен. «Бұған дейін жазғы демалыста «Фолиант» баспа үйіне ораушы болып жұмысқа кірдім. Айлығым да өзіме ұнайтын. Алайда жаңа қоныс алған соң ол жұмысқа барып-келу қиындады, мүмкіндік болса үйіме жақын жерден жұмыс қарас­тырып жүрмін. Бүгін де жақсы ұсы­ныстар айтылды. Алдағы уақытта 1-2-не хабарласып, сұхбаттасуға баруды ойлап тұрмын», – дейді Әлияның сіңлісі. Жәрмеңкені ұйымдастырушы­лардың айтуынша, жұмыс беру­шілер тарапынан ұсынылып жатқан лауазымдар да әртүрлі. Бірқатар сала бойынша әртүрлі айлық көлемі де белгіленген. Жұмыс уақыты да ке­­лушілердің көңілінен шығатын­дай бірнеше нұсқа ұсынылыпты. Мы­салы, кейбір жұмыс берушілер қыз­меткерлерге арналған тасымал­дау қызметі тегін екенін, кейбір же­ке­меншік компаниялар жұмыс­шы­­лардың түскі асын өз қалтасынан төлейтінін айтады. Одан бөлек, қабілет-қарымына байланысты қызметтік өсуге де мүмкіндіктер қарастырылып, жалақы мөлшері жұмысшылардың тәжірибесіне қарай арта береді. Сондай-ақ жұмыс берушілердің дені жоғары білімді ғана талап етпейді. Орта білім ал­ғандарға да әртүрлі жұмыс ұсынып отырғандар көп. Мәселен, «Қаз­пош­та» акционерлік қоғамының Астана бөлімшесінің меңгерушісі Айнаш Жеңісқызы байланыс опе­раторы, жүргізушілер, пошташы, сұрыптаушылыққа орта білімнің өзі жеткілікті екенін жеткізді. «Бос жұ­мыс орындары туралы сұрап жат­қандар көп. Бұған дейінгі жәр­мең­кеден кейін келіп байланыс опе­раторлығына, жүргізушілікке келіп орналасып жатқандар бар. Бірақ алдыңғы жәрмеңкелерден қара­ғанда бұл жолы адам аз. Соның өзінде осы екі сағаттың ішінде бірнеше қала тұрғыны байланыс нөмірлерін қалдырып кетті. Біздегі жалақы мөлшері жаман емес. Бай­ланыс операторлары 143 мыңнан жоғары алады. Ең бастысы, тұрақты айлық алуға мүмкіндік бар. Әлеу­меттік пакетіміз де қарастырылады. Бізге жұмыс іздеп келетіндердің көбі мұғалім, туризм, менеджмент мамандығы бойынша бітірген жас қыздар. Алайда біз жоғары білімді талап етпейміз. Екі апта сынақ мер­зімінен өтсе, 11-сыныптан кейін де байланыс операторлығына жұмыс­қа қабылдай береміз. Айта кетерлігі, келушілер байланыс операторы телефонмен жұмыс істейтін қызмет деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл теле­фо­н емес, банктегі кассирлер се­кілді жұмыс істейді. Тек айырма­шылығы, пошталық қызмет бойын­ша клиенттерге қызмет көрсете­ді», – дейді ол. Қалалық әкімдік жыл сайын осындай 10-ға жуық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізеді. Әр жәрмеңкеде 50-ден аса жұмыс беруші қатысу қалыпты үрдіске айналып та үлгерді. Бұл – жұмыссыз жастар үшін жақсы мүмкіндік. Ал жұмыс берушілерге білікті маман таңдап, тұрақты жұмысшылардың қатарын толықтыру үшін қажет. Бұл ғана емес, кейбір жұмыс беруші компаниялар жастардың өз ма­ман­дығы бойынша біліктілігін арт­тыруға да жақсы ұсыныстар жа­сайды. Электроника саласында өнім әзірлейтін жекеменшік ком­пания техника саласы бойынша жұмысқа қабылданғандарды алғаш­қы тәжі­рибе жинақтау үшін де өз­деріне келетіндер көп екенін ай­тады. Се­бебі техника тілін меңгеріп алған соң ары қарай өздері қалаған жақсы қызметтерге алынып, не болмаса халықаралық компания­ларға да ба­руға болады екен. Айлық көлемі де жаман емес. Алғаш жұ­мысқа кір­ген­дерге 200 мың теңгеден бастап айлық ұсынылады. Аптасына бес күн істеп, екі күн демалатын, түскі асы ком­пания есебінен төле­нетін компа­нияға жұмысқа тұруға қызығушылық танытқандар қатары да көп көрінеді. Ал Астанадағы аутизмі бар ба­лаларға арналған Коррекциялық орталықтың әкімшісі Айгүл На­зарова: «Бүгін жұмыс іздеп келуші­лер өте аз болды. Осының алдында ұйымдастырылған жәрмеңкеге ке­лушілер өте көп еді. Коррекциялық орталық аутизмі бар балаларға ар­налған. Жақында сол жағалауда да орталық ашайын деп жатырмыз. Сол орталыққа қажетті маман­дық­тарды іздестіріп жатырмыз. Оның ішінде педагогтер, әлеуметтік педагогтер, психологтер мен әлеу­меттік қызметкерлер, артера­певт­терге арналған бос жұмыс орындары бар. Сол үшін бізге келетін қыз­меткерлердің арнайы білімі болуы маңызды. Өйткені біздің жұмыс денсаулығында ауытқуы бар бала­лармен жұмыс істейді. Соған қа­рамастан қызығушылық танытып, анкета толтырып тастап кеткендер баршылық. Өткен жолы да 20 шақты адам келді. Өкінішке қарай, кейбір жұмыс іздеушілер байланыс нөмірін тастап кетіп, артынан те­лефон қоңырауын көтермейді. Негізі, жұмыс істегісі келген адам­ның өзі қайта-қайта қоңырау ша­луға асығу керек. Дегенмен жұмыс­қа деген ықыласы жоғары жандар да көп», – дейді Айгүл Назарова. «Ұлттық Ұлан» 5573 әскери бө­лімінің кадр бастығының аға кө­мекшісі подполковник Ғани Жұ­мағалиұлы жұмыс іздеушілерге 100-ден астам бос орын ұсынып отыр. Қазір бөлімшеге ең қажетті мамандықтарға медицина қызмет­керлері, бөлімше командирі, әскери күзет бастықтары кіреді. Сондай-ақ келушілердің жасына да шектеу бар. Әскери қызмет сапына келетін­дердің жас аралығы 35-38-ге дейінгі аралықта болуы маңызды. «Мер­зімді әскери қызметкерлер де керек. Ал жалақы сұхбаттасу барысында айтылады. Айлықтары 100 мыңнан басталады. Бұдан бөлек, жалдамалы пәтердің ақысы адам басына 62 мыңнан төленеді. Одан бөлек, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. 30 күні еңбек демалысы тұрақты беріледі, медициналық жағынан қамтамасыз етіледі. Жәрмеңкеге үшінші рет қатысып жатырмыз, нәтиже бар. Алдыңғы жәрмеңкеден кейін бос орындарға келіп қызметке орналасып жатқан адам көп. Бүгін де 20-дан астам адам келді. Бес адам байланыс нөмірлерін тастап кетті. Қалғандары өздеріне қажетті ақ­паратты алды. Балаларына жұмыс іздеп жүрген ата-аналар да келіп жатыр», – дейді ол. Бірыңғай консолидацияланған орталықтың кадр бөлімі маманы Ақтоты Есенгелдиева да компа­ния­ларына қажетті жұмысшыларға ұсынылатын бос жұмыс орны көп екенін айтып отыр. Мысалы, өнді­ріс операторларына біліктілік пен жұмыс өтілі болуы талап етілмейді. «Бүгін 20-25 адам келді. Оның ішін­де 2-3 адам мүмкіндігі шектеулі жандар болса, 11-і пробациядағы адам­дар. Біз олардың барлығын қарастырып жатырмыз. Ертең олар­ды сұхбаттасуға шақырамыз. Жұ­мысшыларды тасымалдау тегін. Та­мақтанудың 50 пайызын компа­ния төлейді. Уақытылы жәрдемақы қарастырылады. Айлығымыз 200 мыңнан басталып 350-ге дейін ба­рады. Зейнетақы жарнасы, меди­ци­налық сақтандыруы да жүреді», – дейді орталық маманы. Қарап отырсақ, жұмыс істегісі келетіндердің қалауы бойынша қа­растырылатын бос жұмыс орындары жетерлік. Сол үшін қалалық әкімдік жұмыссыз жүрген жас мамандар мен кәсіптік білімі жоқ тұрғындар үшін бос жұмыс орындары жәрмең­кесін өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл жұмыс беруші мекемелердің қажетті мамандарды таңдауына, ал жұмыс іздеушілердің қалауына сай кәсіп табуына зор мүмкіндік. Ең бастысы, қалауын тапса, қар жана­тынын білсе болғаны.