Жамбылда ерікті дәрігерлер қозғалысы жанданды
Жамбылда ерікті дәрігерлер қозғалысы жанданды
327
оқылды
Еріктілер жылына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белгілеп берген негізгі 6 басым бағыттың бірі - «Саулық» бастамасы. Аталған бағыт бойынша Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының жанынан «Волонтер дәрігерлер қозғалысы» құрылды. Олар облыс тұрғындары арасында қан айналым жүйесі ауруларына қарсы күрестің 2020-2022 жылдарға арналған «Таза жүрек» бағдарламасын жүзеге асырмақ. Аталмыш орталық қызметкерлері мен ерікті жастардың қатысуымен өткен бағдарламаның таныстырылымында сөз алған облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа алдағы мақсаттардың айқын екендігін атап өтті. Ал жаңа жобаны таныстырған белгілі кардиохирург Сейітхан Жошыбаев бағдарламаның маңыздылығын тілге тиек етті. –Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – облыс тұрғындары арасында қан айналымы жүйесі ауруларын скринингтік зерттеу, оларды ерте анықтау және басқару. Қан айналым жүйесі аурулары еңбекке қабілетті адамдарды сырқаттанушылыққа, тіпті мүгедектікке алып келеді. Кей жағдайда ажалға апарады. Сондықтан, бұл медициналық және әлеуметтік мекемелер қызметінің маңызды мәселелерінің біріне айналып отыр. Әсіресе, ауылдық жерлерде айтарлықтай экономикалық және демографиялық зиян келтіреді. Осы аурумен қайтыс болғандардың көбі 35-тен 65 жасқа дейінгі ер адамдар. Міне осындай маңызы болғандықтан да бәріміз бірлесіп, ел болашағы үшін қауіппен күресуге тиістіміз. Осындай үлкен ғылыми орталықта дәрігерлермен бірге еңбек ететін ерікті жастардың талпынысына шын қуанып тұрмын. Бұл жастар үшін болашақта медициналық саланы да меңгерулеріне үлкен мүмкіндік, -деп волонтерлардың ісіне сәттілік тіледі. Осылайша Жамбыл облысында ерікті дәрігерлер қозғалысы жұмысын бастады. Саятхан Сатылғанов