Аутизм – дерт емес
Аутизм – дерт емес
876
оқылды
Бәріміздің төбемізде көп аспан. Тыныстайтын ауа мен өмірлік дағды бір. Бірақ әркімнің қабыл­дауы әртүрлі. Сол үшін аутизм – ауру емес. Тек ба­ланың даму деңгейінде ауытқу бар деген сөз. Иә, осыдан 30 жыл бұ­рын әлем аутизмге сирек кез­десетін психикалық ауру деп баға берді. 2000 жылдары АҚШ-та 150 баланың бі­ре­уіне аутист диагнозы қойыл­са, қазір Қытайдағы ау­тизм­ге шалдыққандардың са­ны 1 миллионнан асып жы­ғы­лады. Мамандар дертті ауру емес, қалыпты даму күйі­нен ауытқу дейді. Мұның қалай пайда болатынын, не әсер ететінін ғалымдар әлі күнге зерттеп жүр. Демек, нақты факторы беймәлім аутизмнің емделу мүмкіндігі де аз. Бірақ үміттің соңғы сәтте үзілетінін ескерсек, жол табуға болады.  

Аутизм дегеніміз...

1911 жылы аутизм тер­ми­нін психиатр Эйген Блей­лер ашты. Бірақ толық тү­­сі­нік қалыптаспады. Ау­тизм си­пат­тамасына сәйкес, бала кешеуілдеп дамиды. Кез кел­ген нәрсеге реакция біл­дірмейді, елеңдемейді, бір нүктеге ұзақ қарауы, тіпті ес­­ті­меуі мүмкін. Ең қиыны – бауыр еті балаңның са­ған жақындамауы. Өйткені ау­тист бала жанындағы адам­ға сирек сенеді. Бірден қа­был­дамайды. Мұны актер Сильвестр Сталлоне өте жақсы түсіндірген. Оның ұлы Серджио – аутист. «Баланы өз әлеміңе келуге мәжбүрлей алмайсың. Сондықтан оның әлеміне өзімен бірге бара­мын. Бала саған сенсе ғана тіл қатады, бірақ өте сирек. Арасында ғана болса да, бұл – ең бағалы уақыт» дейді ол.
Бастапқыда дәрігерлер бала қараусыз қалып, үйінде жалғыз болғандықтан осындай дертке шалдығады десті. Алайда уақыт-теңіз бұл пікірді жағаға шығарып тастады. Ағысқа ілескісі келген­дер түрлі болжам мен өзіндік пі­кір ұсынды. Тіпті, Эндрю Уэйк­фил бастаған бірнеше дәрі­гер вакцина құрамындағы ауыр металл мен сынап аутизм туды­рады деген мазмұнда ғылыми мақала жазды. Бұл қоғамда толқу тудырып, нәтижесінде вакцина салдырудан именетін ата-ана­лардың қатары көбейді. Артынша тұжырымның қате екені айқын­далып, жұрт сабырға келді.  

Емделуге ниет керек

Жоғарыда жол табудың жө­нін айттық. Кез келген дертті бастапқыда анықтау тиімді екенінің аутизмге де қатысы бар. Бала бойынан белгіні неғұрлым ерте анықтаса, соғұрлым пайда­лы. Өйткені аутист бала үшін терапия маңызды. Оның үнемі бақылауда болғаны дұрыс. Мұны Б.Өтемұратов қоры «Алтын Ми­рас» аутизм орталығының супер­вайзері Әлия Рахимова да растап отыр. Маманның сөзінше, ата-ана бала бойынан қандай да бір ауытқушылық байқаған бойда, тексеруден өткені жөн. Диаг­ностика арқылы оның машық деңгейі анықталады. Содан кейін интервенция жүргізу бағдарла­масы түзіледі. Аталған аутизм орталығы 6 бағ­дарлама бойынша курс жүр­гізеді. Олар – бастапқы қол­дау, үйретуші машық, өмір ма­шық, қарқынды курс, әлеуметтік ма­шық пен JASPER. Әрқайсы­ның өзіндік орны мен арнайы жос­пары бар. Әлия Рахимованың айтуынша, олар баланы аптасына 3 рет бағдарлама бойынша үй­ретеді. Ата-ана міндетті түрде курсқа қатысады. Не үшін дерсіз? Өйткені аутист ата-ана педагог бо­ла білуі керек. Бұл кәдеге жа­рай­ды. Ойын тәсілін меңгеріп, «ті­лін табуды» үйренсеңіз, аутист баланың «бетін бері қаратуға» бо­лады. Нәтиже көрсеткендей, бала өзі киінуге, дәретханаға оты­руға, ортаны ақырындап қа­былдауға бейімделеді. Төменде көрсетіл­ген­дей, бағдарламаның соңы JASPER-мен аяқталады. Бұл әдіс­ті Калифорния универ­ситетінің ғалымдары ойлап тап­қан. JASPER емдеу әдісі сөйлеу қабіле­ті­нен айырылған балалар­дың 80 па­йызын емдеп жазады. Мүмкін­дігі кемел әдістің үш ай­дың ішінде сөйлетуге құдіреті жетеді.  

Ата-ана ықпалы

Украиналық Михаил Сер­гиенко – аутизмді жеңгендердің бірі. Миша кезекті бір сұхбатында не дегенін білесіз бе? «Аутист баласы бар ата-анаға айтарым – оған ашуланбаңыз, дауыс көтер­меңіз. Қайта балаңызды түсінуге тырысыңыз». Демек, аутист бала алшақ жүреді, өз әлемі болады дегенімізбен, оған жақынының демеуі керек. Әрі аутист бала арнайы терапиядан уақытылы өтсе, бірте-бірте өзін қалып­тастыра алады. Себебі Михаил мәлімдеген мына жайт соны мең­зейді. Бірде оған аутист бала­ның анасы ұлының мульфильм көріп отырып, көзін алақанмен жұматынды шығарғанын айтады. Десе де, бұрыннан көріп жүрген, көзі үйренген дүниеге мұндай реакция білдіргеніне таңданға­нын жеткізеді. Сонда Миша аутист бір нәрсені қайта-қайта оқы­ғанда, көргенде сезімі ояна­тынын, не болып жатқанын жете түсінетінін атап өтеді. Сондықтан ата-ананың бұған таңданғаннан гөрі ары қарай жалғастыруға, үнемі терапия қабылдауына жағдай жасау керегін ескертеді. Мысалға зер салсақ, ата-ананың аялы алақаны мен сынақты же­ңемін деген жігер Михаил айтқан «робот» баланың еңсесін кө­теруге қуат береді.
 

Біздің елде ше?

Ел ішінде де мұндай оқиға кездеседі. Мұнда да көбінесе ата-ананың ықпалы зор. Мәселен, Марат Жақайұлы баласы Бей­барыстың аутизммен күресін «Же­тістік тарихы» кітабында әң­­гімелеп берген. Алғашында Ал­ма­тыдағы оңалту орталы­ғын­да, ке­йіннен Мәскеудегі Мат­виевский орталығында емделеді. Оның түсінгені – бала күйіне ену. Яғни, орталық көрсеткендей бір­ге секіріп, бірге ойнап, жеке әлем­ге кіруге қадам жасау. Сонда ба­ланың жанарында ұшқын пайда болып, өмір есігін «қайта» ашады. Әрине, бұл үшін тоқ­тау­сыз күрес қажет. Орталықта алған терапия­ны толық үйреніп, үйде жалғас­тырып, қозғалысты күнтәртібіне енгізген жөн. Осын­дай әдістен соң Бейбарыс кә­дуілгі балабақ­шаға барған. Олар­мен бірге ойнап, қарым-қатынас дағдысы қалыптасқан. Яғни, инклюзивті қоғамның құраушы күшін аутист баланың жақын­дары құрайды. Ата-анасы, туған-туысы, дос-құр­бысы қабылдай алса, қоғам­ның да еті үйреніп, алшақтауды доғарады. Сол үшін елімізде инк­люзивті қоғамды да­мыту үшін түрлі жұмыс жүргі­зіледі. Статис­тика көрсеткендей, 6 700 бала психологиялық-педагогикалық түзету кабине­тінен көмек сұраған. Елімізде аутист балаларды тізімдеу 2010 жылы басталды. Бұдан бұрын оларды «Психо­логиялық дамуының бұзылуы» деп аталатын жалпы санатқа жіктейтін. Қазақстандағы аутист бала саны жыл сайын өспесе кеміген жоқ. Осыған сай түрлі бейімдеу, оңалту, инклюзия ор­талықтары жұмыс істейді. Ар­найы ашылған қорлар аутизмді жеңу жолында жігер танытып жүр. Әлемдік тенденцияны елі­мізге әкеліп, әдіс-тәсілдерді енгі­зуге күш салады. Дегенмен қазір әлемдегі әрбір 59-шы бала­ның бойынан аутизм спектрі бұзылуы байқалады. Біз әр алуан болғанмен, теңбіз. Ешкімнің шектеуге құқы жоқ. Сіз оны қабылдасаңыз, ол осы әлемнің есігін «қағады». Көп нәрсе үйренеді. Сонда ғана инклюзивті қоғамның қаңқасы тұрғызылады.   Айбике ЖАНАСЫЛ