85 мың студент жатақханасыз жүр
85 мың студент жатақханасыз жүр
226
оқылды
Байқасаңыздар, студенттер мекенінде «Жатақхана – өз үйің» деген жазу тұрады. Расымен де солай, әрбір сту­дент үшін жатақхана – өз үйі. Бірақ сондай мүмкіндікті елімізде 85 мыңнан астам студент пайдалана алмай отыр. Оның 64,2 мыңы жоғары оқу орындарының, қалған 21,5 мыңы – колледж студенттері. Бұл – Білім және ғы­лым министрлігі мәлімдемесі. Тек 2023 жылы ғана сту­денттер толық жатақханамен қамтамасыз етілмек. Бұл жоспар қалай жүзеге асады? Оған мүмкіндік бар ма? Кейінгі екі жылда жатақхана тапшылығы 6 пайызға төмендеген. Биыл тағы да 10 мың орын пайдалануға берілмек. Осылайша бірте-бірте бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кейінгі кезде жаңа оқу жылы басталатын қыркүйек айында жа­тақхана ала алмай жүрген сту­денттердің мәселесін жиі құла­ғымыз шалатын болды. Сөйтсек, бұл бірер студенттің мәселесі емес екен. Қазіргі таңда жатақ­ханадағы орын Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәй­кес, рет-ретімен беріледі. Алды­мен әлеуметтік жағынан аз қам­тылған отбасылардың балалары, сосын халықаралық олимпиа­далардың жүлдегерлері, одан кейін мемлекеттік грант иеленген бірінші курстықтар. Шетелдік студенттерге жатақхана беру мә­селесі де алдыңғы кезекте шеші­леді. Қалғандары егер орын қа­лып жатқан күнде ғана мұндай мүм­кіндікке қол жеткізеді.
Қазіргі таңда елімізде 125 жо­ғары оқу орны бар. Оның 15-і – Нұр-Сұлтанда, 41-і– Алматыда және 10-ы – Шымкентте. Яғни ЖОО-ның тең жартысынан көбі – осы үш қалада орналасқан. 2019/2020 оқу жылы басталғанда ЖОО-да 604 мың студент сабақты бастаған. Оның 329 мыңы – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында. Оған еліміздегі 740 колледжде білім алып жатқан 475 мың студентті қосыңыз.
Жастарымыздың білімге ұмтыл­ғаны, заман көшінен қал­мауға тырысқаны жақсы. Бірақ біз олардың білім алуына қанша­лықты жағдай жасап отырмыз? Оның үстіне таяу күндері ғана Алматыда студенттер жатақха­наларына жасалған бірнеше рейдке қатысып, жағдайды көз­бен көрдік. Jas Otan Жастар қа­наты Алматы қалалық филиа­лының мұрындық болуымен қа­лалық мәслихат депутаттары, қо­ғамдық кеңес мүшелері, мем­лекеттік орган мен БАҚ өкілдері аралаған «Қайнар», Алматы уни­верситеті мен Қ.Сәтбаев атын­дағы ҚазҰТЗУ жатақхана­ла­рын­дағы жағдай көптің көңілінен шыққан жоқ. Сол себепті біз жа­тақханалардың жалпы жағ­дайына сараптама жасауды жөн көрдік. Кейінгі жылдары жағдайдың тым күрделіленіп кетуіне не се­беп? Неге жатақхана тапшылығы мәселесі күн тәртібіне шықты? Ма­мандар мұның бір себебін мем­лекеттік грант санының ар­туымен байланыстырады. Мә­селен, 2019/2020 оқу жылына 69 мыңнан астам грант бөлінген. Оның 53 785-і бакалавриат, 13 159-ы магистатура және 2 312-сі PhD докторантура үшін. БҒМ мәліметіне қарағанда, қа­зіргі таңда жалпы, 173 мың сту­дент грантта оқиды. Әрине, студенттер жатақхана үшін ақы төлейді. Жамбасақы айына 5 мың мен 15 мың теңгенің аралығында. 25 мың теңгенің кө­лемінде шәкіртақы алатын сту­дент үшін оның 15 мыңын жа­тақханаға беру де олардың қалта­сына әжептәуір салмақ түсіреді. Әйтсе де, жатақхана пәтер жалдап тұрғаннан анағұрлым арзан. Оның үстіне, өзі қатарлы студент­термен бір жатақханада тұру, егер жатақханада тәртіп болса, олар­дың қауіпсіздігіне де, бір-бірімен сабақ жайлы пікір алмасып, да­йындалуына да жақсы. Пәтерін жалға берушілер де әбден әккі болып алған. Студенттер оқуға келетін тамыз-қыркүйек айла­рында пәтер жалдау ақысын күрт көтеріп жібереді. Мұндай ақпа­раттың ақиқат екенін риэлторлар да жоққа шығармайды. Жатақханалар мәселесіне зер салып қарағанымызда, көптеген ЖОО жатақханаларында аядай бөлмеде бес-алты, тіпті он-он екі студенттен тұратынына көз жет­кіздік. Бұл сөзімізге Алматы қа­лалық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін ба­қылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымованың мына бір сөзі де дәлел бола алады. «30 шаршы метр бөлмеде 10 студент тұратын жағдайлар да бар. Қа­лыпты норма бойынша әрбір сту­дентке 6 шаршы метрден бо­луы тиіс. Сонда студенттер 3 шар­шы метр жерде тұруда. Мәселен, жатақхана 150 адамға арналған болса, шындығында ол жерде 253 адам тұрып жатыр», – дейді ол.
2017 жылы Алматы қаласында өткен Универсиадаға келген спортшыларға арнап салынған жатақханалар жарыс аяқтал­ғаннан кейін қаладағы уни­вер­ситеттердің меншігіне беріледі деген хабар тараған. Алайда қала әкімдігінің шешімімен жаңа жатақханалар мемлекеттік қыз­меткерлер мен ғылым саласын­дағыларға, сондай-ақ кезекте тұр­ған азаматтарға берілді. Осы­лайша, студенттердің жатақханаға деген сұранысы біршама қанағат­тандырылады деген үміт оты сөнді.
Студенттер жатақханасын салу біраз жерде қолға алынған. Оның кейбірінде жұмыс қарқын­ды жүріп жатса, енді бірі тіпті баяу. Бұл ретте жатақхананың қар­жыландыруы да үлкен мәселе. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуына қарағанда, құрылыс қарқынын қаржыландыру төмен. 2010-2017 жылдар аралығында респуб­ли­калық бюджеттен бөлінген қар­жыға салынған бар болғаны 8 мың орын пайдалануға берілген. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2018-2019 жылдары жатақха­на­ларда 9,1 мың орын пайдалануға берілді. Биыл да жатақханадағы орын тапшылығын жою үшін жұмыс істеліп жатыр. Қалай дегенде де, сең қозғал­ды. Студенттер жатақханасы мә­селесі күн тәртібіне шықты. Бұ­ған Елбасы Н.Назарбаевтың 2022 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салуды арнайы тап­сырғаны да себеп болып отыр. Қа­зіргі таңда студенттерді жатақ­ха­намен қамтамасыз ету жайы жан-жақты сарапқа салынуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тес­тік негізде құрылыс салуға шетелдік инвесторлар да қы­зы­ғушылық танытып, бірлесіп жұ­мыс істеуге ынталы. Өткен жыл­дың соңында студенттерді жатақ­ха­намен қамтамасыз ету үшін 73 жоба іске асырылатыны айтыл­ған. Осы жобалар тиянақты іске асқанда ғана таяу жылдары сту­денттердің жатақхана тапшылығы мәселесі шешілмек.   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ