Салық түсімдері 1,5 есеге өсті
Салық түсімдері 1,5 есеге өсті
407
оқылды
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 103,4% орындалды. Әуелгіде жоспар 11 316,8 млрд теңгеге болып белгіленген бо­латын. Іс жүзінде 382 млрд теңгеге асыра орындалумен 11 698,8 млрд теңге түскен. Бұл өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 1,4 есе немесе 3 400,2 млрд теңгеге көп.
«Мұның ішінде респуб­лика­лық бюджет 101,1% орындалды, былтырғы ұқсас кезеңімен са­лыс­тырғанда 1,5 есе немесе 2 518,5 млрд теңгеге өсті. Жергі­лікті бюджет 108,5% орындалды, салыстырмалы түрде 30,8% не­месе 881,7 млрд теңгеге өсті», – делінген ведомс­тво таратқан мәліметте.
Түсімдердің өсуіне келесідей факторлар әсер еткен екен. Биылғы 10 айда былтырғы ұқсас кезең­мен салыстырғанда негізгі экс­порттық позицияларға, оның ішін­де мұнайға – 46,9%, мырышқа – 21,9%, алюминийге – 13,9% және алтынға 0,6% бағаның өсуі бай­­қалған. Шикі мұнайға салы­натын кедендік баж салығының мөлшерлемесі 43,1%-ға өскен. «Жыл басынан бергі 10 айда үшінші елдермен тауар айналымы 43,6%-ға өсті (экспорт 48,3%-ға, импорт 32,5%-ға өсті). Өткен жыл­ғы ұқсас кезеңмен салыс­тыр­ғанда жыл басынан бергі өткізу бо­йынша айналым 22%-ға ұл­ғайды», – деп жазды Мемлекеттік кірістер комитеті.