Арманын алыс елден іздегендер
Арманын алыс елден іздегендер
358
оқылды
Жыл сайын Қазақстаннан шетелге түрлі себеппен қоныс аударатындар аз емес. Статистикаға сүйенсек, соңғы жеті жылдың ішінде 300 мыңға тарта адам шетелге көшіп кеткен. Оның 25 пайызы 15 пен 28 жас аралығындағы жастар. 2018 жылы 42 мыңға жуық отандасымыз шетел асып кетсе, 2019 жылы бұл сан 45 мың адамды құраған. Олардың арасында тарихи Отанына қоныс аударып жатқаны бар, жақсы жұмыс, жайлы өмір іздеп кетіп жатқаны бар. Бізді қызықтырғаны – жоғары білімді мамандар мен еңбекке жарамды азаматтар­дың басқа жақтан жайлы өмір іздейтіні. 2017 жылы елден кеткен азаматтардың 30 пайызға жуығы жоғары білімді мамандар екен. Олар неге кетіп жатыр? Эмиграцияның ел экономикасына тигізер шығыны орасан. Мәселен, 2000-2017 жылдар аралығындағы эмиграциядан Ресей экономикасы 27 трлн рубль жоғалтқаны айтылады. Ал тек 2015 жылғы миграция есебінен АҚШ экономикасы $2 трлн, Гер­мания $550 млрд, Австралия $330 млрд пайда көріпті. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, біз де өзімізді толғандырған сауалдың жауабын өмірін өзге елмен байланыстырып жүрген азаматтардың өз аузынан естуді жөн көрдік.    width= Жасан БАЙПАҚБАЕВ, Google компания­сының  IT маманы: – Елде маман ре­тінде үздіксіз да­муға мүмкіндік көп болмаған соң шет­елде жұмыс істеп кө­руді ойлай баста­дым. Әрине, IT са­ла­сы бойынша ең алғаш ойға оралатыны АҚШ-тың Калифорниясындағы крем­ний алқабы (Silicon Valley). Мұнда за­манауи технологиялар мен жаңа идея­ларға толы стартаптары бар компания­лар шоғырланған. Сол себепті менің ма­мандығыма (software engineering) деген сұраныс өте жоғары. Мұнда жұ­мыс істегісі келетіндерге қойылатын талап қатаң. Компаниялар маман іріктеп алу үшін көп қаржы жұмсайды. Сәйкесінше, қызметкерлерге төленетін қаражат та қомақты. Мәселен, оқу ор­нын жаңадан бітіріп келген IT маманы жылына 100-200 мың долларға дейін табыс табады. Ал тәжірибелі маман болсаңыз, жылына 250-500 мың доллар табысқа қол жеткізесіз. Елден ерек қабілет пен тәжірибе иесі болсаңыз, жылдық табысыңыз миллион доллардан асып жығылады. Ол табыс жалақы + сол компанияның құнды қағаздары + бо­нустардан құралады. Мұнда «Deep work» деген ұғым бар. Ол табылуы қиын, қым­бат білім мен тәжірибені қа­жет етеді. Бұл жерде сол терең білімді бағалайды. Алғашында осындағы бір компа­ниядан шақырту алып келген болатын­мын. Ол жерде бір жарым жыл уақыт жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған соң Google компаниясынан шақырту ал­дым. Google маған алаңсыз жұмыс істеу үшін бар мүмкіндікті жасап отыр. Жо­ғарыда аталған игіліктен бөлек отба­сына байланысты да көптеген жеңілдік бар. Мәселен, сәбилі болған әкеге бір­неше айға ақылы демалыс береді. Қорыта айтқанда, алған біліміңізді қолданып, тәжірибе жинауға мүмкіндік өте көп. Оның үстіне, заң үстемдігі ор­наған ел. Кез келген мәселені заң ая­сын­да шешуге дағдыланған. Әркім өзінің құқығын, міндетін жақсы біліп, түсінеді. Посткеңестік елдердегідей «по поня­тием» деген ұғым жоқ. Алайда қанша жерден игілігі төгіліп тұрса да, біршама тәжірибе жинақтап алған соң елге қай­туға ниет бар. Алған білім мен тәжірибені өз еліміздің игілігіне жарат­сам деген азаматтық ұстаным әрдайым жадымда.    width= Бекен БІЛӘЛОВ, Нимэкс корпо­ра­ция­сының экс-ғы­лыми қызметкері: – Универси­те­т­ магистрату­ра­сын аяқтап, туып-өскен жерімдегі за­уытта ғылыми қыз­меткер болып жұмыс істеп жүрген болатын­мын. Жа­ла­қым 60 мың теңге еді. Қаржы тап­шылығы туындаған соң бірінен кейін бірін алып – екі кредитті мойныма қарыз қылдым. Содан алған жалақының жартысы кредитті жабуға кететін болды. Нағыз қаржы тапшылығы осы кезде басталды. Сол уақытта Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген танысым хабарласып, сол жақта әжептеуір қаржы тауып жатқанын айтты. Мен де көп ойланбастан киімдерімді жинап, жолға шығып кеттім. Кореяға келіп жұмыс істеп жүрге­німе үш жылға жуықтады. Мұнда келген соң екі апта өтпей жатып, екі кредиттен де құтылдым. Ал зауыт төлейтін 60 мың жалақыны мұнда 2-3 күнде табамын. Мұнда келген Қазақстан азаматтары заңсыз жұмыс істейді. Себебі екі ел арасында жұмысшы алмасу туралы ке­лісім жоқ. Жұмыс істеуге келген қазақ­стандықтар 30 күндік турист ретінде кіреді де, мерзім біткен соң заңсыз жүрген болып есептеледі. Заңсыз жүр­геніңді білген жергілікті жұмыс беруші айлық жалақыны төлемей қоюы ғажап емес. Оны ешқайда барып даулай ал­майсыз. Сол үшін көбі бір күндік жұмыс істеуге «арбайттан» (бір күндік қара жұмыс істейтіндер тұратын жер) жұмыс іздейді. Жұмысқа күнделікті шығып, жолыңыз болса, айына 800-900 мың теңгеге дейін табыс табуға болады. Оның 200-300 мың теңгесі шығы­ны­ңызға кетеді. Сонда сіз бір айда 500-600 мың теңге пайда табасыз. Сәйкесінше, жұмыс та өте ауыр. Берген ақшасына жараса, күшіңізді де сығып алады. За­уыттарда жұмыс істейтін қазақстан­дықтар бар. Олар айына 500 мың теңге көлемінде жалақы алады. Зауыттың жұмысы «арбайттан» жеңілірек әрі тұрақты. Бірақ тексеріс кезінде ұсталып, депортациялану қаупі жоғары. Одан бөлек, өте ауыр жұмыстар бар. Бірақ оған көп адамның денсаулығы жарай бермейді. Сәйкесінше, ондай жұмыстан айына 1-1,5 млн теңге табуға болады. Мұнда жүрген қазақстандықтар өз еркімен елге қайтуға асықпайды. Себебі елге қайтқан таныстарымыз ол жақтан жақсы жалақыға жұмыс таппағандарын айтады. Сол үшін миграциялық полицияның тексерісіне ұсталып, елге депортацияланғанға дейін жүреді.    width= Әділет САҒАТОВ, «Мирас» халықа­ра­лық мектебінің IT маманы: – Қытайдағы оқуды бітірер кезде «Қазақстанда бізді қандай жұмыс ор­ны күтіп тұр» деген сауал мазалай бастады. Интер­неттен өзіме лайық жұмыс іздедім. Сөйтіп, ме­нің IT салам бойынша жұмыс беру­ші­лердің дені тәжірибелі маман іздей­т­ін­дігіне көзім жетті. Тәжірибесіз маманға тым төмен жалақы ұсынады. Ал оқуды енді ғана тәмамдап жатқан жас маманда қандай тәжірибе болсын? Сол кезде әлемге әйгілі Warner Bros. компаниясы Абу-Даби қаласында аттракцион паркін ашу үшін әлемнің әр түкпірінен маман жи­нап жатыр екен. Тәжірибеге қатты мән бермейміз, өзіміз оқытып дайындаймыз деген соң ба­ғым­ды сынап көрейін деп шештім. Сөйтіп, бірнеше сатыдан тұра­тын іріктеу арқылы жұмысқа қабыл­дандым. Жұмыс көңілімнен шықты. Алғашқы екі айда жұмысты бастан-аяқ үйретті. Жататын орын, күніне үш мез­гіл тамақ, елге келіп-кететін ұшақ­тың шығыны – бәрі компанияның есебінен. Ай сайын мың долларға жуық жалақы да төлеп отырды. Уақыт өте жалақымыз да көтеріле бере­тін болды. Бізге тек жұмыс істеу ғана қалды. Алғашқы эй­фориямен жүрген кезде сонда бірнеше жылға қалуды жоспарлаған болаты­н­мын. Алайда климат пен тамақ ұнама­ғаннан болар, бір жыл өткен соң ден­сау­лығым сыр бере бастағандай болды. Ол жақтағы медициналық қызметті алған күннің өзінде денсаулыққа күтім керек. Туған жердің климаты мен тамағына әбден үйренген мен үшін БАӘ қолай болмады. Сол себепті елге қайтуды ойлай бастадым. Негізі, біраз тәжірибе жинап 1-1,5 млн теңге жалақы төлейтін жұмыс табуыма да болар еді, бірақ денсаулық бәрінен де қымбат деп, елге қайттым.    width= Қайрат МАХАМБЕТОВ, «ТШО» компа­ния­сында техникалық  жұқауіпсіздік бо­­йын­ша инспектор: – Бүгінгі таңда «Теңіз» кен ор­нын­да қауіпсіздік мә­селесі бойынша инс­труктор болып қызмет етіп жүр­мін. Шетелдік ком­па­ния болған соң жалақы да жақсы. Бірақ эко­ло­гияның денсаулыққа орасан зор зия­ны да бар. Негізінде, бұл жұмыс өзіме ұнайды. Қызметкерлерге білге­ніңді үйретесің. Әртүрлі адамдармен таны­са­сың. Кейде басқа елге барып, жұ­мыс іс­теп көргім де келеді. Ірі компа­ниялар­дың жұмыс істеу тәжірибелерін үйренгім келеді. Мұнай саласындағы мықты ком­паниялар орналасқан АҚШ, БАӘ, Ка­на­да сынды елдердің тәжірибесі өзім үшін қызық болып көрінеді. Екін­ші жа­ғынан ол жақтағы төленетін жалақы да бізден әлде қайда жоғары екені бар. Соңғы жылдары Еуропа мен Азияның біраз еліне саяхат жасадым. Ұнады. Адам­дары ашық, әрдайым кө­мек қолын созуға дайын. 3-5 жылдай тә­жірибе мен қаржы жинап алу үшін барып жұмыс істеп қайтсам деген ой сол кезде келді. Бірақ басы бүтін кетіп қалам дей алмаймын, себебі ағайын-туыс, жора-жолдас бар дегендей.   Жолдас ӘДІЛХАН