Қалыңмалды қайтаруды талап еткен ене бұрынғы келінін сотқа берді
Қалыңмалды қайтаруды талап еткен ене бұрынғы келінін сотқа берді
Фото: tengrinews.kz
1,724
оқылды
Соңғы уақытта сотқа арыз жазып, қалыңмалды даулайтындардың қатары көбейген, – деп хабарлайды Aikyn.kz. AstanaTV-ның дерегінше, өзін оңтүстіктің келінімін деп таныстырған әйел күйеуімен дәм-тұзы жараспай, заңды түрде ажырасқан. Арада біршама уақыт өткен соң оған тағы соттан шақырту келіпті.
«Енем сотқа беріпті. Бүкіл қалыңмалды өндіріп, қайтарсын деген сияқты мағынада. Қалыңмалды бізде қазақта не үшін береді? Қыздың дүниесін апарсын, артынан көрпе-төсегін алып барсын деген сияқты ол заттардың барлығы алынып, менің шешем оның барлығын апарып қойған. Енді қандай оймен, қандай ниетпен олардың бұлай жасап жатқанын түсінбеді? Білмеймін, кек алғысы келе ме? Ол жағын түсінбедім. Енді мен ол ақшаны қалай төлеуім керек?», – дейді келін.
Қазір елімізде шаңырақ көтерген әрбір үшінші отбасы ажырасатын көрінеді. Ерлі-зайыптылар бұған дейін мүлікті бөлісе алмай дауласса, ал қазір қалыңмалды қайтару үшін шағымданатын арызқой көбейген. Астана қаласы Есіл аудандық сотының судьясы Даржан Хакимова: «Арызда қалыңмалдың көлемін 2 мың доллар деп көрсеткен. Істі қарай келе қалыңдыққа алынған алтын бұйымдар мен былғары тонның құны 1 млн 800 мыңға бағаланды. Соттың шешімімен талап-арыз қанағаттандырылмады. Әрине, олар соттың бұл шешімімен келіспей, апелляциялық сотқа шағымданды. Апелляцияда үкімді өзгерткен жоқ. Себебі ерлі-зайыптылардың ажырасқаннан кейінгі қалыңмалдың қайтарып алу еліміздің заңнамасында көрсетілмеген. Қалыңмал ол өтемақы емес, ол сыйлық болып саналады», – дейді. Ал мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров қалыңмалды даулайтын ата-енелердің бұл әрекетін қазақтың тамырынан ажырай бастағанының көрінісі екенін айтады.
Мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров: «Қазақ тарихында болары болып, бояуы сіңбей тұрып қалыңмалды қайтару болған. Мысалы, атастырылса, кейіннен құдалар уәдесін орындамаса, үйленетін жігін не қыз қайтыс болса, бір жағдайға ұшырап жатса, билердің шешімімен сол замандағы соттың шешімімен халықтың ұйғарымымен қалыңмалын қайтып алатын болған. Егер орнына басқа қыз бермесе... Бірақ енді үйленіп, балалы болып, ерлі-зайыпты болып қойғаннан кейін қайтадан  қалыңмал талап ету ол бір үлкен көргенсіздік деп ойлаймын», – дейді.
Қалыңмалды даулау мәселесіне қатысты тұрғындар пікірі де осыған саяды. Бірі «қалыңмалды қайтарып алу дұрыс емес» десе, енді бірі  «қайтарып сұрап алу ол қазіргі дүниеқұмарлық» деп ойлайды.