Үштен бірі ғана «жетілген» сала
Үштен бірі ғана «жетілген» сала
257
оқылды
Бүкіл әлем көз тігетін беделді жаһандық сайыс – Токиодағы жазғы Олимпиадаға бес-ақ ай қалды. Алайда қазақстандық спортшылардың басым көпшілігі оған қатысатын-қатыспайтынын білмейді. Мәжілісте «Үкімет сағаты» аясында есеп берген Мәдениет және спорт министрі жоспарланған 100 лицензияның тек 29-ы қоржынға түскенін баяндады. Жазғы ойындар Жапония ас­танасында биыл 24 шілде және 9 тамыз аралығында ұйымдасты­рылады деп күтілуде.
«Қазіргі кезде Қазақстан 15 спорт түрі бойынша Олимпиадаға 29 лицензия жеңіп алды. Біздің спортшыларға зор табыс, үлкен жеңістер және Олимпия ойын­да­рының әлемдік аренасында Қа­зақстан намысын лайықты қор­ға­уын тілейміз. Мемлекет та­рапы­нан ұлттық құраманың спорт­шы­ларын сапалы даярлау үшін бар­лық қажетті жағдайлар жасала­ды», – деп сендірді министр.
Депутаттар саладағы ахуалға қатысты сын жаудырды. Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүл­мира Исимбаеваның айтуынша, 2014 жылы бекітілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс сала­сындағы мемлекеттік норматив­терге сәйкес, елімізде әрбір 1 000 адам үшін ең құрығанда 80 шаршы метр спорт алаңы болуы тиіс. Алайда әзірге 1 мың адамға шақ­қанда 47 шаршы метрден ғана келеді. Яғни, мемлекет өзі бекіт­кен нормативтен екі есеге төмен. Бұған қоса, ол Мемлекет басшысы кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін (ДСК) салу туралы тапсырма бергенін еске түсірді. «Өткен жылы Президент Жол­дауын орындау аясында Үкімет 13 денешынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызды. Биылғы және келесі жылы 87 кешен бой кө­теруге тиіс», – деді вице-спикер. Мәдениет және спорт ми­нис­трі Ақтоты Райымқұлова 2019 жы­лы жоспарланған 13 кешен құрылысы жергілікті бюджет және демеушілер қаражаты арқылы толық аяқталып, пайдалануға берілгенін мәлім етті. – 2020 жылы тізбеге сәйкес 32 ДСК құрылысын салу жоспар­лануда, оның ішінде 10 ДСК құ­рылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасы аясында жүзеге асыры­лады. 2021 жылдың соңына дейін 100 кешеннің құрылысын аяқтау­ды жоспарлап отырмыз, – деді А.Райымқұлова. Мәжілістің Әлеуметтік-мә­дени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың ай­туынша, Қазақстанда мектептер­дің үштен бірінде тіпті қарапайым спорт залы да жоқ. Мысалы, ауыл-аймақ түгіл, Нұр-Сұлтан қаласы­ның өзінде спорт залы бол­маған­дықтан, денешынықтыру пәнін дәлізде өткізетін білім ордалары бар. «Елімізде денешынықтыру және спорт саласы қалдықты қа­ғидат бойынша ғана қаржыл­ан­дырылады және қаражаты ЖІӨ-нің 1,4% құрайды. Қаражат жос­парлауда жергілікті әкімдіктер спорттың бір түрін жақсы жарыл­қаса, басқасын шөміштен қағады. Мәселен, бюджеттің үштен бір бөлігі, ал кей жерде тіпті тең жар­тысы жалғыз футболға жұмсалады. Сондықтан заң жүзінде спорттың басымдықты түрлеріне қарай қаржыландырудың шектеу-ли­митін қарастырған орынды», – деп ұсынды комитет басшысы. Оның мәліметінше, мемлеке­тімізде 600 мың шаршы метр спорт алаңы жетіспейді. Яғни, са­ладағы құрылыс осынша ауқым­да жүруге тиіс.
– Қазақстанда халықтың тек үштен бірі ғана спортпен айна­лысады. Ал Еуропа елдерінде, Ка­нада, Австралия, Жапонияда бұл көрсеткіш 60% жетеді. Ал­ма­ты, Қостанай облыстарында ба­ла­лар, жасөспірімдер клубтары жа­былып қалған. Алматы қаласында да оның бірде-бірі жоқ. Өкінішке қарай, біз саламатты өмір салтын басымдықты бағыттар қатарына шығара алмадық, – деді Гүлшара Наушақызы.
Жалпы алғанда, бүгінде елде 30 мыңнан астам спорт нысаны бар. Оның басым көпшілігін ста­диондар мен спорт кешендері емес, жаттығу құрылғысымен жә­не доп тебу алаңымен жабдық­талған ұсақ аулалар, қаптаған мектеп спортзалдары құрайды. «Мектептердің 37%-ында спорт жабдықтары тапшы. 1970 мектептің спортзалы жоқ. Ауыл­дағы спорт және денешы­нық­ты­ру-сауықтыру кешендері ауыл­дық­тардың небәрі 30%-ын ғана қам­тиды», – деп мойындады министр. Депутаттар министрлік әзір­леп жатқан бұқаралық спортты дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасында және жаңа кешенді жоспарында салада қордаланған мәселелердің шешімін көрсетуді жүктеді.   Елдос СЕНБАЙ