Суы жоқ елдің сумен күресі
Суы жоқ елдің сумен күресі
240
оқылды
Елімізде 609 елді мекенге, 675 автожолға, 259 те­міржол теліміне су астында қалу қаупі төнді. Су тас­қынымен күреске 34 миллиард теңге жұмсау көзделуде. Бұл мәлімет Премьер-Министр Асқар Маминнің төра­ға­лығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Ше­неуніктер үшін жылдағы әдетпен «су шайқасы» басталды. Қазақстан әлемдегі су ре­сурс­тары аз мемлекеттер қатарына жа­тады. Алайда осы саптағы Афри­ка, Америка, Азия құрлық­тарындағы өзге елдерден басты айырмашылығы сол, қазақ елін қыс құтқарады. Бірнеше жыл бұ­рын депутаттар мен үкіметтік емес ұйымдар Үкіметке қысқы қарды бір жерге жинап, жаңа әрі алып су қоймаларын жасауды ұсынды. Тәубе, оған жер жетеді. Маман­дардың пікірінше, бұл респуб­ликаны су ресурсы тапшылығынан және егін өсіру кезеңінде Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанға тәуелділіктен құтқаруы ықтимал. Билік жаңа су қоймаларын тұрғызу идеясын құптады, алайда араға басқа мәселелер килігіп, ол толыққанды жүзеге аспады. Салдарынан бүкіл елді қамтитын, мыңдаған адам мен техника, миллиардтаған қаржылық ресурс жұмылдырылатын, штабтар құ­руды қарастыратын жыл сайынғы «майдан» қайта ашылды. «Қазгидромет» мәліметінше, осы жылы Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының жазықтағы өзендері, сондай-ақ Шығыс Қа­зақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарының тау өзендері қатты тасығалы тұр. Ол аймақтарда «ылғал қоры орташа көпжылдық мөлшерден жоғары» және кейбір өңірде қар әлі жауып жатыр. Әсі­ресе, Нұр-Сұлтан, ШҚО және СҚО жағдайы қиындау көрінеді. Мысалы, елорданың өзі қарға кө­міліп жатқаны, көшелерден қар­дың уақытылы әкетілмегені Үкі­метте сөз болды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұр­ғымбаев 9 мың адам және 1 730 техника сумен күреске кірі­суге дайын екенін баяндады. 13,5 мың тонна жанар-жағармай, су алдына тасталар 152,6 мың тонна инертті материал, 840 мың құм толтырылған қап, 47 тонна жарыл­ғыш қоры әзірленді. Түрлі 900 тех­ника, оның ішінде мото­пом­па­лар, жүзу құралдары, жол талға­май­тын құралдар сатып алынған. Тілсіз «қарсылас» басып алған жерлерден халықты эвакуациялау үшін адам қабылдайтын 1 707 бекет жасақталды. Әкімдіктер оларға палаткалар, төсектер, азық-түлік пен ауызсу қорын да­йындады. Су қоршауында қалмас үшін «шегіну» бағыттары жаңар­тылыпты. ІІМ күштері мен құрал­дарының топтары құрылды. 25 ақпаннан бастап басқару штабы Нұр-Сұлтанда орналасқан «Көк­тем-2020» республикалық коман­далық-штабтық оқу-жаттығулары өткізіледі. Оның барысында жұ­мылдырылған күштердің әзірлігі тексерілетін болады. Бірақ билік бәрібір толық­қан­ды дайын емес. –Жалпы, биыл су тасқынына толық әзірлік туралы айтуға әлі ерте. Су басу аймақтарында ор­наласқан үй тұрғындарын қауіпсіз учаскелерге көшіру бойынша жоспарланған іс-шаралар орын­далмады. Бұл шығыны көп іс-шара екені сөзсіз, алайда жұмыс істелмесе, салдары бұдан да ауқымды болуы мүмкін», – деді Е.Тұрғымбаев. Мысалы, алдыңғы жылы Атбасар қаласын көшіру жобасы құпталғаны есте. Сондай-ақ 2019 жылы жос­пар­ланған 91 іс-шараның 36-сы іске аспай қалды. 2020 жылы тағы 132 іс-шараның орындалмау қаупі бар, оның тек 53-і республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Үкімет қалғанына қаржы табуды әкімдіктерге жүктеді. ІІМ басшы­сының айтуынша, тасыған суды бұру үшін қолданыстағы су қой­маларында бос орын болуы керек. Дегенмен 463 гидротехникалық құрылыс көнерген, олар жөндеуді қажет етеді және шектен тыс салмақ түссе, өздері де су тасқыны қатерін тудыруы ғажап емес. Ақпаратқа қаныққан Асқар Мамин барлық әкімдерге бүгін­нен бастап жағдайды күнделікті бақылауға алуды жүктеді. Әкім­қараларға әсіресе ауылдардан қарды шығару үшін қолда бар техника мен жұмыс күшін тегіс жұмылдыру тапсырылды. Үкімет басшысы Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне республикалық маңыздағы авто­трассалар мен теміржолдарды су шайып кетпеуі үшін тәулік бойы бақылау ұйымдастыру міндетін қойды. «Экология министрлігі су қой­маларын толтырудың қауіпсіз көлемін анықтап, олардың то­луына тұрақты бақылау жасауды қамтамасыз етсін. Қажет болған жағдайда су қоймаларын алдын ала босату шараларын қабылдау керек» деп түйді А.Мамин. Қазақстанда төтенше жағдай туындау қаупі аса жоғары жерлер көрсетілген «Қауіптілік картасы» жасалғаны белгілі болды.   Айхан ШӘРІП