Ағайынның татулығы сыналған сәт
Ағайынның татулығы сыналған сәт
612
оқылды
Шын дос қуаныштан бұрын жұбанышты сәттерде қасыңнан табылуы керек. Қазақтың ежелгі тәмсілі осындай ойға жетелейді. Егер досың һәм бауырың тұтас мемлекет болса, жауапкершілік тіптен бөлек. Түркиядағы зілзала Анадолы жұртына ғана зардап әкелген жоқ, әрісі күллі адамзатты алаңдатса, берісі түбі бір туысқан мемлекеттердің сыналар шағын туғызды. Ал Қазақстан осынау сәтте қапы қалмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Түркияға дер кезінде көмек көрсетуге бекінді. Әлбетте, Түркияның оң­түс­тік шығыс аймағын ойсыратып, оннан астам қалаға зақым кел­тірген, кейбір аудандарды жер­мен жексен еткен зілзаланың зар­дабын әзірге бағалау оңай бол­май тұр. Жер сілкінісінен қаза тапқандар мен жаралан­ған­дар саны күн санап өсіп ба­рады. Түркия экономикасына нақты қандай зиян келгенін болжау қиын. Тіпті, әзірге эко­номика жайлы айтып, ақша санаудың да қажеті жоқ сияқ­ты. Ең маңызды іс – адамдарды құтқару, қажетті көмекті дер кезінде ұсыну. Өзгесі рет-ре­тімен бола жатар. Содан да болар, Түркия мен Таяу Шы­ғыстың өзге де бірқатар елін шарпыған алапат зілзаланың хабары шыққан бетте қазақ­стан­дықтар да елеңдесіп қалды. «Қайтпек керек?» дескендердің қарасы мол еді. Бұқара Қазақ мемлекеті қандай қадамға ба­ра­тынын күткендей көрінген. Ал Қазақстан бауырлас жұртқа жәрдемге ұмтылды.   Президент пәрмен берді, Үкімет іске кірісті 6 ақпан күні таңда Түркияның Қаһ­раманмараш қаласында қуа­ты 7,7 балл болатын жер сілкісіні болғаны жайлы ақпарат Қазақ­стан аумағында түске қарай тарай бастады. Өйткені Түркия мен Орта­лық Азия елдері уақытының арасында 3-4 сағаттық айырма­шылық бар. Қаралы хабардың кеш жеткені содан. Ал Қазақстан Президенті түс ауа Түркия бас­шы­сы Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтуы жеделхатын жолдады. Жеделхатта «Түркия Респуб­ликасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәт­те жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл тү­рік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақ­стан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын» деп жазған Қасым-Жомарт Тоқаев. Сол күні кешке қарай Түркия Президентімен телефон арқылы сөйлесті. Шамасы зілзаланың қаншалықты ауқымды болғаны, зардабының қандай ауыр болуы мүмкін екенін түріктер де түс ауа ұғынған сыңайлы. Оның үстіне, Түркия уақытымен бесін кезінде 7,5 балдық афтершок болғаны тағы бар. Демек, Түркияның жәрдемге мұқтаж болуы әбден мүмкін еді. Осы жағдайды ескер­ген болуы керек, Р.Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескен Қа­зақ­стан Президенті іздестіру-құт­қару жұмыстарына қажет көмек беруге даяр екенін айтты. Күндіз жолдаған жеделхатында да Қазақ­стан басшысы Түркияға көмек­тесуге даяр екенін жазған-ды. Сөйтіп, Президент арнайы тапсырма берді. Қазақстандық құтқарушы топ 6 ақпаннан 7 ақ­пан­ға қараған түні-ақ даярлыққа кірісті. Төтенше жағдайлар министрлігінің 41 маманы мінген ұшақ Түркияның әуе кеңістігіне 7 ақпан күні 15.30-да енді. Ұшақ Газиантеп қаласына қонған бетте құтқарушылар бірден іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Сөйтіп, ақпанның 7 ақпаннан 8 ақпанға қараған түні үйінді астынан бір әйел адамды шыға­рып алды. Осылайша, Қазақстан бауырлас жұртқа дер кезінде қол ұшын созып, тиісті мамандарын жіберген алғашқы елдердің қата­рына кірді. Кейін белгілі болған­дай, оқиға орнына жеткен қазақ­стандық мамандар апаттың аса ауқымды болғанын көзбен көрген соң қосымша күш сұратқанға ұқсайды. Ал шетелге әскери не­месе әскериленген күштерді еш­бір министр Президенттің рұқса­тынсыз жібере алмайды. Сол се­бепті 7 ақпаннан 8 ақпанға қара­ған түні Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қосымша Түркияға 60 құтқа­ру­шы жіберу туралы тағы тапсыр­ма бергені белгілі болды. Қазақ­стан құтқарушыларының екінші тобы 60 адамнан жасақталды. Олардың ішінде ТЖМ құтқару­шылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, кино­логиялық есептері бар. ТЖМ жедел әрекет ету күштері Түркияға авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрін алып барды. Түркиядағы зілзала Ал 8 ақпанда Үкіметке Түр­кияға шұғыл көмек ретінде 1 млн доллар бөлу жөнінде пәрмен тағы берілді. Әрі Қазақстанның өкілет­ті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастыра бастады. Бұл дегеніңіз – Қазақстанның көмегі 101 маманмен және 1 млн доллар­мен шектелмейді деген сөз. Апат зардабын жоюдың өзге де қадам­дары қарастырылуы мүмкін. Тіп­ті, басқыншыдан азат етілген Әзербайжанның Физули қаласы­на Қазақстан өз есебінен мектеп салуға бекінгені сияқты алдағы жылдары Түркияның зілзаладан зардап шеккен аймағына да әлеу­меттік нысандар тұрғызу жағын қарастыруы ғажап емес. Бірақ он­дай шаруалар уақыт еншісіндегі дүние. Әзірге адамдарды құтқару маңызды. Одан бөлек, қасірет шек­кен қауымның қайғысы бөлісу де маңызды. Соны ескерген Қазақстан басшысы Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған ала­пат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байла­нысты көңіл айтты. Сондай-ақ Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. Көңіл айту кітабына жазба қалдырды. «AMANAT» партиясының Төра­ғасы Ерлан Қошанов та түрік жұр­­тының қайғысына ортақ­тасып, Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.   Қазаны бөлек болғанмен, қайғысы ортақ жұрт Қазақстандықтар Түркияда болған зілзалаға «қазаны бөлектің, қайғысы бөлек» деп қарамады. Ба­сына іс түскен бауырына жанашыр болатын туыс екенін танытып жатыр. Түркияның Қазақстандағы елшілігі ашқан арнайы есепшотқа қаржы аударып жатқандар да, арнайы қаржы жинауды ұйымдастырушы еріктілер де бар. Тіпті, бірер күнде 9-10 млн теңге қаржы жиналып та қойыпты. Олар қаржыға киіз үй немесе шатыр сатып алып, Түр­кияға жөнелтуді жоспарлап отыр. Одан бөлек, ерікті болып аттануды қалайтындардың да аз емес екені байқалады. Ал мемлекет еріктілер­дің әрекетін үйлестіруді де қолға алмақ екен. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің әлеуметтік желіге жариялаған арнайы үндеуі дәлел. Министр: «Түркиядағы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы өкілетті органдарға шұғыл көмек көрсетуді тапсырғаны белгілі. Бұл орайда мемлекет көмегінен бөлек, ел арасында азаматтар да қайы­рым­дылық жасау жолдарын сұрап жатқаны белгілі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің үйлестіруімен Ұлттық волонтер­лер желісі Түркия Республикасын­да жер сілкінісінен зардап шек­кен­дерге гуманитарлық көмек жи­нау іс-шарасы басталғанын ха­бар­лайды. Гуманитарлық көмек республикалық маңызы бар бар­лық қалаларда мен облыс орта­лықтарындағы Birgemiz өңірлік во­лонтерлер фронт-офистерінің кеңселерінде ұйымдастырылып, Ұлттық волонтерлік желісі арқы­лы Қазақстан Республикасындағы Түркия елшілігіне тапсырылады» деп жазды. Ал «Отандастар» қорының қызметкерлері апаттан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын да аударыпты. Мұны біз қордың әлеуметтік желілердегі парақшасынан білдік. «Адамзат атаулыны алаңдатып отырған Түркиядағы жойқын жер сілкіні­сінің қайғы-қасіреті бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Қазіргі кезде түбі бір түрік елінде 75 мыңға жуық қандастарымыз бен отандастарымыз бар. Зілзала аймағында тұратын түрік ағайын­дармен қатар, этникалық қандас­тарымыз бен осында оқып жатқан және жұмыс бабымен жүрген азаматтарымыздың дін аман болуына шын жүректен тілек­теспіз. Аза бойымызды қаза қыл­ған қайғылы оқиғаға байланысты бауырлас Түркия еліндегі зілзала апатынан зардап шеккендерге қолдау ретінде шетелдегі қандас­тар мәселесімен айналысатын «Отандастар қоры» коммерция­лық емес акционерлік қоғамының қызметкерлері ерікті түрде бір күндік еңбекақысын аудару жө­нін­де шешім қабылдады» деген ақпарат таратты «Отандастар» қорының Президенті Абзал Са­пар­бекұлы. Қысқасы, қазақстандықтар бауырлас елдің қайғысына ортақ­тасып, ауыртпалығын жеңілдету қазақ аянып қалмайтынын бай­қат­ты. Ал бауырға деген жанашыр­лық – ұлттың тілегі. Ел басшылары бұл тілекті түсінетін сыңайлы.

Ардақ СҰЛТАН