Ұшақ апаты: куәгер оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Ұшақ апаты: куәгер оқиғаның қалай болғанын айтып берді
© 24.kz
255
оқылды
Өскеменнің маңында ұшақ апатқа ұшырады, деп хабарлайды «Хабар 24». Бортта 5 адам болған. Барлығы аман. Дәрігерлер толық тексеруден өткізген соң төртеуін үйлеріне қайтарды. Тек біреуі басы мен бұғанасынан жарақаттанған. Қазір ол ауруханада дәрігерлердің жіті бақылауында. «Өрлен-2000» компаниясына тиесілі АН-2 ұшағы соңғы жылдары шығыста санитарлық авиация саласында қызмет көрсетіп келеді. Негізінен алыс ауылдар мен аудандарға ұшқан. Бұл жолы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы 4 жасар нәрестені облыс орталығына жеткізу мақсатында Өскемен-Ақсуат бағытында ұшып шыққан. Бірақ арада 5 минут өткенде қозғалтқышынан ақау шығып, шұғыл қонуға мәжбүр болған. Ал бортта жалпы 5 адам отырған. Ұшақ Прапорщиково ауылы маңындағы жазық даладағы қалың қардың үстіне кеп қонады. Аударылып, отқа оранған әуе көлігінің ішінен 5 адам өз күштерімен шыққан. – Бұл жердегі қардың қалыңдығы шамамен 1-2 метр болады. Мамандардың айтуынша, ұшақтағы адамдардың аман қалуына да өз септігін тигізген. Қазір құтқару жұмыстары аяқталды. Енді тергеу, тексеру басталды, - дейді тілші  Олжас Керейхан. Суық хабар түскен бойда барлық құзырлы құрылымдар суыт жетіп, 2 экипаж бен 3 медицина қызметкерін ауруханаға жеткізді. Бірден медициналық көмек көрсетілді. Төрт адамның 12 мүшесі сау болғандықтан, бірден үйлеріне қайтарылды.Тек біреуі ғана ауруханаға жатқызылды. – Ауруханаға жатқызылған зардап шегушінің бұғана сүйегі зақымданған. Дегенмен ұшақтың осындай қауіпті қону сәтін ескерсек, жеңіл жарақат деп қарауға болады. Сондықтан біздің дәрігерлердің жіті бақылауында, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ли. Зардап шеккендердің бірі – Рафаил Халитов. Енді бұл күнді өзімің екінші туған күні деп қабылдаймын дейді. Дегенмен ол қызметіміз қауіп-қатерге толы болғандықтан, мұндай оқиғаға іштей дайын жүреміз дейді. 30 жылдан астам еңбек өтілі бар азамат ұшқыштың жылдам әрі дұрыс шешім қабылдағанына риза. Өйткені маңайдағы ауыл тұрғындары да, борттағы жолаушылар да дін аман. – 10 минуттай қалыпты жағдайда ұштық. Содан кейін қозғалтқыштан ақау шықты. Содан соң ұшқыш жазық далада, қалың қарға шұғыл қона бастады. Осылайша ұшақ аударылып, өрт  шықты. Аударылар кезде барлығымыз қауіпсіздік белдігімен болдық. Бірден оны шешіп, есіктен шығып, қауіпсіз аймаққа жүгірдік. Осылай аман қалдық.Екінші туған күнім деуге болады, - дейді зардап шегуші, қалалық санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі Рафаил Халитов. Өте қауіпті жағдайда қонған ұшақтағы өрт өршімес үшін Өскемендегі өрт сөндіру, полиция және медицина саласының мамандары толық жұмылдырылды. Оқыс оқиға болған жер бірден қоршалды, Ал ұшақ қай жылы шыққан, қанша сағат ұшқан, техникалық жағдайы қалай болғанын арнайы құрылған тергеу тобы анықтайтын болады