Қалада өсіп, далада кәсіп бастады
Қалада өсіп, далада кәсіп бастады
1,767
оқылды
Екі бірдей шетел білімімен сусындап, заңгер атанған Жәнібек Кенжебаев мемле­кеттік қызметін тастап, Торғайдың иен да­­­ла­сына заманауи ферма салып, іске қос­­ты. Қазір мыңғырған мал ұстап, кәсі­бінен адал нәсіп тауып отырған азаматтың шаруа қожалығындағы қоражайы мен жұ­мысшылары тұратын тұрғын үй кешені бес жұлдызды қонақүйден кем емес. Шаруашылық толықтай цифрлан­дырылған. Содан күнделікті мал санағы да электронды режимде жүргізіледі. Арнайы чип арқылы кез келген уақытта қалаған малдың анықтамасын білуге де мүмкіндік бар. Қазір қожалықтың қойына Біріккен Араб Әмірліктерінен сұраныс артып келеді екен. Алдағы уақытта кәсіпкер ірі қара мал етін де шетел асыру туралы келісімшарт жасасып жатқан көрінеді. Бұл үшін ол ауыл шаруашылығы саласындағы ғалым­дардың ақыл-кеңесіне жүгініп, қазақтың асылтұқымды малдарын бір-бірімен будандастырып, түрлі зерттеу жасап жүр. Осы арқылы «Береке» шаруашылығы бүгінде берекелі жұмыс орнына айналып, ондаған адам тұрақты жұмыспен қам­тылған. Қала баласының қыр жұмысын қалай шыр айналдырып, істі ұршықша иіріп кетуінің сырын білгіміз келді. Шаруашылықтың қожа­йыны Жәні­бек Кенжебаев қалада туып-өскен. «Ауыл көрмедім» деп айтпаса да, жиі жолы түспеген соң ауылдан алыстап қалған ақ саусақ екенін өзі де мойындайды. Мек­тепті бітіріп, елордадағы жоғары оқу ор­нында «Халықаралық құ­қық» маман­дығы бойынша білімін шың­дайды. 5-6 жыл мемлекеттік қызметте еңбек етіп, арасында АҚШ пен Ресейде тәжі­рибе жинақтап, оқуын да жалғас­тыруға үлге­ріпті. Көп кешікпей, кәсіп­керлікпен айналысып, елдің тұрмысын жақсартуға титтей септігін тигізе ала­тынын түсін­генін айтқан кейіпкеріміз: «Ұзақ ойлан­бастан өзіме мүлдем таныс емес кәсіп­керлік жолды таңдадым. Алғашында IT-жобаларды қолға алып көрдім. Қазақ­станның ең бірінші косметикалық брендін шығаратын кос­метика өндірісі зауытында басшы да болдым. Сол жерде жүрген кезде де «Ары қарай не істеймін? Дамуым үшін не істеу керек?» деген сұрақ күні-түні маза бермеді. Өз бетімше нарықты зерттей келе, ауыл шаруа­шылығына көзім түсті. Осы саланың мамандарымен кездесіп, ақыл-кеңесін тыңдап, бес жыл бұрын елімізде кенже қалған мал шаруа­шылы­ғына біржола бет бұрдым. Біріншіден, өзіме мүлдем таныс емес салада бағымды сынап көргім келсе, екіншіден, білімді, тәжірибелі жастарға стимул болып, жол көрсетуді жөн көр­дім», – дейді. Ұзақ жыл бойы реформаның тәжірибе алаңына айналған тұрғындар бүгінде атақонысын тастап, қалаға көшуге мәж­бүр. Осындай мәселелерді ой елегінен өткізіп, өз өмірін мал шаруашылығына арнаған Жәнібек «ауыл халқының жағ­дайын жақсартуды азаматтық парызым» деп санайды. Ауыл шаруашылығындағы алғашқы қадам Кәсіптің көзін тапқан кейіп­керіміздің шаруа қожалығы күн сайын көркейіп, мал басы жылдан-жылға артып келеді. Мал шаруа­шылығын қолға алғанын мақтаныш ететін ол «Өзгелер де тұралап қалған ауылдың тамырына қан жүгіртіп, еңсесін тіктеуге атсалысса екен» деген ойын жеткізді. Жәнібек Кенжебаев – Бізде білімді, іскер, еңбекқор жігіттер көп. Олардың дені қаланың жайлы өмірін ауыл тіршілігіне арнаудан қашады. Бәрінен бұрын олар сол өздері көріп жатқан мүмкіндікті ауыл халқының да көруіне жағдай жасағысы келмейтіні таңғалдырады. Қала сыртына шықпаған мен де қиыншылық көруден қашуыма болар еді. Әйтпегенде қаланың жайлы өмірінен қол үзіп, өркениеттен алшақ қалған ауыл өмірінде қала баласын күтетін қиындық аз болған жоқ. Бірақ ауыл өмірінің артықшылығы көп екенін көрдім, – дейді Жәнібек Кенжебаев. Бес жыл бұрын мүлдем қазақша сөйлемейтін ол қазір қазақ тілінде таза сөйлемесе де, өз ойын ана тілінде жеткізе алады. Кәсіпкерліктегі ең бірінші жетістігі де осы шығар, бәлкім. Керісінше қырдың қиыншылығы қала баласын ешқашан өз мақсатынан бір сәтке айныта алмапты. Өйткені мақсатты түрде шешім қабылдап, тәуекелдің қайығы кез келген кедергіден өтуге себепші болып келеді екен. «Алғашқы жылдары әр күнім қиындықпен басталды. Бірде жылқыны қораға санап кіргізіп жатырмыз. Қайсысы айғыр, қайсысы бие екенін білу үшін жылқышылар құйрығын көтеріп көреді. Ал мен астына қарап тұрғам. Сөйтсе астынан жас айғыр мен биені ажырату қиын болады екен. Сөйтіп бір табында 70 айғыр деп санап жіберем. Әріптестерім «бізде ондай айғыр жоқ» деп күледі. Қайтадан кіргізіп, қайтадан санасақ, 25 айғыр бар екен. Бірақ екінші рет ол қатені жіберген жоқпын. Сосын қаланың менталитеті біразға дейін ауыл адамдарын түсінуге кедергі келтірді. Мен оларды түсінбеймін, олар мені түсінбей, біраз қиналдық. Оларды қала халқы етемін деп жүргенде, олар мені ауылдың адамы етіп жіберді. Ол үшін ешқашан өкінген емеспін. Олардың арқасында сапалы өмір сүріп жатырмын. Тамаша табиғаттың ортасында, малдың қасында сапалы өнім пайдаланып жүрмін», – дейді біздің жас фермер. Трендті де тиімді пайдаланған жөн Қазір ол басқаратын «Береке» шаруа қожалығы Қостанай облысындағы ең үлкен жылқы шаруашылығы, ал Қазақ­станның ішіндегі он үлкен қожалықтың біріне кіреді. Аз ғана уақыттың ішінде мыңғырған мал жинап, кәсіп дөңгелету­дің құпиясымен бөлісуді сұра­дық. Айтуынша, қазір кәсіп бастаймын деген­ге мүмкіндік мол. «Қожалықты ашу үшін адамға ақша керек. Ондай қаражатты алу үшін банкке кепілдік реті­нде қоятын жылжымайтын мүлігің болу міндетті. Сондықтан қазіргі трендті тиімді пайдалануды ұсынамын. Бүгінде ірі кәсіпкерлер ақшасын ауыл шаруа­шылығына көп құя бастады. Сол трендті пайдаланып, 5-10 жылдан кейін үлкен кәсіптің иесі атануға мүмкіндік бар. Бірақ тағы айтамын, алдымен кез келген қиыншылыққа дайын болу керек. Оңай олжа жоқ», – дейді Жәнібек. Өйткені фермер не жарығы, не суы, не газы, не жолы жоқ айдалаға жұмысшы шақырып, кәсіп бастаудың қиындығын бір кісідей біледі. – Біздің қожалыққа ең жақын ауылға жазда 5-6 сағат жүресің, қыста бір тәулігің жолға кетуі мүмкін. Соған қара­мастан, мал басын осы жерде көбейтуге тәуекел еттім. Себебі, бұл жерде қауіп-қатер аз болды. Ауылға жақын маңда мал санын көбейту қиын. Ауру малмен араласып, не болмаса жолға шығып кетіп, малды ұрылар айдап кетуі мүмкін. Бастапқыда айдалада шаруашылықты дамыту қиын боларын білдім. Бірақ «шешінген судан тайынбас» демекші, 4 жылдың ішінде жаңа тұрғын үй кешенін тұрғыздық, жұмысшылардың бүкіл жағ­дайын жасадық. Бұрын кадр тапшылығы болды. Одан да қиыны келген адамды алып қалу еді. Түсіндіріп алып келген күннің өзінде аз ғана қиыншылыққа төзе алмай кетіп қалып жатты. Бір айда ұжымның 50 пайызы ауысып тұратын. Оларды ақшамен алып қала алмайсың. Себебі, тұруға мүмкіндік жоқ жерде жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан көп ойланып ғимарат салдық. Қазір маман жеткілікті. Науқандық жұмыстар басталар кезде 70-80 жұмысшы қажет болады. Келген адамдардың барлығын жатын орынмен қамтамасыз ете аламыз. Отбасымен келіп жұмыс істеймін деген­дерге бөлек орынжайларымыз қарас­тырылған, – дейді Жәнібек Кенжебаев. Даланың дәмін брендке айналдыруды армандайды Басында айтқандай, шаруашылық­тағы әрбір малға чип орнатылған. Бұл қауіпсіздік үшін ғана емес, әрбір чипте малдың төлқұжаты бар. Онда малдың түрі, жасы, жынысы, түсіне дейін жазыл­ған. Бұл чипті дамыған елдер баяғыдан қолданысқа енгізген екен. Ал фермер чиптерді Аустралия мен Жаңа Зелан­диядан алдырып, 1 жылдың ішінде 7 мың басқа малға чип орнатқан кездері болғанын айтады. Өйткені құрылғы әрбір қожалыққа қажет. Осы арқылы шаруашылықтағы 3000 бас жылқы, 1000 сиыр мен 2500 қойдың қайда жүргенін анықтауға мүмкіндік туындады. ферма Қазір саудагерлер қожалықтан мал алу үшін кезекте тұрады. Тіл үйіретін дәмді еті үшін қожалықты іздеп шетелден де талай делегация келген. Ал мұндай деңгейге жету үшін Жәнібек «Өз ісіңде тіс қаққан маман болу керек. Сол кезде сұраныс артады» дегенді айтады. – Біздің ет табиғи дәмді. Қағидамыз – экологиялық таза өнім беру. Арнайы дәрі-дәрмексіз, қосымша жем­шөп беріп бордақыламаймыз. Біздің мал жыл бойы өрісте жүреді. Даланың дәмі ұлттық бренд болу керек. Біздің мақсат – брендімізді халықаралық деңгейге шы­ға­рып, қазақтың етіне әлемнің сұранысын арттыру. Осы арқылы Қазақстанның ет нарығын 100 пайыз өзіміздің табиғи етімізбен қамтамасыз етуге болады, – дейді қожалық басшысы. Тыңнан жол тауып, түрлі кедергілерге тап болса да табандылықтың арқасында мақсатына жеткен Жәнібек сөз арасында қазақтың ұлттық брендіне мемлекеттік қолдаудың аз екенін айтып қалды. Мәселен, сан ғасырдан бері үйір-үйір жылқы баққан қазіргі қазақ шаруалары жыл­қы бағудан қашады. Өйткені мемлекеттен жылқыға мүлдем субсидия бөлінбейді екен. «Мемлекет тарапынан қолдаудың жоғы қоғамдағы көзқа­рас­қа да кері әсерін тигізіп отыр. Фермердің имиджін жақсарту керек. Өкінішке қарай, осы себепті қазір екінің бірі заңгер, экономист, мұнайшы, не болмаса мем­лекеттік қызметте өскісі келеді. Мал­шы боламын дегенді кездестіру қиын. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргенді жөн көреді», – дейді Жәнібек Кенжебаев. Қысқасы, «қалауын тапса қар жана­тынын» көрсетіп, қырда кәсібін бастаған қала баласының кәсібін үйреніп, елдің ертеңіне үлес қосуды мақсат еткен әрбір азамат арманға жетудің амалын қарас­тырғаны абзал.