Қару саудасы: 30 автомат кімге арналды?
Қару саудасы:  30 автомат кімге арналды?
427
оқылды
Соңғы кездері елімізде қару-жарақ сатпақ болып ұсталғандар жайлы ақпараттар дүркін-дүркін естіле бастады. Бұрын азамат­тардың заңсыз қаруды тапсыр­ғаны үшін мемлекеттің ақша тө­лейтіні жайлы естуші едік, кейінгі кездері ел ішінен жететін хабар-ошардың сипаты өзгерді. Рас, бұқара ең алдымен Шымкенттегі әскери бөлімнен 30 автомат, 29 тапанша ұрлаған сарбаздың ісін естігенде үрпиісе қалған. Сөйт­­сек, қару-жарақ ұрлығы ел­де аз кездеспейді екен. ҰҚК жаңалықтарын бақылап отырған адам былтыр да, одан бұрын да елде қару-жарақты заңсыз жолмен саудаламақ болғандардың жиі ұсталғанын байқайды. Мәселен, тек 2019 жылы ҰҚК елімізде қа­ру контрабандасының 14 арнасын тап­қан. Олардың екеуі халықаралық кон­трабанда болса, он екісі қару-жарақты ел ішінде са­татын топтар екен. Операциялар барысында трансұлттық қылмыстық топтардың 10 жетекшісі мен сыбайласы ұсталып, атыс қаруын жасайтын 4 мини-ауыт жойылған. 4 граната атқыш, 23 ав­томат, 34 пистолет, 35 граната, 55 мылтық, 2 333 келі жарылғыш зат, 4 750 оқ-дәрі тәркіленген. Одан бөлек, 240 келі уран концентратын ұрлағандар ұсталған. Бұл 2019 жылғы деректер. Оған Шымкенттегі ұрлықты қоссаңыз, статис­тика өзгеріп сала береді. Бұл жерде біз тек бір жылдың айналасындағы деректі ғана келтіріп отырмыз.  

Сатып алушы кімдер?

Жалпы, қылмыстық істер хрони­ка­сында, әдетте қару-жарақты кімдердің сатып алатыны жайлы тым сирек айты­лады. Тергеу жұмыстарына кедергі келті­реді-мыс. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер саласының қызметкерлерін де түсінуге болады, тергеу үшін кейбір ақпа­раттар жарияланбауы қажет. Дегенмен деректерге көз жүгіртсеңіз, бы­л­тыр қару-жарақ саудасымен айналысқандар экс­тремистер мен террористер тапсырысын орындауға ұмтылған ба деп қаласыз. Өйткені граната атқыш пен жарылғыш заттарды әдетте террористер қолданады. Қылмыстық топтар үшін пистолеттер, аңшы мылтықтары, әрі кетсе автоматтар жеткілікті. Оның үстіне, ҰҚК мәлімет­терінде 240 келі уран концентратын қолды қылғандар жайлы айтылған. Ал уранды кәдімгі көше бұзақылары мен ұры-қары, тонаушылар не қылсын? Байытылған уранды қолға түсіріп, ядролық қаруға қол жеткізуді тек қана халықаралық терро­ристік ұйымдар ғана армандайды. Әрине, кейбір мемлекеттердің де ядролық қару жасағысы келетіні рас. Бірақ олардың жо­лы бөлек. Сондықтан қару-жарақ сауда­сының артында халықаралық терроризм тұр-ау деп тұспалдаймыз. Ал әзірге қару-жарақты сатқандар ғана ұсталып жатыр. Шымкенттік сарбаздың ұрлығында да солай. Екі сыбайласы мен бірнеше та­панша сатып алған «клиент» ұсталды. Бі­рақ 30 автоматты қалай һәм қайда өткізбек болғаны жайлы әзірге дерек жоқ. Бәлкім, тергеу кезінде анықталатын болар. Біз тек өзімізше тұспалдадық.  

Қылмыстық топтардың да «сүйенері» бар

Әдетте, қару-жарақ және есірткі кон­трабандасымен трансұлттық қылмыстық топтар айналысады. Мұны құқық қорғау саласының кез келген қызметкері біледі. Өйткені қару-жарақ саудасы мен есірткі тасымалы ұсақ-түйек қылмыс емес. Ұйым­дасқан, арнайы арналары бар. Бәлкім кейбір мемлекеттік органдарда сүйенері немесе ақпарат беретін адамдары болатын, бірнеше елге қанатын жайған қылмыстық топтар ғана қару-жарақ пен есірткі сау­дасына тәуекел ете алады. Өйткені мұндай қылмыстың жолын кесу үшін құқық қорғаушылар барын салады. Сондықтан көше бұзақыларынан гөрі трансұлттық қылмыстық топтарға қатысты күдігіміз басым. Оның үстіне, ресми органдар да жеке адамдардан гөрі, ұйымдасқан топтарды жиі құрықтайды. Демек, біздегі қару-жарақ саудасының өрши бастауы мұндай топтардың белсенділігі артқанын аңғартатын сияқты. Әрі құқық қорғау органдары қызметіндегі олқылықты көр­се­теді. Оның үстіне, қару-жарақ сатумен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де айналысқаны жайлы деректер бар. Мәселен, былтыр маусым айында ҰҚК қызметкерлері ұстаған қылмыстық топқа Алматы қалалық ішкі істер департаментіне қарасты бөлімдердің бір қызметкері көмектесіпті. Ол ІІМ балансында тұрған оқ-дәріні қылмыскерлерге шығарып берсе керек. Ал Шымкенттегі оқиғада қару ұрла­ған сарбазды бақылауда ұстамаған бөлім басшыларының да салғырттығы бар. Әрине, салғырттықты бірден сыбайластық деуге келмес. Бірақ салдары сыбайлас­тықтан да кем соқпайтынын соңғы ұрлық дәлелдеді.    width=Амангелді ҚҰРМЕТ