Альпинистер ырымға сенбейді – Аманер Темірбаев
Альпинистер ырымға сенбейді – Аманер Темірбаев
1,019
оқылды
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақсуат ауылының тумасы, жиыр­ма жеті жастағы Аманер Темір­баевтың кәсіби түрде альпи­низм­мен айналысып жүргеніне жеті жыл. Ол бүгінге дейін биік­тігі мен қиындығы әртүрлі 50-ге тар­та шыңды бағын­дыр­ған. Бі­рақ кейіпкеріміз «шыңды бағындыру» деген тіркесті ұнатпайды: оның айтуынша, табиғат ешқашан адамның ал­дында тізе бүкпейді, бұл – бірі жеңіп, бірі бағынатын алаң емес, керісінше бізге онымен келісімде өмір сүруге ұмтылу керек. Таудың биіктігі ғана емес, жолдың қиындығы да маңызды – Тауға деген сүйіспеншілігіңіз неден басталды? Альпинизмге қа­шаннан бастап бет бұрдыңыз? – Мектепте бесінші сыныптан бастап туризм үйірмесіне қатыс­тым, онда тау туризмі, ат туризмі, жаяу туризм деген сияқты әртүрлі бағыт бойынша білім алдым. Бірте-бірте облыстық, рес­пуб­ликалық, кейін халықаралық жа­рыстарға шыға бастадым. Оқушы кезімде Ресейге дейін барып қайттым. Мектеп бітірген соң, Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясының туризм факультетіне оқуға түстім. Сол жерде альпинизм үйірмесіне жазылдым. 2016 жылғы қыр­күйекте бұқаралық альпиниада өтіп, соның аясында Кіші Алматы шатқалында теңіз деңгейінен 4147 метр биіктікте орналасқан Молодежный шыңына көте­ріл­дім. Бұл – менің табаным тиген алғашқы шың еді. Осыдан бастап альпинизммен кәсіби түрде ай­налысып келемін. Бастапқыда үшін­ші, екінші, кейін бірінші раз­ряд алдым, сосын Алматы қа­ла­сының альпинистер құрама ко­мандасына кірдім. Алты жыл­дың ішінде бас-аяғы 50-ге жуық шыңға, олардың кейбіріне бес-алты мәрте, кейбіріне он шақты мәрте көтерілдім, сонда 150-200 рет тау басында болып келдім. Қазақстаннан басқа Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Пәкістан шың­дарына шықтым. Қазір аль­пинизмнен спорт шеберіне үміт­кер деген дәреженің шарттарын орындап жүрмін. – Разряд деп қалдыңыз... Олар таудың биіктігіне қарай ерекшелене ме? Альпинистер әуелі қандай биіктіктен бастайды? – Разрядтар таудың биіктігіне ғана емес, шыңға шығатын жол­дың қиындығына қарай да ерек­шеленеді. ТМД елдерінде қиын­дық санаты 1A-дан 6Б-ға дейін белгіленген. Мысалы, арнайы жат­тығудан өтпеген, бірақ дені сау қарапайым адамдар 1А қиын­дықтағы бағдарларды оңай ең­середі. Ал 6А мен 6Б – керісінше, өте ауыр бағдарлар. Мұндай жол­мен шыңға шығу әдетте бірнеше күнді алуы мүмкін. Оны ТМД альпинистері жы­лына әрі кетсе 1-2 рет қана өтеді. Кейбір бағдарлардың қиындық санатын қыс айларында жоғарылатады, өйткені қосымша кедергілер көбейеді. альпинис Үшінші разряд алу үшін 1Б санатты тауға екі рет, 2А санатты тауға екі рет, сондай-ақ 2Б са­натты тауға бір рет – жалпы саны бес тауға шығу керек. Ал екінші разрядты иелену үшін 3А санатты үш тауға, 3Б санатты үш тауға, сосын 2Б санатты бір тауға – жал­пы саны жеті тауға шығуың тиіс. Бір тауға оңай бағдармен де, қиын бағдармен де шығуға болады. Спорттық альпинизмдегі ман­сабыңыз біртіндеп өседі. Сізді келе сала ешкім Хан Тәңірі шы­ңына жібермейді. Бізде Аль­пи­низм федерациясы бар, олар тауға шығудың ережелерін үйретеді. Сабақ барысында тау бедерінің түрлері, таудағы қауіпсіздік, тауда бағдарлау, ауа райының өзгеруі, алғашқы көмек көрсету, жасанды жартаста, мұзда өрмелеу деген сияқты біраз дүниені меңгересіз, сосын физикалық жаттығулар бойынша норматив тапсырасыз. Содан кейін сізді 1Б санаттағы бағдарға жібереді. Соған аман-есен оралсаңыз, «Қазақстан альпинисі» деген төсбелгі аласыз. Табиғатпен текетірес жақсылыққа апармайды – Ең алғаш рет 4147 метр биік­тіктегі Молодежный шыңына шығыпсыз. Сол кездегі эмоцияңыз, ойларыңыз есіңізде ме еді? – Иә, бұл шыңға мен альпи­ниада кезінде көтерілдім деп едім ғой. Оған апаратын маршрут Тұйықсу шатқалынан басталып, Мыңжылқы метеостансасын басып өтіп, ары қарай Моло­деж­ный мұздығына жетеді. Жарысқа қатысушылар метеостансада қон­дық. Таңғы алтыда старт. Керекті жабдықтарды түгел үлестірді, жол бойы нұсқаушылар жол көрсетіп тұратыны тағы бар. Азанда ерте тұрдым да, менің алдымда бірінші кетіп бара жатқан адамдар спортшылар шығар деп ойлап, арттарынан ілес­тім. Сөйтсем ол кісілер ұйымдастырушылар екен. Сөйтіп алғашқы шыңыма алғашқы бо­лып шыққаным есімде. Жастау кезім ғой, кі­шігірім жеңісіме масаттанып, бойымды ерекше мақтаныш сезімі кернеп, таудың басында аз-кем тұрдым да, сол қарқынмен қайтадан төмен түстім. Жерге жеткенімде, басым ауырып, ж­ү­регім айнып, тау ауруы басталды. Күні бойы етектегі шатырда жат­тым. Егер мұқият дайындалып, асықпай мініп-түскенімде, тау ауруына шалдықпас едім. Бұл да бір болашаққа сабақ болды. – Ал ең қиынға түскен тау қандай болды? Жете алмай, амалсыз кері бұрылған сәттеріңіз көп пе? – 2022 жылы Тәжікстанда теңіз деңгейінен 7105 метр биіктіктегі Корженевский шыңына көтерілдік. Жанымдағы әріптестеріммен кішкене кешігіп келген соң, акклиматизацияға уақыт болмай, үш күннің ішінде тауға шығып кеттік. Сол кезде де тау ауруына шалдықтым. Әлбетте, армандаған шыңыма жете алмай, кері қайтқан сәттерім аз емес. Бірінде Пионер шыңында жарқабақтан құлап, миым шай­қалды. Енді бірде ауа райы кедергі келтіріп, алға жылжуға бірде-бір мүмкіндік бермей қойған соң, сапарымызды тоқтаттық. 2019 жылы Пәкістанда биіктігі 8611 метр болатын К2 шыңын мақсат тұтып барғанбыз. Бұл шың – Эверестен кейінгі екінші биік шың. Қыс кезі еді. Күн көзі кө­рінбейді, айнала ақтүтек боран. 6100 метрге жеткенде, тоқтап, кері бұрылдық. биік шың – Ондайда «еңбектің бәрі еш кетті» дегендей үлкен өкініш қала ма? – Жоқ, мұндайда аман түс­кенімізде қуанамыз. Бізде өз арамызда «жақсы альпинист – тірі альпинист» деген сөз бар. Біраз жол жүріп тастадық қой деп табиғатпен текетіресіп, ештеңеге қарамай, өрмелей беретін болсаң, ол жақсылыққа апармайды. Тау саған дейін пәлен ғасыр бойы өмір сүріп келген, сенен кейін де өмір сүре береді. Бұл жерде ең әлсізі сенсің. Сондықтан есің барда еліңді табуға тырысқан дұрыс. Альпинизм қымбат спорт емес – Елімізде бүгінде шамамен қанша альпинист бар? Олардың көбі кімдер? – Шамамен мың шақты альпинист бар. Көбі – 25-35 жас аралығындағы азаматтар. Бірақ қазақ жастары аз. Насихат аз болғандықтан да, альпинизмге қызығатындар жоқтың қасы. – Бәлкім «альпинизм – қымбат спорт түрі» деген түсініктен кейін қорқақтайтын шығар? – Мұндай түсінік коммер­циялық альпинизммен айналы­сатын әуесқойларға қатысты. Ақшаң болса, кез келген шыңға көтеріле аласың. Мысалы, Эве­реске шығу ондаған мың доллар тұрады, оның ішіне не кіреді? Сені бастап жүретін, сөмкеңді көтеретін, оттегі балоныңды ар­қалайтын, қысқасы, бүкіл жағ­дайыңды жасайтын команданы осы ақыға сатып аласың. Ал егер альпинизммен кәсіби түрде айналыссаңыз, сіз міндетті түрде федерация атынан жылына бірнеше рет жиындарға барып тұрасыз, шыңдарға да тегін шығасыз.  width= – Бізде альпинизмнің қай бағыты жақсы дамыған? – Қазақстандықтар көбіне командалық альпинизммен ай­налысады. Біздің команданы бүкіл әлем таниды. 2000-2011 жылдар арасында әлемде биіктігі 8 мың метрден асатын ең биік 14 шыңға біздің альпинис­тер ғана оттегісіз шығып түсті. Ресей әлі ол бағдарламаны орын­дамады. Жалғыз шығу, яғни соло альпи­низм әлдеқайда қауіптірек. Сон­дықтан елімізде оған онша көңіл бөлмейді. Қорықпайтын адамдар қауіпті – Тарихта кейбір альпи­нис­тердің жалған мәлімдеме жасағаны туралы бірқатар оқиға болған. Мә­селен, 1959 жылы италиялық Чезаре Маестридің Патагониядағы Серро-Торре шыңын бағын­дыр­ғаны туралы дау әлі бар. Альпи­нистің еш дәлелі болмаған: ка­мерасы жолда қаза тапқан досымен бірге жоғалып қалған екен. Шыңға шыққан сәтті қалай дәлелдей білу керек? – Көп таудың басында арнайы белгілер орнатылған. Соның қа­сында суретке түсу жеткілікті. Кейбір шыңдарда арнайы жәшік қойылып, ішінде жазба қалдыруға болатын дәптер жатады. Мәсе­лен, Молодежный шыңына шық­саңыз, қызыл қобдишаны көре­сіз. Амангелді шыңында пошта жәшігі бар. Бұрынырақта альпи­нистер жолай капсула тығып ке­тетін, оның ішінде «пәлен бағ­дармен өттік, пәлен деген аль­пинистерміз» дегендей жазба болады. Соны алып түссеңіз де шыңға шыққаныңыздың дәлелі. Тағы бір есте ұстар жайт, тау­дан аман түсуіңіз керек. Шығуын шығып алып, бірақ қайтар жолда мерт болсаңыз, онда шыңға шық­қан болып есептелмейді. Ең биік нүктеге 50-60 метр жетпей қал­саңыз да, шыңды еңсердім деп айта алмайсыз. альпинизм – Ырымға сенесіздер ме? Мы­салы, әлдебір нәрседен секем алып, қайтып кететін сәттер бола ма? – Альпинистер ырымға сен­бейді. Бізде, жалпы, сәттілік не сәтсіздік дегендей ұғымдар жоқ. Тек суық ақылға сүйенесің. «Сәттілік жақсы дайындал­ған­дарды сүйеді» дейміз өз арамызда. Физикалық дайындығың мен ауа райы дұрыс болса, басқа ештеңе бізді тоқтата алмайды. – Альпинизм мен қорқы­ныш бір-біріне сәйкес кел­мейтін ұғымдар ма? Биік­тіктегі қорқынышты қалай тізгіндеу керек? – Қорқынышсыз адам болмайды. Бірақ оны әркім әртүрлі жұ­мыс істетеді. Біреулерде қорқыныш үрей туғызса, біреулерде ол ойланып, күрделі жағдайдан жол табуға итермелейді. Қор­қынышы жоқ адамды тауға алып шығу қауіпті. – Тауға шыққысы келген қарапайым адамдарға қандай кеңес берер едіңіз? – Ерте қимылдаңыздар. Бізде алматылықтар тапа-тал түсте оянып алып, тауға барып қайтайын деп жолға шығады. Сөйтіп кеш түскенде әлі тауда жүреді. Кешкісін күн салқын­дайды, тауда бәрібір табиғат басқа, кейбіреулер қалып қойып жатады. Нағыз альпинист тауға шығуды таңғы төрт-бесте бас­тайды. Шың басында түскі сағат он екіде болады да, түстен кейінгі уақытта төменге түсуге арнайды. Ал Эвереске шығатындар сапарға түнгі он екіде шығады. Таң ат­қанда шың басына жетеді де, тұтас бір күн бойы төмен түседі. Яғни тауға шығу қалай маңызды болса, одан аман түсу де дәл со­лай маңызды. Бағана да айттым ғой, егер сіз шыңнан тірі түспе­сеңіз, «тауды бағындырдым» деп айтуға еш хақыңыз жоқ.