Жолға жатқан полицей
Жолға жатқан полицей
307
оқылды
Қарағанды облысында көктайғаққа байланысты жабылған жолға шықпақ болған автокөлік жүргізушілерін жібермеу үшін полиция қызметкері жолға жатып алған.  Нұр-Сұлтан – Теміртау автожолында болған оқиға туралы бейнежазба Instagram желісіндегі zhest_kz парақшасында жарияланды. Әлеуметтік желі қолданушыларының полицейдің бұл қылығына қатысты пікірі екіге жарылды. Мысалы, бір тарап «Бұл ешқандай да ерлік емес, жолға жатқаны несі? Доңғалағын ата ма, ОМОН шақыра ма, бірдеңе қып тоқтатсын, полиция заңды талап қойса, орындата алуы керек. Бұл әрекет не деп ақтаса да кәсібилікке жатпай­ды» десе, келесі тарап «Алып қашқан қызды тоқтатқан әжелердің әрекетін көріп өскен бала ғой» депті. Ал енді «Жүрегің елжіреп кетеді екен. Шынымен, бірнеше рет жо­лыма тұрып, трассаға шығармаған кездері болған. Трасса айнадай жалтырап жатқасын бәленбай сағат жібермей ұстап тұрып еді» дегендер де бар. Кадрда көлік жүргізушілер жабық жолға шығуға тырысып жатыр, бірнеше адам жолға көлденең қойылған патрульді маши­наны алып тастауға әрекет жасап тұр, осы кезде жүргізушілерді райынан қайтармақ болған бір полицей көлік жүретін жолға шалқасынан жатып алады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының хабарлауынша, қолайсыз күн райына және жаңбырдан кейінгі көктайғаққа байланыс­ты Нұр-Сұлтан мен Теміртаудың арасы 26 ақпан күні 20.45-те жабылған. Бұл оқиға да осы күні болған. Қарағанды облысының полиция департаментінің хабарлауынша, бірнеше көлік жүргізушісі жолдағы шектеуге қарамастан, өзі мен жолаушылардың өмірін қатерге тігіп, қозғалысты жалғастырмақ болған. Полицейлер жабық жолға шықпақ болғандарды райынан қайтару үшін шара қабылдаған. Полиция қызметкерлері заң талабын бұзған «Газель» мен Hyundai көлі­гінің жүргізушілерін қамауға алып, жауап­кершілікке тартып жатыр. Ал енді бір көлік жүргізушісіне жерде жатқан полиция қызметкерін қасақана баспақ болғаны үшін айып тағылмақ. Басқа да көлік иелері заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.   Тұмар МЫРЗА