Ағарту саласының абаданы
Ағарту саласының абаданы
1,314
оқылды

(Профессор педагог Тұрсынбек Баймолдаев туралы толғаныс)

Біз – алым-берім үш-төрт ай ғана жас айырмашылығы бар құрдастармыз. Ол бізден университетте бір жыл бұрын оқыды. Курсы біздің курстан мықтырақ сезілетін. Алғашқы жылдың өзінде курстастарының біразы тырнақалды өлең, әңгіме, мақаларын республикалық баспасөз беттерінде жариялап үлгергенін қайтерсің. Құрдас бола тұра, олардың мысы бізді басып тұратын. Танымал курсқа тартыла оқығаны-мыз хақ. Біз қуалай оқыдық, студенттер-дің ғы­лыми жұмысына қатысып жүреміз. Бірақ жеткізер болмады олар. Алға қарай шығандай шығып бара жатады. Шамасы, олар әрі қарай жоғары оқитын Шәкір Ыбыраевтың курсына тартыла, тіпті Сағат Әшімбаевтың қанаттастарына еліктеп ізденісін іргелендіре түседі-ау. Жет­кізбеді. Оқшырайып, курстың ал-дында отыратын тағы да Тұрсынбек Молдаханұлы! Тұрсынбекті бетке ала Рымғали Нұр­ға­лиұлы сынды ұстаздарымыз да сырты­нан мақтап, ішінен мақтаныш тұтып, бізге үлгі етіп айтып-айтып қалады. Бір жағынан, бұл біздің намысымызды қам­шылауы болар. Жетпісінші жылдары шоң Шыңғыс Айтматов пен туадраматург Қалтай Мұхамеджановтың мойынсерік болып жазған «Көктебедегі кездесу» аталатын адамның ар алдындағы арыла сырласуы жайында пьесасы қазақ сахнасына қо­йылды. Ол біртіндеп шетел сахналарына адымдап, аршындап аттанып бара жатты. Қазақтың майталман театртанушы ғалым­дары Б.Құндақбаев, Л.Богатенкова үнсіз. Ауыр артилерия. Тіпті, саланың сайыпқыран сыншылары Ә.Сығай, К.Нұрпейісов (Қ.Қуандықов марқұм) те аузына су толтырып алғандай. Олар да үнсіз. Сабақ үстінде драматургияның үз­дік зерттеушісі, профессор Рымғали Нұрғалиұлының аузына қараймыз. Ашық сұрақ беріп, аңтарылып отырған бізге қарап, Рымғали ұстаз айтады: «Менің бір талантты шәкіртім жақында мықты ма­қа­ла жазады. Сонда көресіңдер Шыңғыс­тың да, Қалтайдың да әуселесін. Тіпті, оның айтуына қарағанда, бұл морал проблемасын бірінші көтеріп отырған олар емес. Біздің Зейін Шашкин!...» Жұмбақтау жауап. Шыңғыс миф, Қалтай кумир... Ол екеуінің «аузын айға қаратып» жіберетін профессор айтқан жұмбақ жас пері кім болды екен? Ішімізді ит тырнайды... Жұмбақтың шешуін жабыла іздеп жүрген күннің бірінде Тұрсынбек Молдаханұлының ауыздығымен алысқан қос қаламгердің пьесасы бойынша, атақты Ш.Айманов, М.Гольдблаттан кейінгі реформатор режиссер ретінде Одаққа кеңінен танымал, «Советская культура» басылымының бетінен түс­пейтін Әзеағаң – Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов қойған «Көктебедегі кездесу» спектаклі жайында ойлы талдау мақаласы «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде жарқ ете қалғаны. Зейін Шашкиннің Адамды өзінің ары қинайтын психологиялық «Ақын тағдыры» пьесасын алға тарта отырып, автор Ш.Айтматов, Қ.Мұхамед­жановтың Ар, Арылу мәселесін адамзат­тық биік өреде көтеріп отырғанын сары­майдан қыл суырғандай етіп «майдалап» айтқан-ақ. Сүйсіндік. Сүйсіне оқыдық. Келесі сабақта Рымғали ұстаз шәкір­тінің «Қазақ әдебиеті» апталығы бетінде жарияланған көлемі көлдей, талдау мәнері мейлінше байсалды мақаласын мақтап ала жөнелсін. Студент мақаласы­ның сын айтылған сәттерінің қайшыға түсіп, қырқылып кеткенін де жасырып, жаппады. Шәкіртінен келешегі мол драматургия зерттеушісі шығарын да сүйсініспен айтып отырды ұстаз. Ұстаз се­німіне, онда да Рымғали Нұрғалиұлы­ның сеніміне ие болу – өз алдына бір бақыт! Тұрсынбек Молдаханұлы стдуент партасында отырып-ақ С.Ордалиев, Ә.Тәжібаевпен драматургия тарихы, тағ­дыры жайында жарыса жазып, қара көр­сет­пей, оза шапқан шын жүйрік, ұстазы Рымғали Нұрғалиұлының сеніміне ие болған озық шәкірт саналды! Бір мақаласымен бәсі артқан Тұрсын­бек оқу бітірген соң өзі туып-өскен Жеті­суына (бұрынғы Талдықорған облысы) аттанып кетті. Біз одан үлкен әдебиетші күткен едік. Ол ағартушылыққа бет тү­зеді. Кейін, көп кейін әдебиет ауылына емес, білім саласының дарағына ат бай­лағанын естідік. Ағарту дарағы – Мағжанша айтқанда: «ПЕДАГОГИКА». Асылында, педагогика – бар ғылымның анасы. Несін жасырайық, көрінген «мұ­ға­лімнің» «жан қалтасына» жалған диплом салып беріп, бәсін түсіріп, тұқы­мын тұздай құрттық бұл ғылымның да. Мақтана алмаймыз бүгінгі күні. Универ­ситет қабырғасында жүріп біздің де «Әл-Фарабидің педагогикалық ойлары» ата­латын тақырыпта студенттердің ғы­лы­ми қоғамында баяндама жасап, Мәс­кеуге жолдама алғанымыз бар. Шынына келгенде, Педагогика – тұтас қоғамды тәрбиелейтін ғылым асылы! Психолог Выготский, Ананьев, педагог Лихачев, Сухомилинский, Аманашвли, Корчак ағартушылық шығармаларын қызыға оқып, Тұрсынбекпен пікір таластыр­ғанымыз бар еді сол жылдары. Шамасы, туаәдебиетші Тұрсынбекті педагогика ғылымына ұйықша тартқан сол студент­тік кезеңдегі ізденіс болса керек. Ал біз­дің біріміз жазушылықты, біріміз әде­биетшілікті қимай қара орында қала бердік. Ағарту ауылында қарапайым мұғалім, сосын шынайы ұстаз, ұйымдастырушы басшы бола жүріп, Тұрсынбектің канондық педагогика ғылымына келуі табиғи жағдай. Бір дарынды әдебиетші кем болды деп ішіміз ашығанымен, зерделі ғылым – Ағарту ісі елшіл, ұлт­шыл, табанды, бірегей ғалыммен толық­ты деп қуанамыз бүгін. Ұстаздық жемісті жолын, педагогикадағы тындырымды ізденісін – бәрін, бәрінің басын қосып қорыта айтқанда, ол аса мәртебелі Ағарту саласының қатардағы нантабар жұмыр­басты пендесі емес, қайда жүрсе де еңістен шауып төске озған шын жүйрігі, қай саланы бетке алса да елімізге, жұрты­мызға пайдасы молынан тиген абаданы! Біз осындай шын ағартушы ғалым, ғылым докторы, профессор досымыздың абадандық биікке шыққанға дейінгі жол сорабына үңіліп көрелік. Сол кездегі жалғыз университет – ҚазМҰУ-ды жақсы бітірген Тұрсынбек М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутын­да қызмет атқарып жүргенде ағар­ту­шы­лық көңіл түкпірінен қылаң беріп, баурай бастайды. Теориялық білімді тә­жірибемен ұштастырып барып, ғылымға баруды алға оздырып, оны ауылда атқаруға бекиді. Еліндегі азаматтар қуана қарсы алып, жоғары оқу орнының үздік түлегіне сеніп, бірден орта мектепке директор етіп жібереді. Басшылық жасап, сабақ бере жүріп, ғылым әлемінің сан тару жолында өзіне лайық тақырыпты ой таразысында саралап көреді. Алымы мен шалымын аңғарған Кербұлақ ауданының (Алматы облысы) басшылары Баймолдаевты аудандық білім бөлімінің меңгерушісі етіп жібереді. Қолы қалт етсе ғылыми ізденісіне ден қояды. Ескі сүрлеуден шықсам деген ниет оны заманға қарай, мектептегі педагогикалық менеджменттің негізіне табан тіретеді. Көре жүріп, зердеден өткізе жүріп, тақырыпты тереңдете береді. Еңбегі жанып, педагогика ғылымдарының кандидаты атанады. кітап Мұғалімдік қызмет басшы болуға жалғасып, басқыш биіктей береді. Оның біріншісі, Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту мекемесінің, екіншісі, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық кадрларының біліктілігін артыратын Республикалық институттары директоры лауазымдары еді. Соңғы екі он жылдыққа таяу уақытан бері Отаны­мыздағы педагогикалық білім берудің қара шаңырағы Абай атындағы Ұлттық университетте, алғашқыда кафедра мең­герсе, қазір профессор. Ғылым ісіне біржола бет бұрған ғалым Тұрекең білімді басқару мәселесіне жұмыс кезінде жете мән беріп, жан-жақты қаузап, терең зерттеулер жүргізіп, ғылым докторы дәрежесін «Жалпы білім беретін мектепті басқарудың ғылыми педагогикалық негіздері» деген тақы­рыпта сәтті қорғап шыққа­нына, тың тақырып ретінде жоғары баға алғанына куәміз. Расында, тың тақырып еді. Оған кейін тоқта­ламыз. Екіншісін аз-кем сөз етер болсақ, біз көбіне білім са­пасына көңіл бөліп, тәрбие мен білімді басқаруды қаға берісте қалдыра бердік. Осыдан келіп жүйесіз­діктер орын алды. Ұлы әл-Фарабидің тәрбие ту­ралы, А.Байтұр­сынұлының тәртіппен оқытау жөніндегі айтқан сөздерін дәйекке алғанмен, орын­дау кемшін со­ғып жатты. Со­да­нда болар, бала­лар арасындағы келеңсіз­дік­­тердің тыйылмай жатқаны. Ондай қылық бізде ғана емес, өркениетті елдерде де, мұ­хиттың арғы жағында да бар деп ұятты белге буа салып, ақталған боламыз. Атам қазақ жат әдетті естісе, «бізден аулақ» дейтін еді. Бұл аз десеңіз, жұртты алаң­датқан жайсыздық орын алса, түрлі шенеу­ніктеріміз, шенділеріміз әлемде солай ғой дей салады. Сонда олар орға түссе, сылтау айтып, бізде құлай кетуіміз керек пе? Ғалым алдағы уақыта, бала тәрбиесін, бастысы, ұлттық тәрбиені ғылыми тұрғыда терең талдаса, қане. Докторлық жұмысының арқауын жетіл­діре отырып, монография шығар­ған. Бірінші бөлімінде, жалпы білім беретін мектепті басқарудың теориялық-әдіснамалық негіздерін таратады. Бас­қару­дың тарихын сөз еткенде, әлемдік үрдісті қарастыра отырып, тақыр жерден шықпаған қазаққа тән тағылымның барын, кезінде ұлт баласын оқытқан мектептер мысалында басқару тәсілдерін тайға таңба басқандай айқындап айтады. Осыдан келіп басқарудың мазмұны, ұйымдастыру әдістері сараланады. Қай тақырыпты сөз етсе де, өз басынан өткен әрекеттерді теориямен тиянақтай оты­рып дәйектейді. Біз бұл кітапты білім сала­сына қатысы бар әр қызметшінің алдында жатса, артық болмас еді дейміз. Әттең, таралымы екі мың дана екен. Профессордың мұндай іргелі еңбектері аз емес. Ғылымдағы жетістікті айта отырып, адамның адами қасиетін де тілге тиек етуді парыз санаймыз. Соның біреуіне ғана тоқтала кетелік. Ел болғаннан кейін жер, байлық бар – халқымыз аз, Шерағаң (Мұртаза) айтпақшы, «қайтпек керек?», Аласапыран халықтың есін аударып барады, ұрпақ әкелетін аналардың көбі ала қап арқалап, әке дағдарып қалды, енді ұлттық демография не болады деген қауіп біраз азаматтардың көкейіне шемендей түйілді. Иә, шетелдегі бауырлар келе бастады, бұған тәубе дегенмен, қозғала қоймаған­дарды қайтпекпіз, олардың ұл-қызын елге тартудың жолы қайсы деп жүргенде, 1996 жылы Президенттің шетелдерде тұратын қандастарды қолдау туралы Жарлығы шықты. Іздегенге сұраған, соның аясында, 2004 жылы респуб­лика­лық «Дарын» орталығының басшысы Д.Битуованың ұйтқы болуымен, сол тұстағы Білім және ғылым министрі Ж.Күлекеевтің тікелей қолдауымен, 40-тан аса шетелде тұрып жатқан қандас­тардың мектепте оқып жүрген бала­ларына арналған «Қазақстан – ата­ жұр­тым, қасиетім – ана тілім» деген тақырыпта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен І Халықаралық олимпиаданы Астанада өткізуге қол жеткіздік. Ондаған елден жүзге тарта ұрпақ алыпұшып жетті, олар бой түзеп келе жатқан Астананы аралап көрді, «қандас балалар келіпті» деп, алты жасар бала келсе, алпыстағы қария алдынан шығатыны секілді Шераға (Мұртаза) бастаған Мәжіліс депутаттары қабылдады. «Армысың, атақоныс, қазақ, далам, Алтайдан сәлем беріп келді балаң... Атамекен, айна­лайын, деп келдім, Күтіп алар, бар ма ағайын деп келдім, Бар екенсің шуағын­дай көктемнің», – деп Алтай Респуб­ликасынан келген 11-сынып оқушысы Е.Нұртазанов өлең оқығанда Шераға: «Ботасы келген қазақтың, атасы да ке­леді, тек сергек болайық, әкім-қаралар!» деп аталы сөзі айтып еді. Содан бері жиырма жылға таяды. Әр жылы ондаған баланы елінде қалдырып, жоғары білім алуына мүмкіндік жасадық. Олар қазір ата жұртында ондап емес, мыңдап саналады, ел дамуына, әсіресе қазақ санын артыруға мол үлес қосып жатыр. Адам Ата–Хауа Ана екеуінен тараған ұрпақ секілді олар ұлтына бұл күндері жүздеп, келешекте миллиондап үлес қосары хақ. Мұны тарата айтудың мәні, осы жылдар ішінде осы бір ұлт ісіне ұлт жақсылары, кері тартпай бері тартқан кейбір жоғары оқу орындарының басшылары көп шарапатын тигізді. Әрине, бұл жанкешті тірлікті кейінгі толқын біле бермес, ірге бекітудің сан жолы болды ғой. Қазылар алқасының құрамында ұлт зиялылары: академик Ө.Айтбайұлы бас болып, белгілі ғалым­дар Д.Ысқақұлы, Д.Қамзабекұлы, Ш.Құр­манбайұлы, басқа да «халқым» деген азаматтар жүрді. Бұл саптан біз де қалмай келеміз. Қазір де ұлт ісі жалғасын табуда. Осы шарасы кең, шарапаты ұшан-теңіз шаруаның басында алғашқы күннен біз мақалаға арқау етіп отырған Тұрсынбек Баймолдаев та болды. Билік тұтқасында жүргендіктен, орындалмай бара жатқан «арман» алдан шықса, «ал Тұрсеке, қалың есіктердің арғы жағын­дағы мық­тыларға кезек күтпей, тықыл­датпай еркін кіре аласың, бар, сөйлес, жәудіре­ген ұрпақ­тың жай-күйін ұқтыр» деп жіберетінбіз. Ол «Қазақстан – ата жұр­тым» атты кітаптағы мақаласында: «Төрт­күл дүниенің 40-тан астам мем­ле­ке­тін мекендеп жатқан бес миллионнан ас­там қазақ үшін де тәуелсіз Қазақстан – өз Отаны! Ендеше неге осы Отанда бірлесіп өмір сүрмеске, еңбек етпеске? Келіңдер, ағайын!» деп өзі атап өткендей, шеттегі ұлт баласына қам­қор­лықты жасаудай жасады. Бұл кез кел­геннің қолынан келе бермейтін кемелдік деп білеміз. Баймолдаевтың білім, ғылымдағы жетістігі бір қыры десек, екінші қыры, отандастардың ұрпағына қол ұшын беруі дер едік. Үшінші қыры, өзі болған қыздай кекіреймей, ауылынан кіндік үзбей жүргенде дініміз ашық оралып, жұрт иманға ұйығанда алғашқылардың қатарында еліне еңселі мешіт тұрғызып берді. Өзеуреп, өзіме ғана демей, жұрты­ма да септігім тисін деген азаматтың бұл ісі кімге де болса үлгі екені анық. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов сөзіне бақсақ, «Ұлтың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу – парыз» деп кө­кейіне қорытқан Тұрсынбек Баймолдаев өнегесі өрнекті, өрісі кең деуге алдағы деректер дәйек болады. Сөз түйінін, 2006 жылы жазған «Ұлт тілі ұлттық рухтың бастауы» деген мақа­ласында тілдің тұзелуі ата-анаға, бала­бақшаға, мектепке, қоғамға тәуелді екенін айтып, «Дандайсысаң, даңқың мен дақпырттың құрбаны боласың, кісілікпен жүрсең, қателік сенің құрба­ның болады» деген ұлт батыры Бауыржан Момышұлының сөзіне жүгініп, «Бай­лыққа емес, елдікке ұмтылайық!» деп еді. Азаматтың азаматтығы осы тірек ойдан бәйтеректің тамырындай таралып жат­қаны ақиқат.

Құлбек ЕРГӨБЕК, профессор, Сүлеймен МӘМЕТ, журналист