Бүгінгі қоғамда театр – мәдени ошақ, өмірлік сұрақтарға ше­шім табатын жоғарғы интенция
Қорқынышты қойылым, қандықол «классиктер»
764
оқылды

Бүгінгі қоғамда театр – мәдени ошақ, өмірлік сұрақтарға ше­шім табатын жоғарғы интенция. Бұл ұғымның басқа ба­ламасы жоқ. Ал бағзыда театр шығармашылық орта болудан бөлек те қыз­мет атқарған. Мәселен, XIV-ХVIII ғасыр – анатомиялық театрдың дәуі­рі болып есептеледі. Төрт ғасырға жуық тоқтаусыз жұмыс істеген мұн­дай театрлардың кезеңі анатомия тарихында қалғаны анық.

Анатомиялық театр (лат. theatrum anatomicum) – осы саладағы медициналық жұ­мыстар мен зерттеулер жүргізіліп, ғы­лыми дәрістер оқылатын ғимарат. Тіпті, мұн­дай мекемелерде қандай да бір ғылыми теорияларды тәжірибе жүзінде дәлелдеу үшін мәйітті сойып, ғалымдар жиналып сол мәселені талқылайтын болған. Бірақ XIV ғасырда мұндай ғылыми мекемелердің басым бөлігі театрға айнала бастады. Адам сою процесі қалың көпшілікке қойылым ретінде көрсетілді.

Мәйітті сою да «мюзикл»

1594 жыл анатомия саласына қоғам қызығушылығының арта бастаған кезеңі. Дәл осы тұста Еуропада ана­томиялық театр­лар бірінен соң бірі ашылды. Бұл саладағы тұңғыш театр осы жы­лы Ита­лияның Падуя қаласында бой кө­терді және әлі күнге тарихы терең құнды жә­дігер ре­тінде сақталып келеді. Бұдан кейін, мұндай театрлар Нидерландта жап­пай шымылдық түрді. 1597 жылы – Лей­ден­де, 1614 жылы – Дельфте және 1619 жы­лы Амстердам қала­сын­да да теңдессіз театрлар жұмысын бастады. Ресми дерек­терде Нидерландтағы театрлардағы кейін Петр І арнайы барып, та­машалаған делінеді. Сол сапарынан кейін Ресейде де осы саладағы театрлар бой көтере бастаған. Сондай-ақ Англия мен Франция да мұндай театрлар­дан кенде қал­ған жоқ. Париждегі Жарден дю Руада ана­томиялық көріністерді тама­шалауға бір уа­қытта 400-500 адам қатысқан деседі.

Мұндай театрлар архитектуралық құ­ры­лысы бойынша бір-бірінен өзге­ше­лен­ген. Италиядағы театрлар көбіне Колизейге ұқса­тып соғылған. Театрдың бұл типі Александр Бенедеттидің есімімен тығыз бай­ланысты. Әдетте мұндай анатомиялық театр­лар цирк үлгісінде салынады. Кіші­гі­рім амфитеатрдың дәл ортасында мәйітті соя­тын үстел, ал айналасына көрерменге ар­нап галерея қойылған. Залдың барлық же­ріне адам қаңқасын драмалық үлгіде бе­зендіріп, орналастырған.

Француз анатомы Шарля Эстьена ХVІ ға­сырда мұндай театрдың басқа үлгісін ұсы­нады. Өзінің 1545 жылы жарық көрген De dissectione partium corporis humani кіта­бында жартылай доғал формадағы театр идея­сын ұсынған. Ғалымның бұл идеясы қа­зіргі театрлардың сахнасына ұқсас. Шарля анатомиялық көрініс кезінде сах­на­дағы анатом-артистердің барлық қи­мыл-әрекеті толық көрінуі үшін жүзін кө­­­­рерменге қаратуы керек деп есептеген. Кей театрларда классикалық әуен ойнаса, ен­ді бірінде арнайы үзіліс жасап, қонақ­тарға тәттілер ұсынылған.

Ең қызығы, сол уақыттарда мұндай театрларға жиналатындардың көптігі сон­ша­лық, билеттер алдын ала түгел сатылып ке­тіп отырған. Ең алдыңғы және төменгі орын­дарға профессорлар, зиялы қауым өкілдері мен барлық деңгейдегі биліктің адам­дары жайғасқан. Одан сәл жоғарғы орын­дар медицина саласында білім алатын студенттерге арналса, артқы жағы қара­пайым халыққа бұйырған. Көрермен әр­түрлі мемлекеттен, әр қаладан жиналды. Еу­ропаны саяхаттап жүрген бай-шон­жар­лар міндетті түрде Италия мен Голландияға ат басын бұрған деседі. Жергілікті ана­то­миялық театрлар туристер үшін көрнекті жер­лер­дің көшін бастап тұрған. Сол за­мат­та мұндай театрлардың тұрақты көрер­ме­ні­нің көбі білімге құштар, ғылымға қызы­ғу­шылығы жоғары зиялы қауым өкілдері болған. Олар көрген-білгенімен бөлісіп, ағар­тушылықпен де айналысқан. Мұндай театрдағы қойылымдар бірнеше күнге со­зылған, сәйкесінше билеттер спектакльдің барлық бөліміне сатылып отырған. Бірінші күні – хирург арнайы сахналық киімін киіп, алдымен ішастар қуысын (брюшная по­лость) сойып, көрерменге ішек-қарын, өкпе, бауыр, көкбауыр сынды ағзаларды таныс­тырған. Келесі күні көкірек қуысын көрсетсе, үшінші күнді адамның бас сүйе­гін ашуға қалдырады. Бұдан кейін, сүйек, буын және тағы басқа ұсақ-түйектер та­ныстырылатын болған. Егер анатом үстел­де әйелді соятын болса, билеттің құны екі еселенген. Себебі әйелдің ішастар қуысын сою кезінде баланың дүниеге келу құпиясы ашылатын болған деп есептелген.

Кісі өлтіру кәсіпке айналды

XIX ғасырдың басында анатомия ғы­лы­мының мамандары үшін мәйіт кәдуілгі құ­ралға айналып, өлім жазасына кесілген қыл­мыскердің денесінің өзі қойылым көр­сетуге жетпей жатты. Осы кезеңдерде өлік­ті ұрлау фактілері еселеп артты. Зират­тар­дың барлығына күзет қойылып, жаңа кө­мілген марқұмның мәйітін қорғай­тын­дарға қосымша ақша төленетін болған. Се­бебі қайтыс болған адамның денесі бір­ден сатылса, қымбат бағаланған.

1828 жылғы Ұлыбританиядағы Уильям Берк пен Уильям Хэр ісі тарих беттерінде қал­ғаны сөзсіз. Олар Эдинбургте 17 адам­ды өлтіріп, денесін анатомиядан жеке са­бақ­тар өткізетін профессор Роберт Ноксқа сатып отырған. Бірде бұл екеуі көшеде өліп қалған қаңғыбастың денесін ұрлап, әлгі ғалымға саудалайды. Мүрделерді сату арқылы табыс табуға болатынын түсінген екеуі құрбандарын жақсылап ішімдікке той­дырып, сосын тұншықтырып өлтіріп, са­тып жіберіп отырған. Берк пен Хэр кедей кем­пір мен оның соқыр немересінен бас­тап, қаланың ақыл-есі кем тұрғындарын, жеңіл жүрісті қыздарды және тағы басқа қаң­ғыбастарды өлтірген екен. Тіпті, ке­зек­ті құрбандарының бірін полицей бө­лім­шесінен алып кеткен. Бірде полицейлер ағайынды екеудің удай мас әйелді әкетіп бара жатқанын көреді. Қасына жақындап әлгі мас бикешті жақсы танитынын, оны үй­ге өздері жеткізетінін айтып, алып ке­те­ді. Арада бірер сағат өткен соң әйелдің қыл­мыскерлердің қолынан қаза тапқаны бел­гілі болып, ақыр соңында екі ирлан­дия­лық ұсталады. Бірақ тек Берк өлім жа­засына кесілді. Сондай-ақ бұл қыл­мыс­кердің денесі анотомиялық театрда жұрт кө­зінше сойылған. Сол кездері өлгеннен кейін анатомиялық үстелдің үстіне түсу – ең ауыр әрі қорқынышты жазаның бірі бол­ған. Ал профессор Нокс ғылыми қыз­ме­тінен босап, өмірінің соңына дейін ба­лық шарушылығымен айналысқан деседі.

Жалпы, анатомиялық театрлардың қа­лай жабылғаны туралы нақты мәліметтер жоқ­тың қасы. Десек те, кейбір ресми де­ректе қылмыстық фактілердің күрт кө­беюі­не, адам ұрлау қарапайым қылмысқа ай­нала бастағанына халық наразы болып, жер­гілікті билік өкілдері мұндай театр­лар­дың жұмысын тоқтатқан деседі. Бұл театр­лардың қоғамға тигізген зиянды әрі қауіпті тұсы.

Сахнада ашылған жаңалық көп

Дей тұрғанмен, айнаның екі беті бо­лады. Анатомиялық театрлар жалпы ме­ди­ци­наның түрлі саласында жаңалық ашуға, қан­дай да бір теориялық тұжырымдарды дә­лелдеуге, ғылыми жобаларды зерттеуге мол мүмкіндік берген. ХVІ ғасыр – ана­то­мия ғылымы үшін тың зерттеулер жасалып, ме­дициналық жаңалықтар көп ашылған ке­зең. Мәселен, профессор Галеннің «адам жүре­гі екі камерадан тұрады, ал ортасында үлк­ен тесік болады» дейтін тұжырымының қа­те екенін бельгиялық жас ғалым Андреас Ве­залий тек ХVІ ғасырда дәлелдеп шығады. Тең­дессіз анатомның бұл қате тұжырымына бар­лық ғалым 14 ғасыр бойы көзсіз сеніп кел­ген. Егер Италиядағы адам соятын көрі­ністер болмаған жағдайда адамның жүрегі екі емес, төрт камерадан тұратынын тым кеш білер ме едік, білмес пе едік?

Бұдан бөлек, Еуропаның бірқатар мем­ле­кетінде әйелдерді истерия, анарексия жә­не тағы басқа психикалық аурулардан емдеу үшін аналық ұрығын ота жасап, алып тас­тайтын болған. Себебі ол заманда әйел­дің барлық нерв жүйесін басқаратын ағза – аналық ұрық саналған. Бірақ әйелдің бұл ағ­засын алып тастағаннан кейін ескі ау­ру­лары қозып, қосымша қиындықтар туын­дап отырған. Кей деректерде шамамен 150 мың­нан астам әйел осындай қате тұжы­рым­ның құрбаны болған делінген. Бірде ауст­риялық ғалым Иозеф Хальбон осындай қойылымдардың бірінен соң теңіз шош­қа­ларының аналық жұмыртқасын алмас­тырып көреді де, бұл ұрықтардың қайтадан іске қосылып, жүйке жүйесінен тәуелсіз қыз­мет ете алатынына көз жеткізеді. Сол кез­дің анатом-профессорлары «Бұл ғы­лыми жаңалық медицина саласындағы ұлы төң­керіс, эндекренология саласының бас­тауы болды» деп баға берген.

 

P.S.

Анатомиялық театрлар бүгінге дейін мұражай есебінде Еуропаның бірқатар мемлекетінде сақталып, билік тарапынан қорғалып та келеді. Мұнда сол кездегі сойылған адамдардың қаңқалары және тағы басқа медициналық құнды жәдігерлер сақталған. Осындай ғылыми орталықтар Ресейде, Украинада және ТМД-ның бірқатар елінде де болған. Ал Қазақстанда адам сою ешқашан көпшіліктің көз алдында өткен емес. Бүгінгі қоғамда туған-туыстары мәйітті театр сахнасында соймақ түгіл тексеру үшін де сойдыруға келісім бермей жатады.

Айдана НҰРМҰХАН