Бұған дейін БАҚ беттерінде Қазақстан мен Қытай арасында 30 күндік визасыз режим орнатылғаны туралы хабарланған болатын
Қытаймен арада 30 күндік визасыз режимді қарастыратын құжатқа әлі қол қойылмаған – СІМ
1,956
оқылды

Бұған дейін БАҚ беттерінде Қазақстан мен Қытай арасында 30 күндік визасыз режим орнатылғаны туралы хабарланған болатын. ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл құжатқа әлі қол қойылмағанын, құжат әлі талқылану барысында екенін мәлімдеді.

 

Бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы» құжат талқылану барысында екен.

«Бұл - екіжақты құжат, оған екі тарап қол қояды. Біз бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазір бұл жоба талқылану барысында. Сондықтан тағы да оқырмандарымызға бұл тек талқылау сатысындағы құжат жобасы екенін мұқият жеткізуді сұраймын. Оған әлі қол қойылмаған және ол заңды күшіне енбеген», - деді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ, ҚР СІМ ресми өкілі Қытай азаматтары Қазақстанға келіп алып, осында қалып қоюы мүмкін дегенге еш негіз жоқ екенін атап өтті. 

«Қытай азаматтары Қазақстанға келіп алып, осында қалып қоюы мүмкін дегенге дәлелді негіз жоқ. Бұл ретте ҚХР азаматтары 2022 жылғы маусымнан бастап Қазақстанда визасыз жүруіне құқығы бар екендігіне назар аудартқым келеді, яғни олар визасыз біздің елімізде 14 күн жүре алады. Жұмыс істеу үшін қытайлықтардың бізге, анау айтарлықтай, ағыны байқалмайды», - деді СІМ ресми өкілі.