Қалалық акцияны елорданың белсенді тұрғындары толассыз жауған қардан кейін бастап отыр.
Елорданың белсенді тұрғындары қар күреу акциясын бастады
1,504
оқылды

Астана қаласының белсенді тұрғындары қар күреу акциясын бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Іс-шараға Астананың жастары, әншілер, спортшылар қолдау көрсетіп, белсенділік танытты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осылайша бірлесе отырып, ардагерлерге көмек қолын созса, не болмаса есік алдының қарын күресе, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.

Астанада демалыс күндері жауған қардың мөлшері айлық нормадан асып түсті. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, ай сайынғы норма 22 мм болған жағдайда, Астанада тек соңғы үш күнде 37,6 мм қар жауды.

«Бүгін челлендж бастап қарттарымызға көмек қолын созуды жөн көрдік. Сол себепті достар, осы бастамамызға міндетті түрде қолдау көрсетсеңіздер деймін. Сөзбен емес, іспен көмек көрсетейік», – дейді  Street Workout Kazakhstan  негізін қалаушы Айтым Жақыпов.

Астанада коммуналдық қызметтер толықтай күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Қар күреу жұмысына күн сайын 2,2 мыңнан астам жол жұмысшы, мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

«Бәріңізге көп-көп рақмет! Бұл маған үлкен көмек болды», – деп елорда тұрғыны Раида Мифтахова алғысын білдірді.

Еске салайық, соңғы үш күнде қаладан 71 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 5,5 мыңнан астам жүк көлігінің рейсіне тең.

«Апамыздың есігінің алдын қар басып, шыға алмай қалған екен. Сол кісіге көмектесіп жатырмыз. Әрқайсысымыз жан-жағымызға қайырымды болайық!», – дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров.

Жұртшылықты игі іс-шараға атсалысуға спортшылар да шақырды.

Айта кетейік, қыс мезгілінің басынан бері бүгінгі күнге дейін полигондарға 4 миллион текше метрге жуық қар шығарылды, бұл – 318 мыңнан астам рейс.