Технология мен техниканың қарыштап дамуы сала мамандары мен тіл ғалымдарын термин сөздер төңірегінде мәселелер турасында ойласуға шақырды.
Терминдерді жетілдіру мәселесі талқыланды
789
оқылды

Атап айтқанда, қазір терминқордың базасын толықтыру, оларды жетілдіру, техникалық терминдерді халықаралық стандарттарға сәйкес автоматтандырылған веб платформаларға енгізу, қазақ тілінің терминдер корпусын біріздендіріп жүйелеу, сала мамандарын даярлау шаралары өзекті бола түсті. 

Бұл мәселелер Қ.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық зерт­теу университетінде «Қазақ ті­ліндегі техникалық терминдер­ді жетілдірудің лингвистикалық және экстралингвистикалық фак­тор­ла­ры» тақырыбында өткен рес­пуб­ликалық дөңгелек үстелдің де күн тәртібіне қойылды. Іс-шараға Ғы­лы­м және жоғары білім ми­нистрлігі Тіл саясаты комитеті, А.Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі инс­ти­туты мен Ш.Шаях­ме­тов атын­дағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­­тикалық орталы­ғының өкіл­дері қатысты. Ғылыми жиынға кел­ген Мемлекеттік тер­минология комис­сия­сының мү­ше­лері, респуб­ликаға танымал терми­нология са­ласымен айналысып жүрген же­тек­ші ғалым­дар, жоғары оқу орын­да­рының профессор-оқытушылар құрамы, техникалық сала маман­дары, жас ғалымдар аталған тақы­рыпқа қа­тысты өз ой­ларын ортаға салды. 

Дөңгелек үстел Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл сая­саты комитеті төрағасының орын­басары Ғабит Абзалбектің алғы сө­зімен ашылды. Ұлттық ғылым академикасының академигі, про­фессор Шерубай Құрманбайұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Қарлығаш Айдарбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология орталығының директоры Сәрсен­бай Құлманов қазақ тіліндегі тех­никалық терминдерді жетілдіру, біріздендіру факторларын талқы­лап, мәселені шешу жолдарын ұсынды. 

Педагогикалық ғылымдар ака­демиясының президенті, про­фес­сор Асқарбек Құсайынов Тер­ми­нологиялық сөздіктер топтама­сын жасаудың маңызына тоқтал­са, Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының про­фессоры Әділхан Байбатша, Ө.Бай­қоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының дирек­торы, қауымдастырылған профес­соры Қанай Рысбеков сынды сала мамандары соңғы түзілген сөздік­тердегі техникалық терминдердің электронды толық нұсқасы әлі күнге қолжетімсіздігін тілге тиек етіп, тез арада осы мәселенің сан­дық ресурсын жүйелеуді ұсынды. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қа­зына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Нұр­лыхан Аитова осы олқылық­тардың орнын толтыруда орта­лықтағы жүргізіліп жатқан терми­нологияны қамтитын ұлттық корпус жайына тоқталды. 

Шараға жиналғандар ғылым тілін сапалы игеруін қамтамасыз ету үшін ЖОО-лардағы оқу бағ­дарламалары мазмұнына термино­логия бағытындағы пәндер енгізу, жоғары оқу орындарындағы Қазақ тілі кафедралары жанынан тер­минологиялық зертханалар шығар­машылық топ ұйымдастыру, тех­ника саласындағы ғылыми әде­биеттерде пайдаланылған термин­дерге мониторинг жасау сияқты шараларға баса назар аударды. Сон­дай-ақ электронды термино­логиялық сөздіктер жасаудың нұс­қаулығын әзірлеу, техникалық тер­миндер базасын жетілдіру, тер­минжасам, терминология салалары бойынша білімі мен біліктілігін көтеретін курстар, семинар-тре­нингтер ұйымдастыру, ғылым сала­лары бойынша терминдерді жүйе­леу жұмыстарын жетілдіру, кәсіби маманданған терминологтарды дайындау мәселесін назарға алу секілді ұйғарымдар жасалды. 

Бұл ұйғарымдардың орында­луына Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты коми­теті жауапты.

Негізінде, техникалық терми­но­логияны қалыптастыру, заман талабына сай жетілдіру мәселесі бір күнде шешіле қоймайды. Десек те, бұл істе техника ғылымның өкілдері мен тілші ғалымдардың бірлескен қимылы арқылы жүзеге асатыны анық. 

Бауыржан ЖӨНКЕШОВ, 

Қазақ ұлттық аграрлық университеті

Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, 

профессор