"Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері» жобасы аясында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының білікті дәрігерлері Шығыс Қазақстан облысында төрт күндік тәжірибе алмасу шарасына қатысты.
Астаналық білікті дәрігерлер Өскеменде бірегей оталар жасады
1,128
оқылды

Жұмыс сапарының алғашқы күнінде ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының хирургия бойынша орынбасары, жоғары санатты  нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев 8 күрделі операцияны сәтті жасап шықты. Оның ішінде 1-еуі  бұрын облыстық ауруханада жасалып көрмеген стенозды стенттеу болса, қалған 7-еуі күрделі аневризма эмболизациясы бойынша жасалды. Сондай-ақ Мыңжылқы Бердіқожаев роботталған хирургияның даму кезеңдері бойынша өңірдегі дәрігерлерге дәріс оқыды және 21 науқасқа дәрігерлік кеңес жүргізді. 

Осыдан бір жыл бұрын миына қан кетіп, аневризмасы өскен науқасқа операция жасадық. Аневризманы микроспиральмен жаптық та, тамырына стенд қойдық. Облыстық ауруханада бұл операция бұрын соңды жасалмаған. Қалалық ауруханада бас тамырында аневризмасы бар, анатомиясы өте қиын науқасқа арнайы методика бойынша өңірлік әріптестеріме микрокатетерді өткізу, стенді ашуды жасап көрсеттім. Базилярлық артерия аневризмасына стенд пен спираль қойып тағы бір күрделі ота жасадық. Соңғы кезде наркозсыз операция жасауды тәжірибеме көптеп қолданып жүрмін. Соны да мұнда көрсеттім. Операциялар күрделі болғанымен, бәрі сәтті өтті. Науқастар палатаға ауыстырылды, қазір жағдайлары қалыпты, – дейді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирург дәрігері Мыңжылқы Бердіқожаев.

Аурулардың алдын алуда диагностикалау, заманауи әдістерімен бөлісу, емдеу және сауықтыру саласында тәжірибе алмасу, күрделі операциялар жасаудағы жаңаша әдістермен бөлісуде аурухананың оториноларинголог дәрігері Талапбек Аженов те өңірдегі лор дәрігерлері үшін дәріс оқып, 28 науқасқа жеке дәрігерлік қабылдау өткізді. Сондай-ақ Талапбек Аженов  облыстық ауруханада мұрын қуысына 4 күрделі операцияны сәтті жүргізгенін атап өту маңызды: мұрын арақабырғасын түзетудің модификацияланған әдісі (эндоскопиялық септопластика); іріңді синуситпен ауыратын науқастың анатомиялық ақауын жойып, энодоскопиялық реполисинусотомия жасады; энодоскопиялық санациялық реполисинусотомия, яғни бөгде зат алып тасталды (пломбалау материалы); созылмалы іріңді-гиперпластикалық полисинусит бойынша полипозды тіндерді алып тастау мақсатында жасалған энодоскопиялық полисинусотомия.

Жұмыс сапары аритмолог дәрігер Ринат Камиев жасаған 2 операция мен 31 дәрігерлік кеңес, гинеколог дәрігер Әділ Әдрешев миомэктомия және субтотальды гистерэктомия бойынша жасаған 5 күрделі операциясымен толықты. Сонымен қатар ревматолог дәрігер Нұрлыгүл Садырбаева ревматологиялық бейіндегі 8 пациентке дәрігерлік кеңес берсе, аурухананың пульмонолог дәрігері Мадина Есенгелдина 10 науқасты қабылдады және өңірдегі әріптестеріне дәріс оқыды.

Директордың стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары, м.ғ.д., профессор Насрулла Шаназаров «Онкологиядағы фотодинамикалық терапия» және «Фотодинамикалық терапияның көмегімен жатыр мойны обырының алдын алу» тақырыбында өңірдегі әріптестеріне 2 дәріс оқып, тәжірибелік презентация жасады. 

Дербестендірілген геномдық зертхана меңгерушісі, м.ғ.д. Гүлшара Әбілдинаова «Онкологиялық аурулар кезінде таргеттік препараттарды іріктеу үшін жасалатын генетикалық зерттеулер» және «Генетикалық патология диагностикасының заманауи әдістері» тақырыбында 2 презентациялық дәріс оқыды. 

Барлығы 19 операция, 98 дәрігерлік кеңес, 7 дәріс берумен қорытындыланған жұмыс сапары барысында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылғанын да атап өту маңызды. 

Республиканың өзге де аймақтарында тәжірибе алмасу және халыққа жоғары мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында аурухана ұжымының жұмыс сапары әрі қарай жалғасын табады деп жоспарлануда.