Осы жылдың 24 сәуіріндегі жағдай бойынша қалалық департаментке 3 662 өтініш түскен.
3 мыңнан астам алматылық өздерін банкрот деп жариялауды сұраған
1,217
оқылды

Бүгінге дейін банкроттық бойынша түскен барлық өтініштердің 83 пайызы қаралған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері баяндады.

 «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» заңды іске асыру аясында 3 наурыздан бастап банкроттық туралы азаматтардың өтініштерін қабылдау басталды. Осы жылдың 24 сәуіріндегі жағдай бойынша қалалық департаментке 3 662 өтініш түсті», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті Қарыздармен жұмыс басқармасының басшысы Айдос Будугулов.

Спикердің айтуынша, өтініш берушілердің 362-і АӘК алушылар қатарында. Сондай-ақ бес жыл бойы берешегі бар 690 азамат жүгінген.

 Мемлекеттік кірістер департаменті мәліметінше, бүгінде 3 662 өтініштің 3 055-і қаралған. Оның ішінде 503 азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі қозғалған, бұл түскен өтініштердің 14 пайызын құрайды.

   «Соттан тыс тәртіпте банкроттық туралы өтініш бергенде белгілі бір талаптар қойылады. Азаматтар бұл тәртіпті 1 600 АЕК-тан жоғары (2023 жылы – 5 млн 520 мың теңге) және кредиторлар алдындағы берешектердің барлық түрлері бойынша қолдана алады», – деп нақтылады спикер.

 Оның айтуынша, 605 өтінішке қатысты (бұл барлық түскен өтініштердің 16%-ы) тексеру жүргізілуде.

Сот арқылы  банкроттыққа қатысты бүгінге дейін 58 өтініш түскен. Олардың ішінен 6 азаматқа банкроттық туралы азаматтық іс қозғау туралы сот ұйғарымы шығарылып, қаржы менеджерлері тағайындалған.

 32 азаматтың арызын сот кері қайтарған. Бұл арыздарды қабылдамаудың негізгі себебі – талап-арыздың талапқа сәйкес келмеуі.

 Журналистердің сұрақтарына жауап берген Айдос Будугулов өзін банкрот деп жариялағысы келетін жеке тұлғалардың әрбір өтініші 15 жұмыс күні ішінде қаралатынын атап өтті.  Банкрот деп тану  рәсімінің өзі 6 айға созылады. Осы мерзім өткен соң банкрот деп танылған азаматтардың тізімі уәкілетті органның ресми сайтында жарияланады.

 Айта кетейік, соттан тыс банкроттық туралы өтініш беру үшін азаматтар e-Salyq Azamat қосымшасы арқылы, сондай-ақ азаматтарға арналған Үкімет порталына жүгіне алады. Сонымен қатар  ХҚО арқылы қағаз жүзінде өтініш беруге болады. 

Ал соттың банкроттық рәсімінен өтуі үшін тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгіну қажет.

 

                                        Нұрболат Адырбек, Алматы