Елнұр Бейсенбаев Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінің шындыққа жанаспайтынын айтып, бюро жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
«Кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді»: Елнұр Бейсенбаев Ұлттық статистика бюросының қызметін сынға алды
1,387
оқылды

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Ұлттық статистика бюросының жұмысын сынға алды. Ол азық-түлік бағасының қымбаттауы, елдегі жұмыссыздар саны мен жалақы мөлшеріне қатысты ақпараттың дұрыс берілмеуі сынды мысалдарға сүйене отырып, Ұлттық бюродан статистиканы шынайы көрсетуді сұрады. Депутат аталған мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Иргалиевке депутаттық сауал жолдады. 

Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінің шындыққа жанаспайтынын айтып, бюро жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

«Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал, жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз.

Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ, Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде дейді. 

Оған қоса, Статистика бюросының мәліметінше 2023 жылдың наурыз айына азық-түлік бағасы шамамен 21 процентке өсіпті» – деді депутат.

Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, мәселе одан әрі ушығып тұр. «AMANAT» партиясының мониторингтік топтары барлық аймақ бойынша азық-түлік бағаларын қадағалаған. Нәтижесінде, пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Яғни 1,5-2 есеге дейін, 70-100 процентке бағаның шарықтағаны байқалады. 

«Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Әлеуметтік жағдайы қиын, көпбалалы отбасылар туралы айтуға қысыласың.

Екіншіден, ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес. 

Оған қоса, осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтындығын көрсеткен болатын. Яғни, инфляцияның өсуі, экономикалық қуіп-қатердің артуы жағдайында кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді», – деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев. 

Сондай-ақ ол елдегі жұмыссыздар санына қатысты Ұлттық статистика бюросы ұсынған ақпараттың растығына да күмән келтірді.

«Соңғы 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9 проценті, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді. Қазақстанда жұмыссыздар статистикасы тек халықты жұмыспен қамту орталықтарына арнайы өтініш бергендердің есебінен жүргізетіні анық. Сондықтан жұмыссыздардың көбі есептен тыс қалып қояды.

Ал, ресми дерек бойынша жастар арасындағы жұмыссыздардың саны шамамен 80 мың адамды құрайды. Шындығына келсек, осы топтадағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын «NEET» жастардың саны 380 мыңды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп» – деді ол.

Мәжіліс депутаты экономикалық өсім, өндірістің дамуы, тұрғын-үйлердің салынуы, ауыл шаруашылығынан өнім алу сияқты көрсеткіштер бойынша да сұрақтар көп екенін жеткізді. Осылайша бірнеше мысал келтіріп, Ұлттық бюродан статистиканы шынайы көрсетуді сұрады.

«Үкіметтің шешім қабылдарда жіберетін басты кемшілігі – жалған статистиканы пайдалануы. Статистика – елдегі нақты ақпарат пен шынайы көрсеткіштердің бет-бейнесі болуы тиіс. Дегенмен, Үкімет тарапынан қабылданған шешімдердің әлсіздігі, көбінде қате мәліметтерге сүйенудің негізінде орын алып отыр.

Ұлттық бюро жүргізетін статистика барынша шынайы, халықтың әлеуетін ашық көрсетуі тиіс. Сонда ғана қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, табысын арттыру мүмкін болады. Осы ретте, біз нақты ақпарат берудің жаңа, әділ ережесін қалыптастыруымыз қажет» – деп түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.