Атырауда Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Дешті Қыпшақ даласынан шыққан даңқты бабамыздың 800 жылдығына арналған «Ұлы дала барысы – Бей­ба­рыс сұлтан» атты халықаралық конфе­ренцияда Қазақстан, Түркия, Мысыр елдерінен келген ғалымдар баян­дама жасады.
Даңқты сұлтан – Бейбарыс
1,769
оқылды

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан мұсылмандары діни басқарма­сының ұйымдастыруымен өткен конфе­рен­цияда Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Бейбарыс бабамыздың ислам тарихындағы және қазақ қоғамындағы орны туралы атап өтті.

– Бейбарыс сұлтан – тұлға, қайраткер ретінде атыраулықтар үшін ыстық. Өйткені көптеген тарихи деректерде Бейбарыс сұл­тан­ның Атырау өңірінен, Беріш руынан деген дәйектер келтіріледі. Конференцияның Атырау өңірінде өтуінің өзіндік мәні бар. Конференцияда жаңа тарихи деректер ай­тылып, Бейбарыс сұлтанның тарихтағы рө­лін тағы бір еске салған мазмұнды шара өтуде, – деді Атырау облысы әкімінің орын­басары Жасұлан Бисембиев.

Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бейбарыс сұлтанның есімін ұлықтау мақсатында атқарылып жатқан ша­ралар легіне тоқталды. 

«Бейбарыс бабымыз дінді ерекше ұстан­ған. Мекке мен Мадинаның қорғаны болған. Яғни, сұлтан болып тұрған кезінде мұсылман еліне көмегін, қолдауын көрсеткен. Осы елдің өркендеуіне өзіндік үлкен үлесін қос­қан. 

Бейбарыс бабамыздың есімін ұлықтау мақсатында маусым айында Мысыр елінде бабамызға арналған арнайы салтанатты жиын өтеді. Сұлтан Бейбарыстың өз зама­нын­да Мысыр елінде салдырған мешіті бар. Сол мешіттің іші қазақтың оюларымен өр­нек­теп салынған. Қазір де ол сақтаулы. Күр­делі жөндеуден өтті. Конференция аясында сол Мысыр мешітінің қайта қолданысқа берілу шарасына Қазақстаннан арнайы делегациямен қатысу жоспарланып отыр. Бұл – Қазақ елі мен Мысыр елінің достығы­ның үлкен бір нышаны. Сондай-ақ қыркүйек айында Алматы қаласында ғылыми-тә­жірибелік конференция өтеді және журна­листер арасында шығармашылық конкурс жарияланып отыр», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Нұр-Мүбәрак университеті жанындағы Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Шәмшадин Керім мәмлүктанушылықты тек Мысыр мен Шам­ның аясында қарастырмай, кешенді түрде зерттеулер жасауды ұсынды.

– Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы елі­мізде мемлекеттік деңгейде атап өтілмек. Осы мерейтойға арналған іс-шаралар ғылыми салмақ, мазмұн алуы үшін Нұр-Мүбәрак университеті тарапынан бірнеше іргелі тың жұмыстар атқарылуда. Дәлірек айтсақ, Қайрат Сәкидің «Бейбарыс және дін», «Мәмлүктер миниатюрада» деген кітап­тары жазылуда. Бұл кітап күзде университетте ұйымдастырылатын халықаралық кон­фе­ренцияға дейін басылады деген сенімдемін.

Бейбарыс сұлтан – 132 жыл өмір сүрген Қыпшақ мәмлүк мемлекетінде таққа отырған 25 сұлтанның біреуі ғана. Біз неге осылардың ішінде көбінесе Бейбарысты ерекше бөліп айтатынымыз – оның тарихтағы орнына байланысты. Қыпшақ мәмлүктерінен кейін қуатты мемлекет тізгінін қолға алған шеркеш мәмлүктерінің билігі 1381–1517 жылдар арасындағы 136 жылға созылған, олардан 26 сұлтан шыққан. Осы шеркеш мәмлүктерін елімізде түркілер деп қателесу басым, шындығында бұлар – Кавказдан шыққан басқа тілдік топқа жататындар. Шеркеш мәмлүктері де қыпшақ мәмлүктері қалып­тастырған құрылымдық жүйені, дәстүрді сақтады. Араб тарихшылары осы екеуін де «түркілер мемлекеті» деп атап келген. Енді біз үшін осы екі әулеттердің билігі арасындағы сабақтастықты талдауымыз, таразылауымыз керек. Мәмлүктер дегеніміз – бұлар жат елге құл ретінде сатылғандар, олар сырт жерде құлдықтан мемлекет басқа­ру­ды уыстарында ұстаған үлкен лауазымдарға дейін биіктеді. Бұлардың тарих сахнасына шыққан дәуірі – мұсылман әлемі берекесі қашқан, екі жақтан жаулары қыспаққа алған қатерлі уақыт. Олар билікті ұстап қана қой­май, дұшпандарға тойтарыс берді, мұ­сыл­ман­дардың еңсесін көтертті, сесті мемлекет қалыптастырды. 

Осыған дейін қыпшақ мәмлүктері деген­де Шам мен Мысырдағы құрылымдар туралы ғана айтылып жүр. Ал осыған Үндістанда Дели сұлтандығын негіздеп, алғашқы мұсыл­ман мемлекетін қалыптастырған қыпшақ мәмлүктері жайындағы деректеріміз аз», – деді ғалым Шамшадин Кәрім.

Зерттеуші ғалым Қайрат Сәки Бейбарыс сұлтанның ғылыми өмірбаянын жасауды ұсынды.

«Бейбарыс туралы ақиқат ортағасырлық тарихшылардың нарративтік шығарма­ларында жатыр. Бейбарыс және оның дәуірі туралы жазған тек ортағасырлық тарихшы­лардың саны отыздан асады. Солардың ішін­де сол заманда өмiр сүрiп, сұлтанның өмiр­баянын жазған, мәмлүк мем­ле­кеттiк жүйе­сiнде, Бейбарыстың қасында қызмет еткен Ибн Абдузаһир («ар-Рауд аз-заһир фи сира әл-малик аз-заһир»), Ибн Шад­дад («Тарих әл-малик аз-заһир») және Ибн Уасил («Муфарридж әл-куруб фи ахбар бани айуб») жазған құнды шығармалар ол туралы ақиқат ақпарат береді», – деді ғалым Қайрат Сәки. 

Конференцияда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей, PhD доктор, шығыстанушы Палтөре Ықтияр, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, сондай-ақ мысырлық докторлар Ахмад Мухаммад Али әл-Мысри, Ахмад Хасан Али Омар, түркиялық ғалым, профессор Женгиз Томар баяндама жасады. 

Бейбарыс сұлтан – тарихи тұлға, көрнекті қайраткер. Дешті Қыпшақ даласынан шыққан әмірші, қолбасшы, сұлтанның өмір жолы, мемлекет басқарудағы тарихи рөлі әлі де болса зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Көп­теген көрнекті ғалымдар баяндама жасаған конференцияның түйіні осы болды. 

Баян ЖАНҰЗАҚ