Қазіргі ахуал жік-жікке бөлінуді емес, тарихы бір түркі мемлекеттерінің тізе қосып, жаһандық проблемаларды байыпты түрде бірлесе шешуін талап етеді.
Түркі мемлекеттері қиын кезеңде бір-біріне қолдау білдіруге дайын
1,426
оқылды

Түркі мемлекеттерінің бүгінгі таңдағы қарым-қатынасының жандануы тарихи байланысымызды жаңғыртудағы жаңа белес деуге болады. Бұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Facebook  парақшасында жазды. 

Депутаттың айтуынша, қазіргі ахуал жік-жікке бөлінуді емес, тарихы бір түркі мемлекеттерінің тізе қосып, жаһандық проблемаларды байыпты түрде бірлесе шешуін талап етеді.

«Түркі мемлекеттері қай кезде де бір-біріне деген ыстық ықыласымен қуанышта қауышып, қиын кезеңдерде қолдау білдіруге дайын. 

Біз оны көрдік. Осы жылдың 6 ақпанында Шығыс Жерорта теңізінде болған жер сілкінісінен кейінгі дүмпу салдарынан бірнеше ел зардап шекті. Соның ішінде Түркияны зілзала есеңгіретіп кетті. Апат салдарынан 50 мыңға жуық адам қаза тапты.

 

 

Бауырлас елдің басына төнген ауыр апат кезінде Қазақстан ТЖМ қызметкерлерін алғашқылар қатарында жөнелткен ел болды. Ауыр зілзаланың салдарын жою барысында қазақстандық құтқарушылар 7 адамның өмірін аман алып қалды. 

Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясына мүше төрт мемлекеттің парламентшілері қатарында Анкараға менің де жолым түсті. 

Алғашқы кездесу Түркия Мәжілісінің Төрағасы Мұстафа Шентоп мырза мен Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған делегациялар қатысуымен өтті. Мұстафа Шентоп мырза, зілзаладан кейін іздестіру-құтқару жұмысында қолынан келгенін аямай, әр адамның өмірі үшін күрескен қазақстандық құтқарушылардың жанқиярлық еңбегін атап өтті. Түркия тарапынан ауыр сынақ кезінде қазақстандықтардың көрсеткен қолдауы мен көмегіне өз ризашылығын білдірді. 

Сондай-ақ Ерлан Қошанов мырза, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Реджеп Тайып Эрдоған Қазақстан-Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастар деңгейін жаңа деңгейге көтерілгені, жалпы түркітілдес елдердің арасындағы берік байланыстар рөлінің маңыздылығына тоқталды. 

Сондай-ақ ауқымы кең, маңызы жоғары жиын барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев атынан бауырлас Түркия еліне жолдаған ыстық лебізі де жеткізілді.

Түркітілдес елдердің парламентшілері жастар мен гендерлік мәселелерге ерекше көңіл бөліп отыр. 

Жас парламентшілер комиссиясында баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бұл бағыттағы Қазақстандағы оң өзгерістерді кеңінен баяндап, түркі елдері парламентшілері алдағы уақытта бірлесе жасауы тиіс мәселелерге тоқталды.

Жиын барысында жастарды жұмыспен қамтуға көмектесетін және жан-жақты қолдау білдіретін бағдарламаларды ұлғайту; Жұмысқа орналасуға кепілдік беретін білім беру бағдарламаларын әзірлеу; Жастардың саяси өмірге белсенділігін ояту.

Басшылық лауазымдарға жас әйелдер мен ерлерді даярлауға арналған бағдарламаларды әзірлеу сияқты бірқатар ұсыныс айтылды.

Сонымен қатар ТүркПА-ға мүше мемлекеттердің парламентші әйелдер тобының отырысында Қазақстандағы жаңа мүмкіндіктер турасында айттым. Әлемдегі, геосаясаттағы соңғы жағдайлар әйелдердің мемлекетаралық байланыста жұмсақ дипломатия әлеуетін назарға алуды, сондай-ақ еліміздегі саяси реформалардың оң әсерінен саясаттағы, жалпы мемлекеттік басқару жүйесіндегі әйелдер үлесінің өскені жайында атап өтіп, келешекте саясат пен бизнес саласындағы, одан бөлек ұлттық компаниялардағы әйелдердің үлесін арттырудағы бірлесе атқаратын жұмысқа тоқталып өттім.

Бұл ауқымды кездесу аталған ұсыныстар төңірегінде шектеліп қалмайды. Бүгінгідей геосаяси жағдайда бауырлас елдердің бір-біріне қолдау білдіруі өте маңызды. Сол үшін ортақ құндылықтар мен жүйелі өзгерістер арқылы алға қадам басуымыздың мәні зор», – деді Бибігүл Жексенбай.