Өрт сөндіру бойынша жедел штаб құрылды.
Ақтөбеде зауыт өртеніп, 4 жұмысшы күйіп қалды
1,102
оқылды

Ақтөбе облысы Жаңажол кен орнындағы №2 газ өңдеу зауытынан өрт шықты. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Кеше сағат 15.55 шамасында 112 пультіне Мұғалжар ауданы Батпақкөл ауылдық округі Жаңажол кен орнынан хабар түсті.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ №2 газ өңдеу зауытының аумағында УПЛУ-1 (жеңіл көмірсутектер алу қондырғысы) өртенген. 

Күйік шалған 4 жұмысшы Темір аудандық орталық ауруханасына шұғыл жеткізілді. Зардап шеккендердің халі мүшкіл.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен облыстық ТЖД өкілдері оқиға орнын әуеден тексерді.

Өрт сөндіру бойынша жедел штаб құрылды. Қызыл жалынды сөндіруге 52 құтқарушы мен 9 техника жұмылдырылды.

Өрт 20.35-те оқшауланды. Толық сөндіру, өрттің себебін анықтаумен мамандар айналысып жатыр.