Дәулет Мұқаевтың айтуынша, кейінгі жылдары оңтүстіктен СҚО-ға көшіп барған 600 адам өңірден қайта көшіп кеткен.
Дәулет Мұқаев солтүстікке көшіп барғандарға берілетін баспана сапасын сынға алды
1,810
оқылды

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асырылу сапасын сынға алды. Ол Роман Скляр мен Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында аталған бағдарламаның кемшіліктеріне тоқталып, бірнеше ұсынысын білдірді.

«Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Теріскейге 7923 адам қоныс аударған. Олардың 1320 қандас және 6603 ішкі қоныс аударушылар болған. Ал биылға 8652 адамға квота бөлінген. Депутаттың айтуынша, 2021-2025 жылдарға бұл бағдарламаға 46,7 миллиард теңге бөлінсе де оң нәтижесін бермей отыр.

«Көшіп барғандар көп ұзамай өз аймақтарына қайтадан көшіп жатыр. Ресми статистикаға сүйенсек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде-ақ миграция сальдосы теріс мәнге ие. Соңғы жылдары оңтүстік аймақтан көшіп келген 600 адам бұл облыстан қайта көшіп кеткен. Ал олардың саны жыл санап артуда. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар... Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалғандай», - деп атап өтті ол.

Осы ретте Дәулет Мұқаев бағдарламаны жетілдіру мақсатындағы бірнеше ұсынысын білдірді.

«1. Қоныс аударған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға үй құнының 50%-ын, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын сомада қаржы беріледі. Бұл қоныс аударушыларға үлкен көмек. Әйтсе де, Үкімет тарапынан салған баспананың сапасыздығына арызданған жандар өте көп. Жаңадан салынған үйлердің сапасыз екенін ескере отырып, мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу немесе өздеріне үй салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын;

2. Ауа райы мен қоныс аударушылардың адаптациялық кезеңін ескере отырып, қоныс аударуды тек ерте көктемде жүзеге асырған жөн. Қоныс аударған ағайынға жат жердің тыныс-тіршілігіне үйренісуге жәрдемші болатын арнайы бейімдеу орталығы мен бірегей сайт, жедел желі телефонын іске қосылуы керек. Себебі қоныс аударушы қандастарымыздың көбі кирилл қаріптерін оқығанда қиналғандары байқалады. Ал өзіміздің жергілікті халық болса көші-қон жайлы толық ақпарат біле бермейді. Себебі ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстары өте аз;

3. Қоныс аударушыларды арнайы комиссия негізінде іріктеп, кәсіпке икемі бар, көпбалалы отбасыларға басымдық берілу керек. Қоныс аударғаннан кейін туылған әр сәбиге де берілетін жәрдемақы деңгейін арттыру демографияға серпін берері сөзсіз;

4. Жұмыс орындарының санын көбейту мақсатында жұмыс беруге мүмкіндігі бар кәсіпкерлерді көшіруге ықпал ету немесе жас кәсіпкерлерді қызықтыратын арнайы өңірлік бағдарлама әзерленгені дұрыс. Қоныс аударған жандардың кәсібін дөңгелетіп кетуге 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелер санын арттырып, субсидиялар, гранттарды ұлғайту керек», – деп түйіндеді ол.