Еліміздегі есту қабілетінен айырылған адамдардан құ­рал­ған жалғыз театр – Sensitive ұжымының бишілері Ду­байда өткен хореографиялық өнер фестивалінде Гран-при алды.
Sensıtıve сенімді ақтады
581
оқылды

Петропавлдағы «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының базасында құрыл­ған бұл театр бишілері бірнеше но­минация бойынша жеңіске байқауда жетті. Атап айтқанда, «Соло» (Даниал Кангожин) және «Дуэт» (Евгений Кузьмин және Екатерина Воропаева) санаттарын­да үздік атанды. Ал мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің аға құрамы «Вена вальсі» және «Сам­ба» хореографиялық қойылым­дары­мен бірінші орын иеленді. Сондай-ақ Sensitive театры қазылар алқасының да арнайы сыйлығына ие болды.

Жеңімпаздарды Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов құттықтады.

«Мен театрдың шығармашылық ұжымын және Солтүстік Қазақстан облыстық арнайы мектеп-интер­наты­ның түлектерін толайым та­быс­тарымен құттықтаймын. Бұл – отандық инклюзивті театр мен Қазақстанның театр өнері үшін үлкен жетістік. Сонымен қатар бұл – біздің ерекше қажеттіліктері бар отандастарымызды шабыттан­дыра­тын тамаша нәтиже. Бұл – қан­дай жағдай болсын, шығарма­шылық әлеуетіңізді жүзеге асыруға болатынының айқын дәлелі. Теа­трға болашақ байқауларда шығар­ма­шылық табыс пен жарқын же­ңіс­тер тілеймін!», – деді  министр.

Айта кетейік, ерекше театрдың талантты қыз-жігіттерін хореограф Ольга Ростовщикова жаттық­тырады. Ол осы шығармашылық ұжымның негізін 17 жыл бұрын қалаған.

Би ансамблі 2011 жылдан бастап байқауларда өнер көрсетіп келеді. Бүгінге дейін олар АҚШ, Болгария, Италия, Испания, БАӘ секілді елдердегі жарыстардан ол­жалы оралған.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ