«Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) Астанадағы Президенттік саябақта KASE аллеясын салды.
KASE 30 жылдық мерейтойы қарсаңында 100 түп ағаш отырғызды
1,075
оқылды

«Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Астана қаласының әкімдігі және «Тұрақты даму» Жер қорымен бірлесіп Астанадағы Президенттік саябақта KASE аллеясын салып, 100 түп ағаш отырғызды.

KASE аллеясын салудың салтанатты рәсімінде негізгі спикерлер ретінде: KASE Басқарушы директоры Еркін Сыздықов, Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Халел Акимжанов, Қазақстан Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар департаменті директорының  орынбасары Иван Сердюк, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова сөз сөйледі.

«Қазақстан қор биржасына биыл 30 жыл толады. Мерейтой қарсаңында, сондай-ақ орнықты даму саясаты және бизнесті тұрақты жүргізу стандарттарын ілгерілету шеңберінде біз елордамыз  – Астана қаласының дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді. Осы ретте әдемі әрі ұзақ өмір сүретін ағаштардың ең көне түрінің бірі – сакураның 100 көшетін отырғызуды ұйғардық. KASE аллеясы елордамыздың, еліміздің және Ұлттық биржамыздың әл-ауқаты мен өркендеуінің символына айналады деп сенеміз», – деп атап өтті KASE Басқарма төрайымы Алина Алдамберген.

Қазақстан қор биржасы бұл – елдің қор, валюта, ақша және деривативтер секілді 4 биржалық нарығына қызмет көрсететін көпфункционалды сауда алаңы. KASE Басқарушы директоры жаңа аллея  Биржаның елмен бірге өркендеуге деген ұмтылысының көрінісі деп атап өтті.

«Қазақстан қор биржасы биыл қарашада 30 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Сонымен қатар Биржа экономиканы, болашақты дамыту, жасыл облигациялар, табиғатқа көңіл бөлу сияқты стандарттар мен принциптерді ұстанады. Өзіміздің мерейтойымызға байланысты және осы Астана қаласында биыл өкілдігімізді ашып отырмыз. Елордаға үлесімізді қосып, KASE аллеясын салып, 100 түп сакура ағашын егіп жатырмыз.

Жалпы, сакура ағашы біріншіден, Астананың климатына қолайлы, яғни, суыққа төзімді екен. Екіншіден, сакура – жаңарудың символы. Біз 30 жыл бойы қызмет еттік. Енді осы жолды әрі қарай жалғап, өсіп-өне берейік деген ниетте осы ағашты таңдадық»,  – деп түсіндірді KASE Басқарушы директоры Еркін Сыздықов.

Отандық эмитенттердің қаржыландыруын тарту үшін қаржы құралдарының кең спектрін құру, елдің қаржы жүйесіндегі өтімділікті қайта бөлу мен жергілікті және шетелдік инвесторлар үшін айқындық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған тұғырнаманың тиімді жұмысы есебінен Қазақстан экономикасының өсуіне жәрдемдесу – Биржаның басты миссиясы.

Биржа инновация, жауапкершілік, ашықтық және еліміздің болашағына қамқорлық сияқты жоғары стандарттар мен корпоративтік құндылықтарды ұстанады.

ҚазақстанТәуелсіздігі қалыптасқан күннен бастап 30 жыл бойы қазақстандық биржалық нарық үздіксіз өсіп, дамыды. ҚР Қаржы министрлігінің МБҚ, ҚР Ұлттық банкінің ноталарымен, корпоративтік эмитенттердің облигацияларымен сауда-саттық дәйекті түрде басталды, 10-нан астам IPO өткізілген.

Былтыр, KASE-де сауда-саттықтың жиынтық көлемі 50%-ға ұлғайып, 261,6 трлн теңгеге жетті. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында Биржадағы сауда-саттықтың жиынтық көлемі 15%-ға өсіп, 98 трлн теңгені құрады.