Солтүстік Қазақстан облысында достарымен жабайы қаздарды атуға шыққан полицей ұсталды.
"СҚО-да полицей ұсталды": оқиғаның мән-жайы белгілі болды
6,589
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында достарымен жабайы қаздарды атуға шыққан полицей ұсталды, – деп хабарлайды Экология және табиға ресурстар министрлігі.
 
Ресми мәліметке сәйкес, 6 мамырда Қиялы ауылдық округінің Барыкөл ауылының маңындағы Шағалалытеңіз көлінің жағасында жабайы құстарды заңсыз аулаған Петропавл қаласының 4 тұрғыны ұсталды. Олардың ішінде полиция қызметкері де болды.
 
"Олардан жабайы қаздардың 31 ұшасы, 2 бірлік моторлы қайық, 3 бірлік 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді", – делінген ресми хабарламада.
 
31 жабайы қазды атқаннан мемлекетке келген залалдың көлемі 800 000 теңгені құрады. Қылмыстық кодекстің 337-бабы 3-бөлігі ("Заңсыз аңшылық") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
 
Айта кетері, осы қылмыс үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 5 000 АЕК-ке (17 250 000 теңгеге) дейiнгi айыппұл салу қарастырылған. Сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса, 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.
 
Бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін.