Ыстанбұл қаласында авиация, ғарыш және технология салалары бойынша ең ауқымды шара Teknofest фестивалі өтті. Алғашқы күннің өзінде Түркияның әскери өнеркәсіп саласындағы соңғы жетістіктерін паш ететін бұл көрмені 1 миллионға жуық адам тамашалаған. Осымен 7 жыл қатарынан ұйымдастырылған Teknofest-тің жаңалығы көп.
Тeknofest таланттарды танытады
960
оқылды

Ыстанбұлдағы бұрынғы Ататүрік әуежайында ұйымдастырылған фес­­твивальдың құрметті қонақтарының қатарында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен бірге Әзербайжанның пре­зиденті Илхам Әлиев, Ливияның Пре­мьер-министрі Абдел Хамид Дбейба болды. Ресми дерек бойынша, көрме-фестивальда Түркияның 81 провинциясы мен әлемнің 96 елінің өнеркәсіптік әлеуетін танытты. Мұн­да авиация, ғарыштық технология са­лаларынан бөлек авто­мат­тандыру, энерге­тика, медицина бағыттары бойын­ша соңғы ғылыми жаңалықтар көп­шіліктің назарына ұсынылып, олардың ар­тық­шылығы таныс­тырылды. 

Негізінен, көрмеге қойылған тех­ни­калардың басым бөлігін әуе ке­ме­лері құрайды. Олардың арасында ұш­қыш­сыз басқарылатын қондырғыларды көптеп ке­зіктіре аласыз. Көпшілік алғаш құрас­ты­рыл­­ғаннан бастап жекелеген бөлшектері мен мүмкіндіктері жетілдірілген Bayraktar-ға қызыға көз тастады. 

Айта кетерлігі, өнертапқыштарға фес­ти­вальға қатысу мүмкіндігі тектен-тек беріл­­мейді. Қатысушылар 102 бағытты қам­титын сайыста өз жобасын қорғап шығуы керек. Биыл өнертапқыштар ара­сын­­дағы байқаудың жүлде қоры 13 мил­лион түрік лирін құрайды. Тағы 30 миллион лир жеңімпаздарға материалдық көмек ре­тінде берілді. 

Шараға арнайы қатысқан Түркия Пре­зиденті Реджеп Тайып Ердоған жүлде қо­ры­мен бірге Teknofest-тің де ауқымы жыл санап ұлғайып келе жатқанын тілге тиек етті. 

– Алғашында бұл фестивальға 4 мың 333 өтінім түскен. Биыл Teknofest-ке қаты­са­тын командалардың саны 333 мыңға же­тіп, олардан 1 миллион өтінім қабылдан­ды. Біріншіліктердің санаты 14-тен 41-ге дейін өсті. Қатысушылардың санымен бір­ге сый-сияпат, жүлде қоры да молая түс­ті. Алғашында фестивальдық жүлде қо­ры 4 миллион түрік лирасы болса, бүгінде оның сомасы 44 миллион түрік лирасына жетті, – деді Түркия Президенті. 

Түркия басшысы инженерлер мен тех­никтердің жоғары технологиялы жо­балары бірінен соң бірі сәтті жүзеге асы­рылып жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, Teknofest-ке тек соңғы айларда ғана іске асырылған жобалар ұсынылыпты. Мәселен, шара аясында көпшіліктің көз алдында Bayraktar Kızılelma сынақтан өтті. Түрік инженерлері құрастырған TCG Anadolu кемесі әскери-теңіз күштеріне беріл­ген. IMECE жерсерігі ғарышқа ат­та­нып­ты. Gökbey отандық тікұшағы түріктер құ­растырған қозғалтқышпен әуеге көте­ріл­ді. «Алтай» танкісі Түркияның Қарулы күш­терінің кәдесіне жарап жатқан көрінеді. 

Сонымен қатар фестиваль аясында Түркия президенті Халықаралық ғарыш стансасына Түркияның атынан аттанатын ғарышкерлерді таныстырды. 

«Халықаралық ғарыш стансасындағы тұңғыш түрік ғарышкері, Әскери әуе күш­терінің үздігі Альпер Гезеравджи атан­бақ. Еліміздің бірінші космостық миссиясының қо­салқы ғарышкері ретінде Roketsan ком­па­ниясының инженері Тува Жихангир Атасевер танылды», – деді Реджеп Тайып Ердоған. 

Президент көпшілікке ғарышкерлер мен олардың отбасы мүшелерін таныс­тыр­ды. Түрік ғарышкерлері Халықаралық ға­рыш стансасына осы жылдың төртінші тоқ­­санында аттанады. Ғарыш станса­сын­дағы миссия 14 күнге созылады. Онда ға­рыш­керлер түріктің зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындары әзірлеген 13 тә­жірибені сынап көрмек. 

Түркия Республикасының құрыл­ға­ны­на 100 жыл толуына байланысты ұйым­дас­тырылған жиынның тағы бір ерекшелігі көрме жұмысына балаларды тарту болды. Фестивальдағы шаралардың негізгі легі «Бір бала келсін, бір ұшақты ұстап көрсін» ұра­нымен өтті. Сол арқылы түрік Үкіметі ба­лаларды бесігінен технологиялық прог­рес­ке баулуды мақсат ететіндей. Тіпті, Teknofest-тің алғашқы күндері Ататүрік әуе­жайына ағылған миллиондаған адам­ның дені балабақша жасындағы және бас­тауыш сынып оқушылары болды. Әрі олар­дың көрмеге экспонат ретінде қойыл­ған кез келген әскери техниканы қолмен ұс­тап, жақынырақ таныса алады. Tek­nofest-те сөйлеген сөзінде Түркия пре­зи­денті де сайыс қатысушылары арасынан Но­бель сыйлығының иегері Азиз Санд­жар­дың жолын жалғайтын жас таланттарды көр­генін айтқан-ды. 

Тeknofest-тің жалғасы 30 тамыз – 3 қыр­­күйек аралығында Түркияның Анкара қа­ласында өтпек. 

Ш.АТЫХАНҰЛЫ