Елімізде жұмысшылардың үлкен бөлігі қорғалмаған. Арасында аутстаффинг, аутсорсинг форматында еңбек ететіндер, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, фрилансерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен жұмыс істейтіндер бар. Мемлекет соңғы үш санатты әлеуметтік қамсыздандыруға талпыныс жасады.
Жалдамалы жұмысшы да жарна төлейді
1,059
оқылды

Биылғы 20 сәуірде Президент Әлеуметтік кодекске қол қойды. Оған сәйкес, алда өз күнін өзі көргендерден жаңа алым жинала бастайды. Олар енді әлеуметтік аударылымдар жасауға міндеттеледі. Бұл тетік компаниялар үшін тапсырма орындайтын жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейте ме?

АҚС шығыны ақша «шыдатпайды»

Әлемнің әр мемлекетіндегі әл-ауқат деңгейін таразылаған «Global Wealth Report–2022» сарапта­малық есебіне жүгінсек, Қазақстан халқының 0,3 пайызы ғана дол­ларлық миллионер. Қалғанының бәрі азды-көпті дәрежеде әлеу­мет­тік қолдауды қажет етуі мүмкін. Бірақ онжылдықтар бойы қорда­лаған мәселелерді шешуге Үкі­мет­тің қолы, қауқары жетпей келеді. 

Бұл ретте жұмыс берушілер шығыстарын азайту үшін персо­налының үлкен бөлігін штаттан шығарып, аутстаффингке тапсы­рады. Немесе аутсорсингтің қыз­метіне жүгінеді, өз мамандарымен де азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС шартын) бекітеді. 

«АҚС шартымен қызмет көр­сететін жұмыскерлердің жағдайы шынымен аяуға тұрарлық. Олар келісімшарт аясында штаттағылар сияқты, тіпті одан артық жұмыс істейді. Алайда оларға ешқандай еңбек демалысы берілмейді, ең­бек­ке жарамсыздық парақшасы өтел­мейді. Шарт талабына сай, егер ком­пания оның жұмысына көңілі толмаса, ақысын бермей қояды. Жұмыс берушілер оларды компью­тер, кеңсе тауарларымен сияқты басқа керек-жарақтармен қамты­майды. Оның бәрін өзі са­тып алуы тиіс. Мұның сыртында, АҚС шар­тындағылардың табы­сынан зейнет­ақы жарналары, жеке табыс са­лығы, медициналық сақ­тандыру жар­насы мен аударылым­да­ры ұс­талады. 2025 жылдан бас­тап, со­лардың табысынан енді әлеу­меттік аударылымдар да ұс­талады», – дей­ді HR-менеджер Айдар Қасенов.

Сарапшы осы мамандарға шы­ғындарын азайту үшін жеке кәсіп­керлік ашып, АҚС-тан соған ауы­суға кеңес береді екен. Бірақ жеке кәсіпкерліктің де қиындығы көп: бақылау-кассалық аппаратының болуы, тұрақты түрде чек басуы, салықтарды өзі аударуы, ұдайы reKassa ауысымын жауып отыруы және басқа талаптары бар. Оларды уақытында орындауды ұмытып кетсе, айыппұл салынуы, түрлі мә­селеге тап болуы ықтимал. Сон­дықтан көбісі АҚС шартының талаптарына амалсыз көнеді: онда салық пен жарна аудару мәселе­сімен соны жалдаған компания­ның бухгалтері айналысады.

АҚС шартындағылар өз қыз­метін ұсынып, өз күнін өзі көретін фрилансерлер қатарына жатады. Еңбек министрлігінің Еңбек ре­сурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) дерегінше, Қазақстанда 2021 жылы АҚС шартымен жұмыс­тарды орындайтын 176,9 мың қазақстандық ресми тіркелген. Бұл 2017 жылғыдан 40 пайызға көп. Бі­рақ ЕРДО сарапшылары АҚС шартымен қызмет көрсететін адам­дар саны бұдан кем дегенде 5 есе көп деп санайды. Статистиканы шындыққа жақындату үшін ма­мандар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының деректер базаларына тоғыспалы талдау жүргізіп шық­қан. Сөйтіп, ай сайын тұрақты түр­де зейнетақы жарналарын ау­даратын, бірақ әлеуметтік аудары­лымдар жасамайтын адамдарды анықтады. Тиісінше, АҚС шарты­мен істейтіндер саны 1,05 мил­лион­нан асатыны мәлім болды. 

Қаржы аудармасаң, қор елемейді

Фриланс әртүрлі қызмет түрін біріктіреді. Олардың қатарында жалпы экономиканың барлық секторының жұмыскерлері бар. Мемлекеттік қызметте де осы шарт­пен жұмыс істейтіндер же­тер­лік. Үлкен бөлігі, 170 мың адамнан астамы – білім беру саласында. 166 мыңдайы – саудада. Мемлекеттік басқару және әлеуметтік қамсыз­д­андыруда – 143 мың адам. 

ЕРДО дерегінше, бұл санаттағы жұмыспен қамтылғандардың кірісі шамалы. Олардың табысының орташа деңгейі штаттағы жұмыс­керлердің орташа жалақысының 71,5 пайызын ғана құрады. Мы­салы, ауыл шаруашылығында АҚС шартына отырғандардың табысы шамамен 69 мың теңге ғана. Сон­дықтан фрилансерлердің 18 па­йызы бір мезгілде екі жұмыс беру­шіге, ал 10 пайызы – бірден үш жұмыс берушіге жалданып, тап­сыр­маларын қатар орындайды.

Елімізде фрилансерлерді әлеу­меттік қамсыздандыру идеясы түрлі алаңдарда бұрыннан талқы­ла­нып келеді. Былтыр ірі агрега­тор­лардың тамақ тасушы курьер­лері өздерінің әлеуметтік жағдайын жоғарыға жеткізу үшін ірі мега­полистерімізде митинг өткізді. Содан бұл тақырып биліктің де күн тәртібіне шықты. Ереуілшілердің айтуынша, қазіргі кезде ішкі еңбек нарығында тұрақты, жалдамалы, жақсы жалақылы жұмыс табу күр­делі. Ал АҚС шарты аясында жұ­мыс берушілер олар үшін Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік салық төлемейді. Соның кесірінен егер фрилансер жұмысынан айрылса, декретке шықса, қордан көмек алмайды.

Сол себепті жаңа Әлеуметтік кодекстегі жаңалықтардың бірі фрилансерлерге, соның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен істейтіндерге қатысты болып отыр. 2025 жылғы 1 қаңтар­дан бастап, АҚС шарттары бо­йынша 5 пайызы әлеуметтік ау­дарылымдар енгізіледі. Осылайша, штаттан тыс бұл қызметкерлер де әлеуметтік сақтандырылады. Олар жұмысынан айырылса, немесе перзент сүйіп, декреттік демалысқа шықса, онда қордан төлем ала алады.

Жаңа норма Қазақстан аза­маттарына ғана емес, азаматтық алып үлгермеген қандастарға және ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ­тарға да таралады. 

Жаңа алымды кім аударады?

Әлеуметтік кодекске сәйкес, АҚС шартын бекіткен барлық жеке тұлғалар міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады. Олардың табысының 5 пайыз мөлшерінде МӘСҚ қорына әлеуметтік ауда­рылым ай сайын аударылып тұруы тиіс. Ол аударылым қаржыны са­лық агенттері, яғни өзі қызмет көр­сететін компанияның бухгал­терлері ұстап, қорға аударады.

Бірақ осы орайда түсінбеушілік пен қайшылықтар туындады. Ақ­парат құралдары мен сарап­шылар есеп саласында кеңес беретін «Учёт.kz» компаниясының түсі­ніктемесіне сілтеме жасап, «жұмыс берушілер штаттан тыс мамандары үшін 5 пайыздық алымды өз есе­бінен төлейді» деп жарыса жазды.

Бұл жерде әлеуметтік ауда­рылым алынатын табысқа қатысты шектеулер қолданылады: ай са­йынғы ең жоғарғы табыс мөлшері – 7 ең төменгі жалақыға немесе 2023 жылы 490 мың теңгеге тең. Одан асқан сомаға жаңа алым есептелмейді. 

Бірақ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің түсінді­руінше, бұл әлеуметтік аударылым АҚС шартын бекіткен жеке тұл­ғалардың өз табысынан ұсталады. 

«АҚС шартымен жұмыс істей­тін көптеген азамат бүгінде, әлеу­меттік қатерлер туындаған жағ­дайда, МӘСҚ қорынан әлеуметтік төлем алудан қағылып отыр. Ал Әле­уметтік кодекске сәйкес, жұ­мыс берушілер өз штатындағы қыз­меткерлер сыртында, енді са­лық агенті ретінде АҚС шарты не­гізінде қызмет көрсететін ма­мандар үшін де әлеуметтік ауда­рымдарды, зейнетақы жарналары сияқты олардың табысынан ұстап, аударып отыратын болады. Осы арқылы АҚС шартымен жұмыс істейтін азаматтар өз есебінен әлеу­меттік қатерлерден сақтан­ды­рылады», – деп хабарлады ведомство.

Оның мәліметінше, АҚС шар­тымен жұмыс істеген көптеген әйел декреттік демалысқа шық­қан­да, жүктілік және босануға, жұ­мысынан айырылуына байла­нысты әлеуметтік төлемдерін ала алмай, наразылық білдіреді. Енде­ше жаңа төлем арқылы «мыңдаған адамға қордан төлемдер алуға мүм­кіндік беріледі».

Жалпы, өз бетінше күнелткен мамандарға мемлекет тарапынан алым-салықтың өсуі олардың еңсесін езіп барады. Finprom мо­ниторинг агенттігі сарапшы­лары­ның байламынша, бұлай бара берсе, 2025 жылдан АҚС шартымен жұмыс істеу қазақстандықтарға тиімсіз болып қалады.

Елдос СЕНБАЙ