Таяуда қандастарды орналастыратын өңірлер тізімі қарастырылған құжаттың жобасы көпшілік талқылауына шығарылды. Алайда аталған өңірлерге ағылып жатқан қандастар нөпірін көре алмадық. Осы тұста шеттен ағылған қазақтың көші-қоны неге саябырлап қалды, қайта күшейе ме деген сауал туындайды?
Көштің көлікті болғаны керек
1,819
оқылды

Біз осы сұраққа жауап іздеп, қандастар мәселесімен айналысып жүрген сарапшылардың пікірлеріне құлақ түрдік.  

Қарқын қалай саябырсыды? 

Биыл сәуірге дейін 4 575 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері жалпы елімізге 1,1 млн қазақ оралған. Осындай ауқымды мигра­ция көрсеткіші соңғы онжылдықта өте төмендеп кетті. «Көші-қонның сая­быр­лауы шеттегі қазақтардың саны азайып кетті» дегенді білдірмесе керек. 

Біз сөзге тартқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің Көші-қон комитеті Этникалық көші-қон бас­қар­ма­сының басшысы Дастан Айт­құловтың пікірінше, қандастардың келу қарқынына біріншіден – көршілес мемлекеттердің ішкі сая­­саты әсер еткен. Оған этника­лық қазақтардың жергілікті ха­лыққа сіңісіп, ассимилациялануы да ықпалын тигізіп отыр. Тағы бір үлкен се­беп – 3 жылға созылған коронавирус пан­­демиясы. Індет кезінде шекаралар жабы­лып, миграцияға тосқауыл қойылды. 

«Алайда 2020 жылы пандемия кезінде 13 мың адам қандас мәртебесін алды. Олар шекарадан сол жылы асып келген жоқ. Бұрыннан елде жүрген шетелдіктер арасында қандас мәртебесіне құжат тап­сырғандар еді. Түрлі елдердің кейбірі ви­засы таусылғанша немесе 3 айдан ас­пайтын мерзімде жүре алатын миграция талаптары бар. Соңғы жылы көші-қон қарқыны өсіп келе жатыр. 2021 жылы – 17 мың, 2022 жылы 19 мың адам қандас мәр­­­тебесін алды», – дейді Дастан Айтқұлов.

«Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамның президенті Абзал Сапарбекұлы «Соңғы жылдары көш неге бәсеңсіп кетті?» деген сұрақ терең талдау жүргізуді қажет етеді деген ойда. Оның пайымынша, алғашқы қарқынды көш толқыны адамдардың көңіл-күйіне байланысты болған. 

«Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде «қазақ елі дербес мемлекет болды» деген қуаныш сезіммен алғашқы лек келді. Бұл 2000-жылдарға дейін жалғасты. Көштің бәсеңдеп қалуы мемлекеттік қолдаудың азайып кетуіне байланысты деп түсінемін. Ол кезде айтарлықтай мемлекеттік қолдау болды. Өйткені ол кезде шетелден қазақтарды көбірек көшіру деген үлкен мемлекеттік саясат еді. Қазақ ұлтының халық санындағы про­порциясы аз еді. Сондықтан келген­дерге арнайы ұшақ жіберіп алдыру, бас­пана беру, өзі келсе жолын төлеп беру де­ген секілді үлкен қолдау көрсетілді. Қазір осы көмектердің көбісі жоқ», – дейді Абзал Сапарбекұлы. 

Оның айтуынша, тек солтүстік өңір­лерге келгендерге көмек беріледі. Оның өзі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстыруға келмейді.

«Көшіп келгісі келеді, алайда әртүрлі шарттар бар. Олар Қазақстанда қандай қол­дау көрсетілетінін өз еліндегі жағ­дайы­мен салыстырады. Сондай-ақ, елін­дегі үйін-мүлкін сатып кете ала ма, соны да қарастырады. Оның үстіне екі жыл пандемия болып жолдар жабылып қал­ды. Өткен жылда көшіп келгендердің саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда өсе бастады», – дейді «Отандастар Қорының» басшысы. 

Қандастар мәселесімен көптеген жыл бойы айналысқан белсенді Қайрат Бодауханның пікірінше, көштің бая­лауына әлеуметтік қолдаудың болмауы және кей жылдардағы үкіметтің нем­құрайдылығы себепші болған. 

«Көштің бәсеңдеуі, тіпті тоқтап қалуы, бастапқыда «5 жылға дейін аза­мат­тық берілмейді және есепшотта қар­жысы болуы керек» деген Мәсімовтің ке­зінде қабылдаған Үкімет қаулысына бай­ланысты болды. Бұл шеттегі ағайын­ның келуге деген ниетін шектеді. Квота мөлшері төмендеді және ол белгілі (шы­ғыс және солтүстік) өңірлерді ғана қам­ты­ғандықтан белсенділік төмендеді», – дейді Қайрат Бодаухан. 

Оның пайымдауынша, берілетін көмек қаржы әлеуметтік жағдайды шеш­пейді. Сондай-ақ ауылды жерге келіп мал, егістікпен айналысуына жер қарас­тырылмаған, жұмыспен қамту әлеуметтік кепілдік, тіпті, жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі ескерілмеген. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің мәліметі бойынша, биыл қандастарға 1 920 квота бекітілген. Солтүстік өңірлерге көшіп келген қан­дастарға бағдарламаға қатысу аясында қолма-қол ақшалай көмек көрсетіледі. Бастапқыда әр отбасы мүшесіне 70 АЕК шамамен 241 мың теңге көлемінде бірреттік төлем беріледі. Содан кейін бір жыл бойы тұрғылықты мекен-жайдың орташа есептелген коммуналдық қызмет төлемі ретінде баспананы жалға алуға өтемақы беріледі. Ауылды мекенге тұрақтаса 15 АЕК шамасында, ал қалаға орналасса 30 АЕК көлемінде беріледі.

«Биыл наурыз айынан бастап жаңа тетік енгіздік. Бірінші рет үй салуына немесе сатып алуына 4 млн теңгеден аспайтын көмек қарастырылған. Бұл сома баспана құнының 50 пайызын құрайды. Мысалы «Отбасы банкіне» 50 пайыз бастапқы жарна ретінде салып, үй сатып алуына болады. Жер телімі болып үй саламын дейтін болса қажетті қара­жаттың 50 пайызы немесе 4 млн теңге ұсынылады»,  – дейді Дастан Айтқұлов. 

Айта кетерлігі, квота сыртында елі­мізге қандастардың көшіп келуіне ке­дергі жоқ. Айталық, биыл қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер анықталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген бұйрық жобасына сәйкес, биыл қан­дас­тар еліміздің 8 облысына қоныс­тандырылады: Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстары.

Сәуір айына дейін Қазақстанға Өз­бекстан, Қытай, Түрікменстан, Моң­ғолия, Ресей және басқа елдерден қан­дастар келген. Келгендердің үштен бірі Алматыға, Маңғыстау (14 пайыздайы), Түркістан (6,8%) және Жамбыл (5%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (9,0%), Астана (11%) және Шымкент (6,5%) қалаларына қоныстанған. Бұл өңірлер қоныстандыру тізімінде жоқ. 

Дастан Айтқұловтың айтуынша, осында қандастардың туған-туыстары бар. «Олар бірінші туыстарын сағалайды. Екіншісі – ауа райы. Солтүстік өңірлерде қыс мезгілі 4-6 айға созылады. Этникалық қазақтар келетін елдердің Ресейден басқасы түгелге жуығы Иран, Қытай, Ауғанстан, Өзбекстан климаты жылы елдер», – дейді ол. 

Қазақы қалыптан айырмаудың амалы

Бұрын атажұрттан жырақта жүрген қа­зақтардың дені ана тілін, салтын ұмыт­пай келгені таңданарлық еді. Алайда соң­ғы онжылдықтарда бұл жағдай қиын­дап барады. «Отандастар Қорының» президенті Абзал Сапарбекұлының ай­туынша, шетелдегі қазақтардың ба­сынан ассимилизация, аккультурациядан ауыр өтіп жатыр. Сондықтан ең жақын деген көрші елдердегі қазақтардың ұлт­тық құн­дылығын сақтап қалуы күрделі мәселеге айналып кеткен. 

Қайрат Бодаухан да ассимиля­ция­ланудың қатты жүруі шеттегі қазақтың ең өзекті мәселесіне айналды деп түйді. Оған қазір көмек қолын созбаса, бола­шақта шеттегі қазақтардың басқа ұлтқа сіңіп кетуі әбден мүмкін. 

«Әсіресе, мектеп бағдарламаларының сәйкессіздігі күшейіп, қазақ тілі тұр­мыстық, отбасылық деңгейдегі қатынас тіліне дейін түсіп кетті. Бұл олар тұрып жатқан мемлекеттердің ұстанымы. Тілін, салт-санасын сақтап қалуды, ұрпағын бас­қа ұлтқа сіңіп кетуден құтқаруды мақ­сат еткен шеттегі қазақ үшін бұл өте үл­кен қасірет. Әсіресе, қазақ диаспора­сы­ның үлкен нөпірі отырған Қытай мен Ресейдегі ағайындар ассимиляциялық процеске кіріп кетті», – деп алаңдау­шылық білдірді ол. 

Абзал Сапарбекұлы қазіргі міндет – қандастардың ұлттық құндылықтарын сақтап қалуы екеніне назар аударды. Өйткені бұл кезек күттірмейтін мәселеге айналып бара жатыр. 

«Сырттағы қазақтың Қазақстаннан басқа ешкімге керегі жоқ. Олардың ең бірінші сұрайтыны – сол жердегі қа­зақтарға мәдени-рухани тұрғыдан қолдау көрсету», – дейді ол. Оның айтуынша, Өзбекстанда 500-ден астам қазақ мектебі бар. Соларға физика-математика секілді пәнінен беретін мұғалім жетіспейді. Олар осы жағынан көмек сұрайды. 

«Сапалы университет бағдарламасына сұраныс бар. «Қазақ университтері өзінің филиалын ашса» дейді. Ал Баян-Өлгей, Ташкент, Ыстанбұлдағылар қазақтың үлкен мәдениет орталығын ашуды сұ­райды. Мұның бәрі ұлттық құнды­лық­тарға қатысты мәселелер. Еуропа қа­зақтарын жастардың ана тілін мүлде білмеуі, аралас некенің көбеюі алаң­датады. Тура осындай жағдай Ресейде де бар. Барлық жерлердегі қазақтілді БАҚ-тың жағдайы нашар «солар қолдау көрсетілуін сұрайды», – дейді Абзал Сапарбекұлы. 

Қазір «Отандастар Қоры» қазақтар көп шоғырланған 10 мемлекетте ұлттық құндылықтарды насихаттайтын 20 курс ашқан. 

«Қазақ тіліне шетелдегі жастардың сұранысы азайып бара жатыр. Оларды қинап оқыта алмайсың. Сондықтан ап­таның аяғында ойын-сауық форматында осы құндылықтарды ұлттық би секілді жастарға қызықтырып үйретпекпіз»,  – дейді қор басшысы.

Кейінгі кезде көршілес мемлекеттерді жеке құжатта ұлтын көрсетпеу саясаты жүргізіле бастады. Бұрын постсоветтік ке­ңістікте барлық елде ұлты жеке құжа­тында жазылатын. Қазір Ресей Федера­циясында ұлты жазылмайды. Тек әскери билетте ғана көрсетіледі. Өзбекстанда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке куәлікте ұлтын көрсетпейтін болды. Алай­да екі елде де туу туралы куәлікте әке-ше­шесінің ұлты жазылады. Қандас мәр­те­бесін алуға әзірге осы да жеткілікті. Алайда жылдар өте келе жаңа талаппен берілген туу куәлігін алып еліне келгенде ұлтының қазақ екенін дәлелдеуі қиындай түспек. Сондықтан болашақта қазақ­тарды елге қайтаруда туындаған жаңа мәселелерді шешетін тетіктер әзірлеу міндеті тұр. 

Абзал Сапарбекұлы да мұның үлкен мәселе екенін айтады. Ауғанстан, Пә­кістан, Сауд Арабиясы, Иран, Түркия се­кілді елдерді құжатта ұлты көрсетіл­мейді. 

Әсіресе Ауғанстандағы оқиғаларға байланысты тарихи Отанына оралғысы келетінде қазақтар ма әлде басқа ұлт па деген дау шығып еді. «Олар қазақша біл­мейді» уәж айтылды. Яғни, азшылықтан ана тілін ұмытып қалғандар мәселесі ес­керілмей ме? 

«Бізде Ішкі істер министрлігінің де­рекқорында әкесі-шешесі қазақ болған деп анықтама бере алады. Кей елдерде ондай институт немесе орган жоқ. Сондықтан осындай елдер үшін заң жобасына жаңа өзгеріс енгізіп жатырмыз. Біріншіден комиссия арқылы ұлтын анықтау жайы. Келген адам комиссияға жүгінеді, оған сұрақтар қойылады, куә­герлер мен сарапшы мамандар қатысты­рылады. Мәселені Қазақстанның ішінде шешуді жөн көріп отырмыз. Өйткені «сол елден қазақ екеніңді дәлелдейтін анықтама алып кел» деп нұсқау берсек, ондай өкілетті мекеме жоқ болса не іс­тейді? Ол қазақ бізге ғана керек. Атал­мыш заң жобасы пандемия кезінде әзір­ленді. Одан кейін осы құжатпен бұ­рынғы депутат Ерлан Смайлов айна­лысты. Қазір заң жобасы басқа депутатқа тапсырылып жатыр. Шілде айында Мә­жілісте екінші оқылымға енгізіп, Сенат каникулдан келген соң қайтадан қарайды деп жоспарлап отырмыз», – дейді Дастан Айтқұлов.

Оның түсіндіруінше, министрлік комиссия жұмысына қатысты қағидатты әзірлейді. Ал комиссия жұмысының ұсы­нымы бойынша соңғы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды. Комиссия мүшелері қатарына облыстардағы ұлттық университеттердің тарих және лингвис­тика факультеттерінен бір-бір өкіл, «Отан­­дастар Қоры» мен Дүниежүзілік қа­­зақтар қауымдастығынан бір-бір өкіл­ден қатысады. 

Дастан Айтқұлов атап өткен тағы бір мәселе, елге келген қандастың төлқұжаты немесе жеке басын куәландыратын құ­жатының мерзімі өтіп кетсе оны создыру­ды талап етпей, азаматтыққа қабылдай беру талқыланып жатыр екен. 

Басқарма басшысының айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты Ресейден келетін қандастар саны 600 пайыздан асқан. Бұрын жылына орта есеппен 200 адам келсе, қазір 1 200-ден асып кеткен. Осы тұста тағы бір мәселе туындап отыр. Келіп жатқан аза­маттардың кейбірінің әкесі – қазақ, шешесі өзге ұлт өкілінен, болмаса шешесі – қазақ, әкесі өзге ұлт өкілінен болып шығады. Олар «мен де қазақпын, маған неге қан­дас мәртебесін бер­мейсіздер» деп сұ­райды. Бұл тұста олар шешесі немесе әжесі еврей болса сол ұлттың өкілі деп танитын Израиль тә­жірибесін мысалға келтіреді. 

«Өзге ұлт өкілімен некеден туған ба­ла­ны қабылдап жатқан жоқпыз. Бізде ше­шесі басқа ұлт, алайда әкесі қазақ болса біздің дүниетаным бойынша оның ұлты қазақ болуы тиіс. Алайда Консти­туция бойынша бұл қазақ ұлты деп та­ныл­майды. Баланың ұлты әкеден не ше­шеден беріледі деп жазылмаған. Қа­ғи­­дамызда «қандас ол Қазақстанның аза­маттығында болмаған шетелде тұра­тын этникалық қазақ» деп жазылған. Бүгінде қандас мәртебесін әкесі және шешесі де қазақ азаматтар бірден алады»,  – дейді ол.

Басқа ұлттан әйел алған қандастардың жұбайы және құжатында ұлты «қазақ» деп көрсетілмесе балалары азаматтықты кейін алады. Отағасы бірінші азаматтық алып, сосын «Азаматтық туралы» заңның 16-бабына сәйкес отбасымен бірігу бойынша отбасының қалған мүшелеріне беріледі. 

Жастарды жарылқай алсақ...

Қайрат Бодауханда көші-қонның жанама тетігі жастарды атажұртқа тарту маңызды екенін атап өтті. Оның ойынша, жастар жаңа ортаға тез үйреніп, кірігіп кетеді. 

Осы тұста Абзал Сапарбекұлы шетел­дік этникалық қазақтың балаларына бөлінетін грант талаптарын өзгертуді ұсынды. Жыл сайын 3,8 пайыз көлемде грант бөлініп, соның тең жартысынан көбі игерілмей қалады екен. Былтыр 1,8 мың үміткер дайындық курсын оқып, соның 600-і ғана ҰБТ-ны жақсы нәти­жемен тапсырған. 

«Қандастар бір жылдық курста бәрін игеріп үлгере алмайды. Оған қосымша қазақ тілі мен әдебиетін басынан бастап қайта оқиды. Осыған ұқсас шетелдік студент­тер­ге арналған стипендия бар. Ол жастар­мен сөйлесу, әңгімелесу арқылы тағайын­далады. Тура сондай жүйені шетелден келген қандас жастарға арнап жасасақ. Сол елдің білім бағдарламасын негізге ала отырып қандаспен көзбе-көз сөйле­сіп, жоғарғы оқу орнында білімді игеріп кете алатын сауаты барын анықтау керек. Қажет деп тапсақ грант беріп, универ­си­тетке қабылдауға болады. Осы арқылы жастардың келуін көбейтеміз»,  – дейді «Отан­дастар Қорының» басшысы. Жас­тар білім алған соң, жұмыс істеп, аза­маттық алып орналасса, әке-шешесін өзі көшіріп алады. 

Тағы бір мәселе шетелдегі қазақтар­дың тарихи отанына кедергісіз келіп-кетуіне қатысты.  

«Өздері қазақ болғаннан кейін Қазақ­станға визасыз келіп-кету, ол мүмкін бол­маса виза алуда жеңілдіктер қарасты­ры­луын сұрайды. Бұрын ондай артық­шылықтар болған», – дейді Абзал Сапарбекұлы осы жайында.

Былтыр Үкімет Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­дамасын мақұлдаған еді. Осы құжат не­гізінде қандас мәртебесін беру өтінімі Қа­зақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Жаңа тәртіп пен басқа да бірқатар ша­ралар Мемлекет басшысы 19 сәуірде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң шеңберін­де бекітілген. Бұл да құжаттың әуре-сарсаңын азайтады. 

Әлеуметтік кодексі және ҚР 2022-2027 жылдарға арналған көші-қон сая­сатының жаңа тұжырымдамасы бары­сында қандастардың көші-қонын қол­дауға қатысты жаңа бастамалар енгізілді. Соның бірі – «Ата жолы» картасы. 

«Еуропаның кейбір елдерінде қа­зақтар бар. Олар Қазақстанға біржола келіп, азаматтығынан айырылғысы кел­мейтіні түсінікті. Алайда бізде қос аза­маттық жоқ. Біз қазір «грин карта» секіл­ді «Ата жолы» картасын жасап жатырмыз. Ол тек бизнес саласында, өнер саласында, IT, ғылым саласында жетістікке жеткен қандастарға арналған. Олар Қазақстанға келіп-кеткісі келсе, еліміздің дамуына үлес қосу ниеті болса, бизнес ашқысы кел­се, келіп көріп, кейіннен тұрақтап қа­ламын деген ойы бар қандастарға бері­леді», – дейді Дастан Айтқұлов. 

Басқарма басшысының айтуынша, бастама биыл күзде жүзеге асады. Ол жоғарыда қара­латын заң жобасына енгізілген. Аталған картаны алған қан­дастарға елде 10 жыл тұруына рұқсат беріледі. 

Қорыта айтқанда, қандастарды елге қайтару, келгендерді бейімдеу бұрынғы­сынан да күрделене түскен. Әлемдегі соң­ғы кикілжіңдер салдарынан ішкі ұлт­тық саясатын күшейте түскен көршілес және алыс елдер сондағы қазақтардың бойындағы ұлттық құндылықтарынан алыстатып барады. Мемлекет оларға қазір қолұшын созып, көмек ұсынып, көшуге ниеттілерін ынталандыру арқылы елге жеткізе беруі тиіс. Өйткені шеттегі қазақ Қазақстанға ғана керек. Мем­лекеттің саяси-экономикалық қауіп­сіздігі мен әлеуетінің басты көзі – адам екені анық, ендеше шеттегі қазақ көшінің тоқтап қалмауы бәрімізге тиімді.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ