Астана қаласында «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен «Алтын өлке аңызы» спектаклінің тұсаукесері өтті.
Елордада «Замандас» отбасылық аула клубы спектакль қойды
846
оқылды

Елордалық көрермендер «Замандас» отбасылық аула клубының тәрбиеленушілері мен оқытушыларының шығармашылығын қызыға тамашалады. «Алтын өлке аңызы» спектаклінің премьерасында ерекше есте қалған сәт домбырашылардың өз өнерімен жиналғандарды тәнті етуі. Көрермендердің шынайы әсері мен қошеметі сахнадағы жас әртістерге қанат бітірді.

Спектакльдің басты идеясы ата-аналардың назарын отбасылық құндылықтарға барынша аударып, балалардың таңдауы мен тілектерін құрметтеуге шақыру. Қойылымда отбасындағы жағдай баланың жан-жақты қалыптасуына әсер ететінін, табиғатпен үйлесімде болуы көкжиегін кеңейтетінін көрсетті.

Спектакльдің басты кейіпкері Қаракөз есімді қыз. Оның болашақты болжай алатын қасиеті бар. Сол себепті ол туған ауылынан қуылады. Отбасынан алшақтап, ауыл тұрғындарынан зәбір көрген қыз кек алуға бел буады. Осылайша ол қаһарлы сиқыршыға айналды. Алайда махаббат пен сүйіспеншілік Қаракөзді ғана емес, ауылдағы барлық балаларды құтқарды.

Қойылымға «Замандас» отбасылық аула клубының 80-ге жуық тәрбиеленушісі, оның ішінде жас актерлер, домбырашылар мен бишілер қатысты.

«Бүгін біз әдемі аңызға қанығып, керемет ертегіні тамашаладық. Сонымен қатар сахнаның сәніне айналған, балаларымыздың жұлдызы жанған сәтке куә болдық. Біздің бүлдіршіндердің барлығы талантты және шынайы өнер көрсетті. Оларға болашақта табыс, денсаулық, сондай-ақ армандарының жүзеге асуын тілеймін!» деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

«Samruk-Kazyna Trust» қоры елордалық «Замандас» клубының әлеуметтік осал санаттағы балаларға түрлі шығармашылық, спорттық және білім беру секциялары мен үйірмелерде тегін оқуға мүмкіндік беріп келеді. 2023 жылы клуб аясында 3000-нан астам баланың көкжиегі кеңейіп, ата-аналарына психологиялық қолдау көрсетілуде.

«Біздің тәрбиеленушілер бос уақытында клубқа барып қана қоймай, өз мақсаттарын жүзеге асыруға ұмтылады. Республикалық чемпионаттарда жеңімпаз болып, кандидаттар мен спорт шеберлері атанып, шығармашылық конкурстар мен жарыстарда топ жарады. «Алтын өлке аңызы» қойылымы бірнеше ай бойы еңбек еткен ұйымдастырушылардың, оқытушылар мен балалардың топтық жұмысының тағы бір жетістігі», деп атап өтті «Замандас 21» қоғамдық қорының директоры Ләззат Алшынова.

Назира Қайыржан