Қарағанды облысында жас экобелсенділер әйнек пен пластик қалдығын жинап, сұрыптап, оны өңдеп, кәдеге жарайтын бұйым жасауды қолға алған. Толық циклді жобамен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің экономика және халықаралық бизнес кафедрасы меңгерушісі Жәнібек Жартай жетекшілік ететін студенттер командасы үш жылдан бері айналысып келеді.
Қоқыстан да ақша табуға болады
1,049
оқылды

Экологиялық стартап Enactus Kazakhstan National EXPO 2023 студенттік кәсіпкерлік, стартаптар және инновациялар жөніндегі Ұлттық кубогының бірінші орнын иемденіп, Қазақстан атынан Әлемдік кубокке жолдама алған болатын. Осы жоба төңірегінде Жәнібек Жартаймен пікірлесіп, оның көздеген мақсаттары жөнінде білген едік. 

–  Жәнібек Маратұлы ONDE деген нә­тижелі жобаны жүргізіп келеді екенсіз. Осы әйнек пен пластик қалдықтарын өңдеу бойынша жоба қашан дүниеге келді? Қазір қай деңгейде жұмыс істеп жатыр, оған кімдер атсалысуда? 

– Жоба басында 2019 жылы пластик бөтелкелерді жинап қоқыс өңдеушіге тапсыру жөніндегі экологиялық бастама ретінде пайда болды. Одан кейін 2020 жылы жобаны тоқтатқан едік. Өйткені пандемия басталды, қаржыландыру тоқтады. Кейін карантин аяқталған тұс­та қалдықтардың бұрынғыдан да еселеп көбейіп кеткенін көрдік. Деректерге жүгінсек, жыл сайын әрбір қазақстандық орташа алғанда 244 келі тұрмыстық қал­дықты тастайды екен. Сосын жобамызды қай­та жандандыру жөнінде шешім қа­былдадық. 2020 жылдан бастап жобаны қолға алған жастарымыз қалдықты жи­нау­мен ғана айналыспай, оны кәдеге жарату әрі имидждік өнім шығаруға бел байлайды. Қазір жобамыз үш бағытта жұмыс істейді. Экоқозғалысты білім бағ­дарламалары арқылы насихаттау, жо­баға халықтың әлеуметтік осал сана­тындағы жандарды көбірек тарту, қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу. 

Екі жылға жуық уақыттың ішінде уни­верситеттің гранттар байқауына қатысып, одан кейін басқа облыстық стартап конкурстарға қатысып жүлде­лерге ие болдық. Экологиялық стар­табымыз Студенттік кәсіпкерліктің Ұлт­тық кубогында бірінші орын алып, миллион теңге грант ұтып алды. Осын­дай гранттық қаржыны жинастырып, пластикті өңдейтін үлкен құрал-жабдық сатып алдық. Құрал-жабдықпен қазіргі уақытта 600 мыңға жуық пластик бөтелкені жинап, өңдедік. Бірнеше өнім шығарған болатынбыз. Ол имидждік өнімдер. Стақан қоятын құты, қаламсап, кішігірім сағаттар, ойыншықтар шығара бастадық. 2022 жылдың аяғында тек пластик қана емес, әйнек қалдығымен жұмыс жасауды қолға алдық. Алдымен әйнек қалдықты өңдеу және кәдеге жарату технологиясының тетіктерін игеруді бастадық. Биылдан бастап әйнектерден шамдарды, қаламсаптарды қоятын органайзерлер, үстелдің үстіне қойылатын шыныдан жасалған имидж­дік құрылғыларды шығардық. 3-4 жыл­дық жұмыс тәжірибесінің нәтижесінде студенттеріміз ұлттық стартапта жетіс­тік­ке жетті. Қазір бұл жобамен – эко­номика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті, биология және география факультеттерінің сту­денттері айналысып жатыр. Коман­даның ішінде 15 студент бар. 

– Істің басы-қасында жүрген сту­денттер қандай нәрсені үйренеді? 

– Басында бұл жоба экологиялық бастама ретінде қолға алынды ғой. Соның арқасында жастар жұмысты аса қызығушылықпен жүзеге асырды. Тағы бір ұтатын тұсы, студент өзінің универ­ситетте алып жатқан білімдеріне қосым­ша дағдыларды үйренуде. Яғни өңде­летін пластикпен, әйнек қалдығымен жұмыс істеуді, одан қандай өнім алуға болатынын меңгеріп шығады. 

Сонымен қатар бастамаларымыздың әлеуметтік бағыттағы маңызы бар. Осы дағдыны меңгеріп шыққан студенттер әлеуметтік осал топтағы көпбалалы отбасылар мүшелері немесе мүгедек жандарға білетіндерін үйретеді. Имидж­дік өнімдерді өздері жасап саудалайды, сол арқылы қосымша қаржы көздерін табуда. 

– JIHAZ деген жобаны да жүзеге асырып жатыр екенсіздер. Бұл жобаның мақсаты мен нәтижелері туралы айтып өтсеңіз.

– Бұл да жаңағы жобамен сабақтас. 2021 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Ең негізгі мақсаты – жаңағы құ­рылыс паллеттерін белгілі бір өңдеуден өткізіп, жиһазға айналдыру. Бірінші экологиялық мақсатты көздейміз. Статистикаға жүгінсек, әлемде жыл сайын 200 мың шаршы шақырым орман жойылады екен. Соның салдарынан жабайы аңдар, флора мен фауна жойы­лып, табиғатқа тарайтын оттегі азайып кетеді. Орманның оталуына ағаштың тұрмыста қолданылуы себепші. Әрине, біз бүкіл ресурстан толық бас тарта алмай­мыз. Алайда ағашты қайта қол­дану арқылы орманның белгілі бір бөлшегін сақтап қалуға септігіміз тиеді. Қазір адамзатты климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну проблемасы да алаңдатып отыр. Сол үшін өсіп тұрған ағаштарды барынша сақтауымыз қажет. Жобаның мақсаты – жаңа жиһазға қажетті ағаш кесудің орнына қалдық саналып, қоқыста қалатын немесе отқа жағылатын паллеттерден жиһаз әзірлеу.

Екіншісі – әлеуметтік бағыттағы жоба. Құрылыс қалдығы саналатын паллеттерді кәдеге жаратып, жиһаз жасау. Алдымен студенттер өздері кәсіп­керлік негіздерін және бизнесін жүргізу­дің бастапқы дағдыларын үйреніп шығады. Кейін осы тәжірибелерін көпбалалы отбасының балалары, жетім балалар, мүгедектер және ерекше қажеттілігі бар жастарға үйретеді. Яғни қоғамның әлеуметтік осал саналатын санаты осындай өнім жасап, табыс тауып, өздерін қамтамасыз етуге қол жеткізуі тиіс. Осы жоба бойынша Қарағандыдағы үлкен компаниямен серіктес болдық. Олар бізге паллеттерді тегін береді. Ал біз қамқорлық жасайтын жандар, тегін шикізаттан өнім жасап, оны сатып табыс табады. 

– Жастардың кәсіпкерлігі жөнінде көбірек айттыңыз. Ал   олардың өз кәсібін ашуына қолдау көрсету, біліктілікті үйре­туді қолға алдыңыздар ма? 

– Командамыз Enactus Karaganda Buketov University аталады. Универ­ситетіміздегі «Жастар кәсіпкерлігі» орталығымен бірге жұмыс істейді. Одан бөлек 3 бағыттағы өз жобаларымызды алып жүреді. Ең бірінші бағыт – бұл коммерциялық жобалар. Әрбір студентті университет қабырғасынан бастап қалай жұмыс істеу керек екенін, одан кейін өздерінің белгілі бір дағдылары болса, оны қалай коммерцияландыруға болатынын үйретеміз. Қазіргі коммер­циялық бағыттағы екі жобамызбен студенттеріміз айналысады. Олар тапсырыстар қабылдап, оны орындап, өздеріне табыс табады. Сонымен қатар осы жүргізілген жобаларды студент­теріміз дипломдық жұмысы ретінде қорғай алады. Сол жобаны немесе идеясын өзі оқу бітіргеннен кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бизнеске айналдырып жалғастыра беруіне бола­ды. Ондай мысалдар бізде көп. 10 шақты оқу бітірген түлегіміз студент кезінде жасаған жобасын дамытып, кәсіпке айналдырып алды. 

– Сіз тоқталған жобада жүргендер ЖОО-ның белсенді студенттері. Енді ауыл жастарына келсек, оларға қолдау көрсетесіздер ме? 

– Біз ауыл жастарына бизнес негіз­деріне және кәсіпті қалай бастау, дамыту жөнінде көмек көрсетуге әзірміз. Уни­вер­ситетте бизнеске бағытталған мамандықтар көп, айталық кәсіпкерлік және жобаларды басқару, бизнес, аналитика және бизнес консалтинг сияқты. Ауыл жастары 4 жыл оқып, одан кейін осы бағыттағы жобаларды бастап әрі қарай өзінің бизнесін алып кетуіне мүмкіндік бар. Сонымен қатар универ­си­тетімізде «Жастар кәсіпкерлігі» орта­лығы бар. Онда студенттер ғана емес, ауыл жастары да біліктілігін шыңдай алады. Жаңа идеялар, дайын жобалар болса бизнес инкубациядан өткізіп, әрі қарай толыққанды өмір сүретін жобаға айналуына көмектесіп, нарыққа шы­ғарамыз. Мұның барлығы тегін жүр­гізіледі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан сертификат алған үйретуші сарапшыларымыз тегін түрде консуль­тация бере алады. Егер бізді ауылдарына шақыртса, қызығушылық танытса, сол ауылдарға барып командадағы сту­денттеріміз өз тәжірибесімен алмасып, үйретуге дайын. Егер белсенділер команда қатарына қосыламын десе бизнес жобаларда студенттермен бірге тәжірибе жинақтаймын десе, есігіміз ашық. Қолдау көрсетеміз. Айта кетерлігі, біз сөз еткен нәтижелі жобаларда жүрген командамыздың дені ауылдан шыққан жастар. 

– Жобаларыңыз туралы көбірек біл­дік. Енді өзіңізге тоқтала кетсеңіз, қайда білім алдыңыз? Осындай белсен­ділік қай кезде пайда болды? 

– Өзім Қарағанды облысының тумасымын. Жоғары білімді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде алдым. 2021 жылы Жастар кәсіпкерлігі саласындағы жұмысымды қорғап, PhD ғылыми атағын алдым. Қазір универ­ситеттің Экономика және халық­аралық бизнес кафедрасының меңгеру­шісімін. Негізі ғылыми қызығушылығым – жастар кәсіпкерлігі. Сонымен қатар әлеуметтік стартаптар мен қалай жүзеге асыру технологиясын зерттеп келемін. Нәтиже жоқ емес. Әлеуметтік, эко­ло­гия­лық, ком­мер­циялық жоба­ларымыз гранттар алып, түрлі жүлделі орындарға ие болып жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Жәнібек АМАНГЕЛДІ