Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрайымы Динара Зәкиева Абай облысына барды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Абай облысына барды
899
оқылды

Алдымен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Абай облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының депутаты, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Эльзира Жүнісовамен бірге Бородулиха ауданына, Жерновка, Успенко ауылдарына барып, орман өрті кезінде қаза тапқандардың отбасына, туыстарына көңіл айтты. 

Кездесу барысында Динара Зәкиева жақындары табиғи апат кезінде қаза тапқан балалардың жағдайы үнемі бақылауда болатындығын жеткізді. «111 – жедел қызмет» байланыс орталығына хабарласып, балалардың құқығы бұзылған кез келген жағдайда, балалардың, отбасы мен әйелдердің құқықтарын қорғауға байланысты барлық мәселелер бойынша жүгініп, көмек алуға болатынын айтып өтті. 

Сондай-ақ Бала құқықтары жөніндегі уәкіл алапат өрт кезінде құрылған  эвакуациялық пункттерді аралады. Каштак, Половинка, Талица ауылдарынан уақытша көшірілген тұрғындармен кездесіп, жасөспірімдерге жасалған жағдаймен танысты. 

 

«Осындай жағдайда біз бәріміз бірге болуымыз керек. Баланың құқығын қорғау – әрқайсысымыздың міндетіміз. Сондықтан біз эвакуациялық пункттерге келдік. Мұнда жағдай жасалған, жергілікті атқарушы органдар балаларға арнайы бағдарламалар құрды. Қиын кездерде әрқашан бір-бірімізге қолдау көрсетіп, бірінші кезекте бүлдіршіндерге қамқорлықты аямауымыз қажет», – дейді уәкіл.

Уәкіл эвакуациялық пункттерде болып, азық-түлік пен қажетті заттарды табыстады. Балаларға тәтті дәмді таратып, кітаптар сыйға тартты. Олармен әңгімелесіп, хал-жағдайларын білді.