Кеңдікті сүйетін қанымызда бар қасиет еді. Сондықтан да ел жақты жағалап, елордадан іргемізді аулақтау салып жүргенбіз. Тас шаһар тынысымызды тарылтқандай еді ғой.
Астанаға көшіп келгеніміз әбүйір болған...
1,495
оқылды

Әй, тағдыр дегенге дауа бар ма?..

Шаңырағымызды думанға бөлеп, дүниеге келген төртіншіміздің тәй-тәй басқаны бәрімізді тағы қуантты. Бірақ тұлымшағы желбірей бастаған тәттіміздің сыңғыр күлкісін естігенімізбен, былдыр тілінің шыққанын біраз күтіп қалдық...

Айналамыздан әрнәрсені көреміз. Өзіміз қалам ұстап, бұқараның мұң-шерін қаузап жүргендіктен де көп дүниеден хабарымыз бар-тын. Білетініміз – бұл да бір дерт. Әлгі заманымызға, уақытымызға, өмірімізге дендеп енген гаджеттермен ілесе келген дерт көрінеді. Өкініштісі, айналамыздағы жеткіншектеріміздің денінен байқап қалатын болып жүрміз.

Алаң көңілмен кішкентайымызды жетелеп, өзіміз тұратын қаланың дәрігерлерін жағалай жөнелгеніміз де сол еді. Мемлекеттік емханалардағы, ақылы клиникалардағы ақ халаттылардың табалдырығын тоздырмасақ та, есіктерін біраз қаққанымыз анық. Заманауи қондырғыларына түсірді, сағаттап отырып бақылады, сөйлесті баламызбен, ақыры аутизм диагнозына күдіктенді. 

«Нақты сенімді емеспін. Бірақ балаңыздан аутизм диагнозын көріп тұрмын. Басқа да дәрігерлерге апарып көріңіздер менің шешіміме күмәндансаңыздар. Қатты шошымауларыңызды да сұраймын. Ең бастысы, ерте қимылдасаңыздар емін табасыздар», - деді «Данико» клиникасының неврапатологы Еркін Демесінов.

Мұны естіген әке-шешенің күйі белгілі, осы уақытқа дейін қалыпты көрінген құлыншағымыздың әр қылығына зерделей қараймыз, көңілді мұң шалады, басқа түскен сынақ деп те көндігесің, «Құдайға не жазып қойып едік» дейтіндей ойдың да басымыздан орағытып өткені бар. 

...Бір нүктеге қарап, ұзақ ойлана қалады баламыз. Ойыншықтарын қаз-қатар тізіп ойнай қалады баламыз. Арагідік айқайлап қуана қалса, күлсе, үні әдеттегіден өзгеше естіле ме?.. Көзімізге тура қарамайтынын, байыз тауып бір орында отырмайтынын аңғардық баламыздың.

Көңіл – күпті, ой – алаң... Біз тұратын қалада мұндай дертті емдеу жағы тағы қиындау. Әлеуметтік-медициналық сауықтыру орталықтары жоқтың қасы. Бар болса да бірен-саран. Ал оларға қол жеткізу, тіпті қиын. Мұны түсінеміз. Түсінгеніміз – көндіккеніміз сияқты. 

Тағдыр дегенге дауа бар ма дедік қой. Талайымыз лезде дәм-тұзымызды Астанадан жазуды жазған сықылды. Табан астында нанын жеп отырған жұмысымызды сылтау қылып, Астанаға қоныс аудардық. 

...Жаңа қалада, мүмкіндіктері молырақ мекенде етек-жеңімізді жимастан, кішкентайымызды дәрігерлерге тағы сүйрей бастадық. Әлгі шаһардағы әріптестері қателеспепті. Рас болып шықты. Психотерапевт, невропатолог дәрігерлерінің диагноздары бір болды. Аутизмнің жеңіл түрі, әлде жасырын түрі. 

Көп ойланбадық, өйткені ми ерекше баланың әке-шешесі екенімізді қабылдап қойған. Іске кірісіп кеттік. Білгеніміздей, емдеу шаралары ұзаққа созылады. Бірнеше емдеу-сауықтыру орталығында қатар жалғасады. Бір қуанатынымыз, Астанада мүмкіндіктер мол әрі қолжетімді. Педагогикалық-медициналық-психологиялық комиссия дәрігерлердің шешімін растап, рәсімдеп берген соң, сол мүмкіндіктерді барынша пайдалануға тырыстық. 

Тырыстық деймін-ау, бұл жерде қызымның анасының еңбегін айтуға тиіспін. Таңның атысы, күннің батысы кішкентайды сүйрелеп жүретін сол кісі еді. Арагідік көмекке барғанда да аңғардым, ерекше балалардың қиын мінезіне, ерсі қылығына төзіп, тіпті жүре алмайтындарын көтеріп, арқалап жүрген – аналар! Не деген шыдамдылық! Ана ғой, перзентінің қай күйігіне де арқасын тосып, машақатын мейірімімен жеңетін. «Жазмыштан озмыш жоқ» деп қарайтын, осы ұғымға үнсіз бойұсынатын...

Қош, сонымен бізге өзіміз тіркелген №15 емханамыздың мамандары қаладағы «Өнеге» орталығына жолдама жазып берді. Ондағы мақтаулы мамандар – логопед, дефектолог, психолог сынды дәрігерлер қызымызбен кәсіби деңгейде жұмыс істеді. Күн сайын 30-40 ерекше балаға қызмет ететін олардың маңдай тері адал-ақ. Олардың бірі қимыл-қозғалысы қиын бала болса, бірі Даун дертіне шалдыққан, кейбірінің тілінде, психикасында кешеуілдеу бар.

Іле-шала мүгедектерге қолдау көрсететін «Береке Астана» қайырымдылық қорының қамқорлығын көре бастадық. Олар «Құлагер» спорт клубында иппотерапиямен емдейді, «Алатау» спорт кешенінің бассейнінде шынықтырады, жоғарыдағыдай кәсіби мамандары тағы жұмыс істейді. Шетінен мейірімді, баланың тілін табады. Ең бастысы, мемлекеттің қаражаты есебінен, яғни тегін. 

Елордадағы №73 мектептің жанындағы педагогикалық орталық та аптасына үш рет педагогикалық сауат ашу жағынан қолдау көрсетеді.

Астана қаласындағы осы секілді медициналық-әлеуметтік қолдау шараларының шапағатын сезініп келе жатқанымызға жылға жуықтап қалыпты. Нәтиже көңіл көншітеді. Қазір қызымыз балдай тілімен қуантып жүр, ақылдылығымен тәнті етеді, қылығының тәттілігі тағы бар. 

Осындайда ғой «Астанаға көшіп келгеніміз әбүйір болған-ау» деп марқайып қаламыз әрі қазақтың бас шаһарындағы медициналық саланың әлдеқайда ілгерілегеніне шүкірлік етеміз.

Асхат РАЙҚҰЛОВ