Жұртта қалған психиатриялық ауруханаға жолыңыз түссе, не істер едіңіз?
Жасанды сезім жанды тойдыра ма?
1,070
оқылды

 Елес кезіп жүретін үйде оянсаңыз, қандай сезімде боласыз? Тас қараңғы бейтаныс бөлмеде жаныңызға жалбыраған шашы бар жалмауыз кемпір келсе, шыңғыруға шамаңыз қала ма? Бүгінде хоррор-квестке барып, өзіңізді қорқынышты фильмнің кейіпкері ретінде сезініп қайтуға мүмкіндік бар. Соңғы кездері сауықтың мұндай түрі біздің елде де танымал бола бастады. Неліктен адамдар оған үйір? Үрейлену бізге шынымен ұнай ма? Эмоцияны жасанды түрде шығарудың тағы қандай жолдары бар? Біз осыған шолу жасап көрдік.


Адамдарға адреналин ауадай қажет

Қорқыныш – біздің туғаннан бастап өміріміздің ақтық сәтіне дейін бірге жүретін негізгі эмоциялардың бірі. Ол ағзаның үйреншікті емес жағдайларға қайтаратын реакциясы түрінде көрініс табады. Қорқыныш әдетте белгісіздікке негізделеді: мен әрі қарай не боларын білмеймін – мен қорқамын. Қазіргі әлемде ақпараттың шектен тыс көптігінен де үрейге берілуіміз мүмкін: адам өз айналасындағы трагедияның ерте ме, кеш пе, өзіне де жетуі мүмкін екенін ойлап, үрей­ленеді. Психологтердің айтуынша, қорқыныш пен үрей біздің дамуымызға көмектеседі. Қорқынышымызды еңсере отырып, біз алға жылжимыз. Қорқынышы жоқ адамды мамандар қалыптан ауыт­қу­шылық ретінде қарастырады.

«Әсілінде адамдардың көбіне қорқы­ныш сезімі шынымен ұнайды. Қорқы­ныш­ты жағдай кезінде асып-сасып, тол­қы­ғанымызбен, ол аяқталғанда, дофамин гормоны бөлінеді де, біз эйфорияны бастан кешеміз. Сондай-ақ қорқыныш біздің ағзамызда адреналин гормонының бө­лінуіне жол ашады, ал қандағы адре­налиннің жетіспеушілігі депрессияға әкеледі. Қорқынышты фильмдер, хоррор-квестер, үрейлі аттракциондар, қысқасы, экстремал ойын-сауық индустриясының біржола жоғалып кетпейтіні де сон­дық­тан», – дейді психотерапевт Айнаш Сарбалаева.

Хоррордың фанаттары көп

Хоррор-квест – соңғы жылдары еліміз­де жастар арасында танымалдығы артып келе жатқан сауық. Бір ғана Астананың өзінде мұндай квестерді жиыр­маға тарта компания ұйымдастырады. Әрбірінде қорқынышты сюжеттің бес-алты түрі бар, соған қарай ойын өтетін локациялар да әртүрлі. Бірінде сізге баскесерден құтылу міндеті жүктелсе, бірінде суға батып өлген қыздың елесінен қашуға тура келеді. Жұртта қалған пси­хиатриялық ауруханада немесе балалар үйінде сайтандармен шайқас та күтіп тұруы мүмкін. Қысқасы, қорқынышты квестердің сценарийі әр алуан. Ойын басталмай тұрып, ойыншыларға оқиғаның жай-жапсары түсіндіріледі де, адамдардың басында хоррор-картина пайда болады. Тас қараңғы бөлмелерде жоғарыдағы кедергілерден өте жүріп, тапсырманы орындауыңыз тиіс.

Астанадағы ең қорқынышты квес­тердің бірінде әкімші болып жұмыс істейтін Сағындық Тайғановтың айтуынша, хоррор-энтертейнменттің фанаттары көп. Көптігі сонша, күніне бір локацияда тоғыз ойынға дейін өтеді. Ал бұл квестің қалада алты локациясы, сәй­кесінше алты қорқынышты сюжеті бар. Әр локацияға тұрақты актерлер де бе­кітіледі.

«Біз актерлерді жұмысқа аларда олардың импровизациялық өнеріне ерекше мән береміз. Өйткені мұнда көрермен, яғни ойыншы да перформансты өзгертіп жіберуі мүмкін, сол кезде сценарий кенеттен бұзылып кетті екен деп актер сасып қалмауы керек. Екіншіден, әр актерді ойынға қосарда локацияны егжей-тегжейлі жаттап алуын қада­ғалай­мыз. Негізі, көп адам актерлерде қараң­ғыда жақсырақ көруге мүмкіндік беретін линза бар деп ойлайды, бірақ олай емес. Олар жай ғана локацияның қуыс-қуысына дейін жақсылап меңгеріп алған», – дейді С.Тайғанов.

Сабаңа түсіретін сауық

Бүгінгі заманда эмоцияны жасанды түрде шығаруға көмектесетін ерекше ойын-сауықтың енді бір түрі – крэш-рум. Крэш-рум термині ағылшынның crash (қират, ойранда) және room (бөлме) сөздерінің тіркесуінен туған. Оны wrecking club, break room, destroy room, anger room, rage room деп те атайды. Бірақ бәрінің де беретін мағынасы бір: адамдар әлгі жерге келіп, айналасындағы заттарды қирату арқылы агрессиясын шығарады.

Мұндай сауық түрі ең алғаш рет 2008 жылы Токиода пайда болыпты. Содан кейін жер-жерде танымал бола бастаған. Қазір АҚШ-тың өзінде 100-ден аса крэш-рум бар екен. Кіру құны әр жақта әртүрлі. Мысалы, Мэрилендтегісі 15 доллар тұрады: онда сындыратын заттарды өзіңіз ала барасыз. Сарайыңыздағы шаң басып тұрған теледидар, істен шыққан принтер, көнер­ген ыдыс-аяқ дәл осы тұста кәдеңізге жарай­ды. Ал Лос-Андже­лестегі крэш-румға жолыңыз түсіп, 300 доллар төлесеңіз, бұзып-қирату үшін сізге мекеме тарапынан 100-ге тарта техника мен жи­һаз беріледі.

Крэш-румды Астанадан да табуға болады. Мұндай орталықтар әдетте үш бөлмеден тұрады. Біріншісінде – light пакет, екіншісінде – medium пакет, ал үшінші бөлмеде ең қымбат саналатын hard пакет тарифтерінің заттары қойылған. Бағасына қарай сізге қиратып-сындыруға берілетін дүниелердің де саны өсе түседі. Мәселен, әлденеге қатты ашуланып, теріңізге сыймай тұрсаңыз, hard пакетті таңдап, теледидар, оның астына қоятын шыны тұғыр, тәрелке, бокал, банка, стақан, үстел, автомобиль шинасы, спорттық груша секілді дүниелердің тас-талқанын шығарып, қиратып тастауыңызға рұқсат. Айтпақшы, бөлмеге кірер алдында сізге тоқпақ, кувалда, балға және сүймен сияқты қарулар ұсынылады. Мұнымен қоса, қауіпсіздік мақсатында үстіңізге ақ арнаулы жұмыс киімі, қолыңызға қолғап, көзіңізге көзәйнек кигізеді.

Есте қаларлық жаңаша ойын-сауық түрінде мұндай крэш-румдар қоғамда болғаны да дұрыс шығар, дегенмен ма­ман­дар агрессияны шығаруға көмектесетін ұзақмерзімді тәсіл ретінде тиімсіз екенін айтады. Өйткені адам бір әрекетті қайталап істей берсе, оның миы сол нәрселерді келесіде де жасағанын қалап, нәтижесінде соның жолын іздеумен болады. Демек, крэш-румдарға барып, бөлменің астан-кестеңін шығар­саңыз, бір сәтке жеңілдеп қалуыңыз мүмкін. Есесіне сіздің ашуланшақтық әдетіңіз мұнымен басылмайды, керісінше, үдей түседі. Оның орнына тыныштықта жалғыз ойланып, өз эмоцияңыздың түбіне үңіліп не болмаса медитация жасағаныңыз әлдеқайда пайдалырақ.

фото:massaget.kz

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ