Соттың шешімімен Өзбекстан Республикасының азаматы 7 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Мас күйде көлік жүргізген шетелдік азамат 15 тәулікке қамалды
1,983
оқылды

Атырауда мас күйде көлік жүргізген шетелдік 15 тәулікке қамалып, жүргізуші куәлігінен айырылды.

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, шетелдіктердің 23 маусымда жол ережесін өрескел бұзғаны анықталған.

«Атырау қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, шетелден келушілер тарапынан жасалатын құқыбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 23 маусымда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 3 шетелдікті анықтады. Олардың бірі – Өзбекстан Республикасының 48 жастағы азаматы шаһардағы Құрманғазы көшесінде ВАЗ-21043 автокөлігімен тоқтатылды. Көлік руліндегі шетелдік жүргізушінің жеңіл дәрежеде мас екені медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды»,  деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жинақталған іс құжаттары Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды. Соттың шешімімен Өзбекстан Республикасының азаматы 7 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.