Депутат ҚР Бас прокурорынан бұл мәселені өз назарына алуды сұрады.
«Ескі» Қазақстанның жемқорлары қарапайым халықты қанауды жалғастырып жатыр – Ермұрат Бапи
1,202
оқылды

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Алматы облысында «ескі» Қазақстанның жемқорлары қарапайым халықты қанауды жалғастырып жатқанын айтты. Осыған байланысты ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, Назарбаевтар әулетінің өкілдері заңды бұзып, пайшылардың 274 гектар үлесін өз адамдарының атына құрылған ЖШС-ға рәсімдеп алған. Сонымен қатар 2 мыңнан астам пайшының заңды үлесін «ИЖС»-қа айналдырып, оның едәуір бөлігін сатып жіберген.

 «Біз – депутаттар Қазақстан халқынан ұрланған, талан-таражға түскен активтерді елге қайтаруға қатысты заңды қабылдап жүргенде, Алматы жақта «ескі» Қазақстанның Назарбаевтан қалған жебірлері мен жемқорлары қарапайым халықты қанауды жалғастырып жатыр. Нақтылап айтқанда, Назарбаевтар әулетінің өкілдері – Нұрбол Болатұлы Назарбаев, Қайрат Сатыбалды мен Ахметжан Есімовтің нөкерлері және «Қаңтар генералы» Серік Күдебаев Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты бұрынғы «Каменка» асылтұқымды мал зауытының ұжым мүшелеріне пайға берілген жерді көпе-көрнеу тартып алған»,  – деп түсіндірді Ермұрат Бапи.        

Осы ретте депутат қолына тиген барлық құжаттардың көшірмесін Берік Асыловқа жолдап, Бас прокурордан  Алматы облысы мен Қарасай ауданының прокуратура органдарынан әділет таппай отырған істі өз назарына алуды сұрады. 

      «Менің ендігі айтпағым – осы қылмысты қиянаттың саяси астары. Саяси дейтін себебім – жазықсыз елдің заңды жерін тартып алған осы озбырлардың кланы мен олардың жандайшаптары Қарасай ауданында әлі де сайран салып жүр. Жергілікті прокуратура мен полиция зарлаған халықтың емес, тойымсыз, тажал кланның мүддесін қорғауда»,  – деді ол.

Мәжіліс депутаты, пайшылар өз үлестерінің тең жартысын мемлекетке қайтаруға құлықты екенін айтты. 

«Біз өз пайымыздың жартысын Алматы облысының Жер комитетіне беруге дайынбыз, тек біздің заңды үлесіміз назарбаевшылардың жемсауында кетпесе  болғаны. Ал жердің екінші жартысын заңды иелеріне рәсімдеп алуға мүмкіндік тудырсын»,  дейді пайшылар.

Осылайша,  Ермұрат Бапи Бас прокурорға өзінің бірнеше сұранысын білдірді.

«Сіз өзіңіздің арнайы өкіліңізді («спецпрокурорды» немесе арнайы прокурорлық комиссияны) Қарасай ауданына жіберіп, қалыптасқан жағдайдың күрмеуін шешу үшін тексеру жүргізіп, пайшылардың талабын тыңдауға; 

Қарасай аудандық прокуратурасы мен полициясы үлескер азаматтарға жасап жатқан қиянатты қысымды тыюға; 

Қамауға алынған азаматтарға таңылған айыптың ақ-қарасын анықтап, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоюға құлықты болсаңыз – болғаны»,  – деді ол. 

Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтан осы мәселе бойынша тұрғындардың өкілдерін қабылдап, олардың үлес пайын 50 де 50-лік нұсқамен тең бөлу жөніндегі ұсынысын тыңдауды сұрады.