Кеңес отырысына Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың өкілдері қатысты.
Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған кешенді жоспар талқыланды
1,021
оқылды

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық жастарды қолдау кеңесінің отырысы өтті. Жиында Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспары талқыланды.

Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы қатысушыларға кешенді жоспар бойынша жан-жақты талқылау жүргізіп, ашық пікір білдірудің маңызды екенін атап өтті.

«Кейінгі кезде балалар мен жасөспірімдерге қатысты жасалатын қылмыс саны көбейіп барады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша, 2022 жылы балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған. Олардың ішінде жыныстық тиіспеушілікке қатысты қылмыстар саны 719-ды құраған. Балалар арасындағы суицид бойынша 155 оқиға тіркелген. Жалпы, балалар мен жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстар мен құқықбұзушылықтарға тоқтау салу мәселесі бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Бүгін осы мәселені шешуге бағытталған «Бала қорғау» кешенді жоспары қаншалықты тиімді болмағын талқылап отырмыз. Кешенді жоспар «Ашық НҚА» порталына жүктеліп, қоғам талқылауына шығарылған болатын. Бүгінге дейін бұл құжат 5 620 рет қаралып, 250 пікір қаралған», – деді кеңес төрағасы.

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов күн тәртібінде талқыланып отырған кешенді жоспардың негізгі мақсатына тоқталып, құжат мазмұнын қысқаша таныстырып өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспардың жобасын әзірледі. Кешенді жоспардың басты мақсаты – әр баланың бақытты болашағы үшін қауіпсіз орта құру бойынша ведомствоаралық қызметті үйлестіру және жүйелеу, біріктіру. Әрбір іс-шараның іске асырылу тиімділігін бағалау үшін кешенді жоспарда жеті негізгі көрсеткіш көзделген. Осы көрсеткіштерге сәйкес, біз жоспардың іске асырылуына баға беріп отыратын боламыз. Жоспардың өзі айтып отырғандай жоспар кешенді, яғни, 15 орталық мемлекеттік және 20 жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жауапкершілігін айқындайды. Жалпы, үлестің негізгі бөлігі Оқу-ағарту министрлігіне жүктелген. Қабылдау мерзімі 2023 жылдың қыркүйегіне белгіленген. Қазіргі күні жобаның алғашқы нұсқасы ашық талқылауға шығарылды. Қоғамдық пікірді ескере отырып, бірқатар өзгеріс  енгізіп үлгердік», – деді Оқу-ағарту вице-министрі.

Кешенді жоспардың жобасы төрт бөлімнен тұрады:

1.Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау;

2.Балалар арасындағы суицидтің алдын алу, аутоагрессивті мінез-құлықты түзету;

3. Қазақстандық балалардың әл-ауқат деңгейін арттыру;

4. Балаларға арналған ақпараттық кеңістікті өзгерту, өзектендіру.

«Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны 2022 жылдың қорытындысы бойынша 13%-ға өскен. Зорлық-зомбылықтардың салдары кәмелетке толмағандардың құқықтарының өрескел бұзылуына әкеп соқтырады. Бұл алаңдататын жағдай. Осыған байланысты министрлік әзірлеген жоспар аясында әрбір білім ұйымында «Зорлық-зомбылықтың алдын алу және азайту» негізінде бағдарлама енгізу жоспарланып отыр. Айта кету керек, бұрын мұндай тәсіл қолданылған жоқ. Бүгінде  балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық нысандарының бірыңғай есебін жүргізу қажеттілігі туындап отыр», – деді вице-министр Еділ Оспанов.

Оқу-ағарту вице-министрінің баяндамасынан соң жиынның өзге қатысушылары кешенді жоспардың ұсынылған жоспарына қатысты сұрақтарын қойып, өзіндік пікірлерін білдірді.