Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов "АMANAT" партиясының мәслихат депутаттарының республикалық форумына қатысқанын жазды.
Форумдағы ұсыныс-пікірлер міндетті түрде қаралады – Асхат Оралов
1,239
оқылды

Ауқымды іс-шара елордалық конгресс-орталықта өтті және оған еліміздің өңірлерінен барлық деңгейдегі мәслихаттардың 2 500  депутаты жиналды.

"Форум аясында мәдениет, спорт және туризм мәселелеріне арналған отырыс өткіздім. Алдымен біздің министрліктің жүргізген жұмысы мен қол жеткізілген соңғы нәтижелер туралы айтып бердім. Мысалы, кемінде 20 жылдық еңбек өтілі бар балет, би ансамбльдері мен мемлекеттік цирк әртістеріне, сондай-ақ үрмелі оркестр музыканттарына ай сайынғы әлеуметтік көмек туралы және спортшыларды дайындықтың келесі кезеңіне бергені үшін жаттықтырушы-оқытушыларды ынталандыру жобасы жайлы түсіндірдім.

Баяндамадан кейін қонақтардың сұрақтарына жауап бердім, ұсыныстарын тыңдадым. Ұсыныс-пікір көп болды. Депутаттардың, әсіресе жастардың тарапынан мәдениет, спорт және туризм саласына үлкен қызығушылық және белсенділігін көріп қуандым. Тақырыптардың ауқымы өте кең болды. Өңірлік деңгейдегі, республикалық ауқымдағы да мәселелер көтерілді", – деп жазған министр.

Мысалы, Маңғыстау облысындағы қорықтарға бақылаушылар даярлау, «қара археологияға» қарсы күрес, қуыршақ театрларын дамыту, параспортшыларға сапалы арбалар сатып алу, шалғай өңірлер мен ауылдарда мәдениет үйлерін салу, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау, жас спортшыларға арналған мектеп-интернаттар салу, заңнамалық деңгейде мәдени қызметкер мәртебесін бекіту, Қарағанды қаласында жаңа концерт залын салу, ауыл жастары үшін шығармашылық конкурстар ұйымдастыру, қазақстандық фильмдердің шетелдік кинофестивальдерге қатысуы үшін жағдай жасау және тағы басқа тақырыптарға қатысты ұсыныстар айтылған.

"Осы мәселелер мен ұсыныстардың барлығын министрлік міндетті түрде қарайтын болады. Әрине, бар проблемаларды шешу үшін жергілікті мәслихаттармен бірлесіп өзара іс-қимыл жасауға үміттіміз. Қорытындылай келе, мұндай кездесулер аймақтарда не болып жатқанын білуге, көптеген өткір мәселелерді талқылауға тамаша мүмкіндік екенін айтқым келеді. "АMANAT" партиясы мәслихаттардағы депутаттарының бірінші форумы бұған көз жеткізуге мүмкіндік берді", – делінген Асхат Ораловтың жазбасында.