Өскеменде құрбысын соққыға жыққан оқушыларға сот үкімі шықты.
«Анасы лауазымы жоғары қызмет атқарған» – құрбысын тепкілеген оқушы қыздар сотталды
22,488
оқылды

Екі қыз алдағы үш жылын темір торда өткізсе, тағы біреуі бір жылға сотталды. Кәмелетке толмаған қыздарға «алдын ала сөз байласып, бұзақылық жасау», «күш қолданып, ақша бопсалау» баптарымен айып тағылған. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

ШҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты: «Сот істің мәнжайын және күдікті тараптың жеке басын, жәбірленушілердің пікірін, құқыққа қайшы әрекеттердің сипатын ескере отырып, А. және Т. есімді күдіктілерге  ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша бір жыл бас бостандығын шектеу, ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармақтары бойынша үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Түпкілікті жаза ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес үш жылға бас бостандығынан айыру. О. есімді күдіктіні бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды», – деп хабарлады. 

Судья жәбірленуші тарапқа 9 миллион көлемінде моральдық шығын өтелгенін мәлімдеді. Тергеудің мәліметінше, наурызда екі жасөспірім қыз құрбысын Өскемендегі «АДК-Ривер» сауда үйінің дәретханасында оңдырмай сабап, шешінуге дейін мәжбүрлеген. 

Тағы бір оқушы бұл сорақылықты телефонына түсіріп тұрған. Екінші күні қағынған қыздар таяқ жеген аруды тағы тепкілеп, видеоны интернетке саламыз деп бопсалаған. Ал жәбір көрген студент ауруханадан бір-ақ шықты. Көп ұзамай қыздардың төбелесі әлеуметтік желіде тарап, қоғам нарызылығын туғызды. 

Содан кейін ғана іске полиция араласты. Сотталушылардың бірінің анасы білім беру саласында басшылық қызметте істеген. Қызының масқара әрекетінен кейін ол өз еркімен қызметінен кетті.