Ақтөбеде төрт жасар баласын өлтірді деген күдікке ілінген әке сот алдында жауап беріп жатыр.
Ұлын ұрып өлтіріп, көмуге жұмысшы жалдаған
1,356
оқылды

Бүгін прокурор жұрттың жағасын ұстатқан қанды оқиғаның жай-жапсарын баяндады. Бұл Aikyn.kz "КТК"  арнасына сілтеме жасап хабарлайды.   

Тергеу мәліметінше, 41 жастағы Артур Ахунов ұлын үйінде ұрып өлтіріп, мәйітті көму үшін арнайы техника мен жұмысшы жалдапты. Жантүршігерлік оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Сол кезде қатыгез әке қылмысын жасыру мақсатында ұлына өтірік іздеу салып, полицияға арыз жазған. 

Сотта прокурор 41 жастағы Артур Ахуновтың қанды қылмысқа қалай барғанын егжей-тегжейлі баяндап берді. Тергеуде айыпталушы ауырып мазасызданған 4 жасар ұлының еркелігін көтере алмағаны анықталды. Сөйтіп, кішкентай Данилді ұрып өлтіріпті. 

Мемлекеттік айыптаушы Саламат Амандықов: «Суық өтіп, сырқаттанып қалған бала мазасызданып жылай берген. Сосын бауыры мен әпкесіне барғысы келетінін айтқан. Оны көтере алмаған әкесі агрессия көрсетіп, Данилге дауыс көтереді. Сосын қатты затпен басынан, бетінен және ішінен ұрады. Ауыр соққыдан жерге құлап түскен бала есін жоғалтып, оқиға орнында көз жұмған», – деді. 

Данил үшемнің бірі. Қалған екі сыңары қылмыс күні әжесінің үйінде жүріпті. Былтыр желтоқсанда қатыгез әке балам жоғалды деп полицияға арыз жазады. Тіпті, еріктілермен бірге баланы іздеді. Бірнеше күннен кейін тәртіп сақшылары төрт жасар бүлдіршіннің мәйітін тапқан. Мемлекеттік айыптаушы өлген баланың денесін Артур Ахунов шімірікпестен үйінің жанында көміп тастағанын айтты. Тіпті, жерді қазу үшін арнайы техника мен жұмысшы жалдапты.   

Мемлекеттік айыптаушы Саламат Амандықов: «Данил Ахуновтың денесін екі қабатты үйге 100 метр қашықтықта көміп тастаған. Жерді екі метр тереңдікте қазған. Ол үшін эксковатор мен жұмысшыны 20 мың теңгеге жалдаған. Оларға құрылыс материалдарын қоқысқа тастау керек деп айтқан. Қылмысын жасыру мақсатында осындай қадамға барды. Балам жоғалды деп бес күннен кейін хабарлаған», – деді. 

Ахуновқа «жас баланы өлтіру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Оған 20 жылға дейін немесе өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ айыпталушының өзі тергеуге көңілі толмайтынын айтып, кінәсін мойындаған жоқ.   

Айыпталушы Артур Ахунов: «Тергеуші бірқатар заңбұзушылықтарға барып отыр. Мен тағылған айыппен келіспеймін. Ол маған келемін деп өтірік айтты. Осы уақытқа дейін келген жоқ. Мен сот болатынын бүгін ғана білдім. Бұл қалай сонда?», – деді.

Ахуновтың қылмысқа дейін де талай рет үшемді ұрып-соққанын айтты прокурор. Жиі таяқ жейтінін балалардың өзі тәрбиешілерге бірнеше рет айтыпты. Бұл жағдайдан инспекторлар да  хабардар болған көрінеді. Бірақ не үшін дер кезінде шара қолданылмағаны белгісіз. 

Қалалық білім бөлімінің мамандары сотқа жәбірленуші тарап ретінде қатысып жатыр.

Фото: сюжеттен скриншот