Сыр өңірінде жаз басталса Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қаупі күшейеді.
Қызылордада кене үш адамның өмірін жалмады
1,096
оқылды

Тиісті орындар кенеден келетін кеселмен күрес шаралары ойдағыдай жүргізілуде деп  ауыз толтырып айтқанымен, нәтиже көңіл көншітпейді. Есесіне биыл облыс аумағында  қолайсыз деп танылған 106 елді мекен анықталып, 3 адам осы кеселден көз жұмды. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте жария болды.

Жалпы, кенеден жұғатын кеселден қызылордалықтар жыл сайын зардап шегіп келеді. Жауапты орындардың мәлімдеуінше, әр науқан сайын зиянкестің қаупін сейілту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бірақ оң көрсеткіш жоқ.

Сандарды сөйлетсек, 2021 жылы облыс аумағында осыған қатысты 238 жағдай тіркеліп, 113 ауыл қауіпті аймақ санатына енгізілген. Ал өткен жылы 600-дің үстінде дерек тіркеліп, 116 қолайсыз елді мекен анықталған. Нәтижесінде, 4 адам қауіпті індеттен көз жұмған болатын.

«Жыл сайын облыстық бюджет есебінен кенеге қарсы күрес шараларына тиісті қаражат бөлініп келеді. Жұмыстар жоспарға сәйкес орындалуда. Соның негізінде қолайсыз елді мекендердегі тұрғын үй аумақтары мен мал қораларына кенеге қарсы «Креолин Х» ерітіндісі қолданылуда. Нәтижесінде, облыс бойынша көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының орташа тиімділік көрсеткіші 97,2 пайызды құрады», – деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Бауыржан Садықов. 

Өткен жылы үлкен қасіретке соқтырған қауіпті індеттің қарқыны биыл да осал емес. Жаздың ортасына жетпей 3 адамның өмірін жалмаған індетпен күресті күшейту қажеттілігі өздігінен сұранып тұр. Осыған орай, жауапты сала мамандары тұрғындарды барынша сақ болуға және үй аумақтарын жиі тазалап тұруға үндеп отыр. 

Жалпы, Сыр өңірі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Сол себепті қала және барлық ауданда кенеге қарсы көктемгі жұмыстар 2 кезеңмен жүргізілуде. 

Негізінен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы өте қауіпті аурулардың санатына кіреді. Індетті жұқтырған адамның алғашында басы айналады, жүрегі айниды, дене температурасы көтеріледі. Сондай-ақ әлсіздік пайда болып, іші ауырады. Егер адам өзінен осындай белгілерді байқаса міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі керек. Бұған қоса, жаз мезгілінде табиғат аясына шыққанда сақтанып, үй аумағында тазалық жұмыстарын жиі жүргізіп тұрған абзал. Бұл жайында   облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мәлімдеп отыр.

Ал Қызылорда облыстық Ветеринария басқармасы тарапынан қауіпті кеселді тасымалдаушы жәндіктерді залалсыздандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын алға тартады. 

«Биыл залалсыздандыру жұмыстарына жұмсалатын препараттар көлемін жоспарға сәйкес алдыртып, кезең-кезеңімен аудандарға жөнелтіп жатырмыз. Жалпы, қолайсыз елді мекендерде 556 мың мал басы бар. Оның 117 мың мал басына арнайы препараттар егіліп, қауіпті ауруға қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауру ошақтары анықталған елді мекендер қатаң бақылануда, – деп түсіндірді бұл жайында облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов. 

Өз кезегінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының  орынбасары Жангелді Шайымбетов бүгінде өңірде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 29 науқас тіркелгенін жеткізді.  Оның ішінде 10 жағдай нақтыланып, 3-еуі қайғылы жағдайға соқтырған. Соған орай қолайсыз деп танылған елді мекендермен қатар, басқа аумақтарда да қауіпті аурудың алдын алу шаралары тұрақты жолға қойылғанын жеткізді. 

Қалай дегенде де қызылордалық жамағатты кенеден келетін қауіп қатты алаңдатуда. Соған орай жергілікті жұртшылық қауіптің алдын алу шаралары санмен емес, сапамен бағаланса деп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы