Өз қанынан жеріп, туған баласын тағдырдың талқысына салып кете беретін ата-аналар көбейді.
Әлекке салған алимент
910
оқылды

Ұрпақ ал­дындағы аманатты аттап, ар-ұятты ұмыт қалдырғандарға қазіргінің заңы да қауқарсыз болып отыр. Өкінішке қарай, бүгінгінің безбүйрек әкелері мен жауапкершіліктен жұрдай ана­лары баланың ақысын бермеу үшін сан түрлі айла табудан амал қалдыр­майды. Тіпті, қашқын ата-аналарды жауапкершілікке тартқызып, түрмеге тоғытатын соңғы түзетулердің өзі де оларды жүгендей алмай келеді.

Соңғы жылдары елімізде «қашқын» ата-ананың қарызы 14 миллиард теңгеге жеткен. Айталық, қазір 16 мың қазақстандықтың елден шығуына тыйым салынып, екі мыңнан астам адам іздеуде жүр. Олардың қатарында әйелдер де бар. Бірі перзенті алдындағы борышын өтемеу үшін жалақысын жасырса, енді бірі баласынан бас тартып, жауапкер­шіліктен жалтарады.

Қашқын «әке» жеткізбей жүр

Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 80 мыңнан астам алимент алушы бар. Оның көпшілігі – әйелдер. Бүгінде осы жалғызбасты аналар әр есікті жағалап, алимент өндіре алмай, аяқтан тау­сылуға мәжбүр. Соның өзінде баласы ал­дын­дағы берешекті міндетсінетіндер көбейген. Осыдан он жыл бұрын күйеуімен заңды түрде ажырасқан астаналық тұрғын Әлия Сүлейменова баланың қаржылық шы­ғындарын өзі жауып келеді. Себебі  бұрынғы күйеуі баласы алдындағы қарызды өз ер­кімен бергісі жоқ.

Астана қаласының тұрғыны Ұлбосын да – ұлының әкесінен жылдар бойы алимент өндірте алмай сандалғандардың бірі.

«Шыны керек, бұрынғы күйеуімді 2014 жылдан 2021 жылға дейін алимент өндіріп алу үшін қудалаймын деп шаршадым. Қы­зықтың көкесі сол, шаруашылық қожайыны қайын атам күйеуімнің жағдайы жоқ екенін, алатын жалақысы мардымсыз екенін айтып қол қойған қағазын ұсынған.  Ол жерде бұрынғы күйеуімнің шаруашылықта қара­пайым малшы болып істейтінін және ай­лығы қыста 30 мың, жазда 50 мың деп ұял­май жазып берген. Шаруашылық иесі – ұлымның атасы қағаздың астына қол қойып­ты. 2021 жылға дейін өз еркімен бірде-бір рет алимент төлеген емес. Негізі тұрғылықты жердегі сот орындаушылары бұрынғы күйеуімнің тұрмыс жағдайы жақсы екенін біледі. Соның өзінде сот орындаушы­ларын соңынан жүгіртіп жүріп, құжатта көрсетілген ең аз жалақы негізінде есептеп, 5000 теңгені жүз бөліп беріп келді. Артынан жүгіріп шаршағандықтан, 2021 жылы алимент өндіруден өз еркіммен бас тарттым. Заң әлсіз болған соң оның қулығына құрық байлау мүмкін болмай кетті», – дейді ол.

Айтуынша, осы жылдардың ішінде жергілікті жердің әкімдігіне де жағдайды айтып, сот табалдырығын да сан тоздырған. Бірақ сот шешімін орындатуға келгенде жеке сот орындаушылары енжарлық таны­тады екен. Өйткені сот орындаушылары өз жерлестері болғандықтан, түбіне дейін жеткізбейтінін айтқан Ұлбосын: «Қарызды уақытында қайтармауының себебін бұрынғы күйеуім «алимент төлейтінімді білмей қа­лып­пын» деп түсіндірген. Кейін «қарапайым малшымын, жағдайым жоқ» деп өз қолымен түсініктеме жазыпты» деп отыр. Сол үшін де алимент өндірудің әлегін бір кісідей білетін Ұлбосын қазір баласының жалғыз асырау­шысы өзі болып отыр.

Ал алматылық Мерекенің бұрынғы күйеуі 16 жыл бойы туған қызына бір тиын да бермеген. Алимент өндірту үшін ол да әкімдік пен соттың есігін күзетіп, сот орын­даушыларының соңынан қуып шаршапты.

«Қызым жасқа толмай жатып алимент өндірту туралы талап-арызымды сот қана­ғат­тандырғанымен, шешімді орындату мүм­кін болмады. Осы уақытқа дейін бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Құзырлы орындардың соңынан жүгіріп жүргенде жүйкем де жұқарып,  қалтам да тесілді», – дейді ол.

Баласының алдындағы борышын өтеу­ден жалтарған қашқын «әке» әлі күнге дейін жалақысын жасырып, өзін жұмыссыз ре­тінде көрсетіп келеді екен.

Алиментпен ешкім айналысқысы жоқ

Бүгінде сот орындаушыларының өндірісінде 305 мыңға жуық атқарушылық құжат жатыр. Өңірлер бөлінісіне салсақ, Астана мен Алматыда борышкер көп. Әділет министрлігі басқармасының бас сарапшысы Мәдина Мұхашеваның айтуынша, сот орындаушылары қолдан келгендерін аянып қалмайды. Олар заңға сәйкес, барлық құжат­тарды қарап, қажет болса мемлекеттік кірістер органдарымен бірге жұмыс істейді. Яғни борышкердің барлық салық аударым­дарын көтеріп, басынан аяғына дейін толық тексеретін көрінеді. Алайда адвокаттар алимент төлеушілер төлем мөлшерін азайту үшін нақты кірістерін әдейі төмендететін кездер жиі кездеседі екен. Мәселен, кей­біреу­лер заңдағы олқылықтарды айналып өтіп, борышын өтемеудің әртүрлі тәсілдерін қолдануға құмар. Мүлік пен бизнесті басқа адамдарның атына қайта жаздырып, жалақысы төмен жұмысқа орналасқанын айтып ақталып жатады.

Адвокат Илья Луневтің сөзінше, көбінесе сот орындаушылары алиментпен айналысқысы келмейді.  Өйткені алимент туралы атқарушылық іс жүргізу мемлекеттен төленеді және аз мөлшерде бөлінеді. Сондықтан сот орындаушылары мардымсыз тиын-тебен үшін табаннан таусылып, борышкердің соңынан қууға құлшыныс танытқысы келмейді. Оның орнына осы уақыт ішінде сот орындаушысы қомақты соманы өндіріп алу туралы сот актісін орын­дап, банк пен заңды тұлғалардың миллион­даған, тіпті миллиардтаған қаражатын қай­тартып, үлкен табысқа қол жеткізе алатынын жақсы біледі.

Сондай-ақ заңгер қолданыстағы заң тіпті жұмыссыздарға алимент төлеуге міндеттейтінін айтып отыр. Бұл бойынша борышкер қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті мүмкін болмаса екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған сәйкес, борышкерге қылмыстық іс қозғату үшін үш ай алимент өтемей жүргені туралы құжат болса жеткілікті.


Ажыраспаса да алимент өндіруге құқылы

Былтыр ғана соттар жүзден астам қазақ­стандықты қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Бұл туралы жуырда Астана қаласы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Саламат Әділбекұлы жеткізіпті. Оның сөзінше, егер борышкер бір жыл бұрын айына 500 мың теңге табыс таба тұрып, бірақ табысы туралы анықтамасында 70 мың теңге алатынын көрсетсе, күмән тудырады. Бұдан кейін сот орындаушылары  борышкердің мәліметтерін тексеруге бастамашы болуға құқылы. «Біз шоттарды тексереміз, шығыстарға қарай­мыз. Егер алимент төлеуші тұрғын үйді жалға алу ақысын төлей алатын мүмкіндігі болса, несиесін өтесе, күніне 10-20 мың теңге жұмсаса, демек ол өзінің нақты табысын жасырады деген күдік туындайды. Мұндай жағдайда біз ақпарат жинаймыз және ұсынысты ішкі істер органдарына жібереміз. Жеткілікті негіздер болған жағдайда оған қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Ажырасқаннан кейін ғана алимент алуға өтініш беруге болмайды, егер ерлі-зайыптылардың бірі баланы асырағысы келмесе, екіншісі төлемдерді, тіпті некеде болса да, рәсімдей алады. Бұл заңда көз­делген», – дейді ол.

Заңға сәйкес, егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алиментті төлеу тәртібі және мөлшері туралы келісім қарас­тырылса, онда іс-жүзінде төлем келі­сімге сай келуі керек. Алайда ата-ананың бірі алимент төлеуден бас тартса, онда ол ата-ана құқығы­нан айырылады. Бірақ бұл алимент төлеуден босатылады деген сөз емес. Алимент төлеме­ген қашқын ата-ана­ның үстінен ары қарай қылмыстық жауап­кершілік қарастырылып, жеке шоттары бұғатталуы мүмкін. Сол үшін заңгерлер алимент уақытында төленбесе сотқа және сот орындаушыларына шағым­дану керек­тігін алға тартады. Ал алимент өндіруге құ­лықсыздық танытқан жағдайда сот орын­даушысын ауыстыруға болады екен. Бұл ғана емес, сот орындаушысының қалай жұмыс істеп отырғанын тексеру үшін өтініш тол­тырып, әрбір атқарған жұмыстарын элек­трондық почта арқылы  бақылауға да мүм­кіндік берілген. Егер бұл өтінішке 3 рет әрекетсіздік танытса, арызданушы сот арқылы сот орындаушының лицензиясынан айыруға рұқсат етілген.  

Біздегі заңда арызданушының мүддесі бірінші орынға қойылған. Алайда әлгінде айтылғандай, борышкерлерге баптардың өзін айналып өтетін мүмкіндік те молынан қарастырылған. Оның үстіне, бір балаға ең төменгі алимент мөлшері – 20 мыңға да жетпейтін қаражат. Бұл қымбатшылық қос бүйірден қысқан қазіргі нарықтың зама­нында баланың ішер асына да жетпейді. Сондықтан аналар алимент өндірем деп әлекке түсіп, екі есе шығындалғанша, бала­сының жалғыз асыраушысы болуға амалсыздан бел буады...

 

Жадыра МҮСІЛІМ